ІІ Халықаралық дәстүрлі музыка фестиваль-конкурсы өтеді

ІІ Халықаралық дәстүрлі музыка фестиваль-конкурсы өтеді
Фото: youtube.com

23-26 қыркүйекте Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласы мәдениет басқармасы және «Алматы әуендері» концерттік ұжымы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ғасырлар сазы» атты фольклорлы-этнографиялық ансамбльдердің ІІ Халықаралық дәстүрлі музыка фестиваль-конкурсын ұйымдастырады.

Бұл музыка фестивалінің мақсаты – халқымыздың дәстүрлі музыкалық мұрасын көпшілік қауымға насихаттау, дәстүрлі өнерге бет бұрған өнер иелерін ынталандырып, құрмет көрсету, қазақ этно-музыкасы классикалық өнер екендігін дәйектеу, жастарды сирек ұшырасатын музыкалық аспаптармен таныстыру арқылы ұлттық рухани құндылықтарды қастерлеуге, құрмет тұтуға тәрбиелеу, оларды рухани мәдениеттің нәрімен сусындату, қазақтың дәстүрлі музыкасы арқылы әлемдік өркениетке қосқан үлесін кеңінен насихаттау. Фестивальге Қазақстанның барлық облыстары және түркі тілдес елдерінің этно-фольклорлық ансамбльдері, дәстүрлі әншілер, күйшілер, музыка зерттеушілері шақырылды. Қазылар алқасының құрамына көрнекті өнер қайраткерлері, танымал тұлғалар, белгілі музыканттар бар.

Дәстүрлі өнер додасында қатысушылар фольклорлы-этнографиялық ансамбльдердің сүйемелдеуімен күйлер тартып, көне аспаптарда жеке шығармалар, ән мен термелер, өзге жанрдағы (классикалық, джаз ырғағындағы) шығармалар орындайды. Жеңімпаз этно-фольклорлық ансамбльдерге лауреат атағы беріледі, Ахмет Жұбанов, Болат Сарыбаев атындағы және Алматы қаласы әкімдігінің арнайы дайындаған дипломдармен, ақшалай сыйлықтарымен марапатталады.

Фестиваль Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясында 23-26 қыркүйек күндері аралығында өтеді. Фестивальдің бағдарламасы:

- 23 қыркүйек сағат 10.00-де - Баспасөз конференциясы.
- 23 қыркүйек сағат 19.00 – Фестивальдің ашылу салтанаты.
- 24 қыркүйек сағат 09.00 – 20.00 – Қатысушылардың концерттік бағдарламалары.
- 25 қыркүйек сағат 19.00- Лауреаттардың Гала-концерті.

Ф. Абилова