Патша тағын театрға ұсынамын - Күнсұлу Тұрғынбекқызы

Патша тағын театрға ұсынамын - Күнсұлу Тұрғынбекқызы
Фото: www.youtube.com

«Аққайыңдар әлемінің аппақ қызы», 90 жылдық тарихы бар қарашаңырақ М.Әуезов театрының мақпалдай қоңыр үнді актрисасы – Күнсұлу Тұрғынбекқызы. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, жастайынан өнерге жаны құмар К.Шаяхметова – театр, кино, телебағдарламаларда жұлдызы жарқырап, бір бойында бірнеше өнердің жүгін арқалаған жүргізуші, диктор, сонымен қатар қазақ дубляжының майталманы. Қазақ сахнасының саңлағы Бикен Римовадан бата алып, Әкемтеатрда тұсауы кесілген актриса өмірдегі, өнердегі сырымен бөлісті.

– Алғашқы ұстазыңыз Күләш Рахметова туралы айтып берсеңіз. Өнер жолына түсуіңізге қандай ықпалы болды?

– Лұқман Хәкім: «ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт», – дейді. Менің ұстазым – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің түлегі, жастайынан театр үйірмелеріне қатысып, спектакльдерде ойнаған, өнерге жаны құмар жан – Рахметова Күләш Жетпісбайқызы. Бойымдағы әдебиетке, көркем сөзге, театрға, жалпы табиғатқа деген сүйіспеншілігімді, қиял-көкірегімді оятқан, діниауи көзқарасымның қалыптасуына ықпал еткен бір адам болса, осы – Күләш апайым. Жапырақ бетіне шық түскен, аппақ қар күмістей жылтырап жатқан сәттері бар суреттерді журнал, мұқабалардан алып, аппақ қағазға ерінбей жапсырып, сабаққа әкеліп: «Мынадан нені көріп тұрсыңдар? Бұл неге жылтырап тұр? Қалай ойлайсыңдар?», − деп сұрағанда, бала қиялымызбен фразеологизмдерді кірістіре отырып, бір-бірімізбен жарыса жауап беретінбіз. Ұстазымның «Адал бол! Біреудің ала жібін аттама! Үнемі қабырғаңмен кеңес!» деген тәлімін бойыма сіңіріп, шыншыл болып өстім. Алайда, қазіргі таңда көкірегі ояу, көзі ашық жандар болмаса, шындықты қабылдау тұрмақ, қажет те етпейді. Әділетсіздікті айтамын деп, театрдан жұмыстан қуылған кездерім де болды. Кейде ұстазыма «Дұрыс өмір сүруді үйретпепсің, «әділдік», «әділдік» деп жегенім таяқ қана» деп налитыным бар.

– Бикен Римова апаңыздан бата алып, сыйға тартқан домбырасын көзіңіздің қарашығындай сақтап жүрген боларсыз. Көреген кісі актриса болатыныңызды сезіп қойғанымен шектелмей, «Естайдың Қорланы» спектаклінде өнер жолындағы тұсауыңызды кескен тәрізді…

– Бикен апамның домбырасы төрімде тұр. Ол кісіге сезімдерінің дәнекері ретінде күйеуі Құсайынов Шахмет сыйлапты. Сондықтан бір емес, үш аманаттың жүгін арқалаған қасиетті дүниені сақтап отырмын. Бикен апам бірде мынандай өсиет айтты: «Шашыңды қырықпа; қалпыңды бұзба (бойыңдағы қазақ әйеліне тән қасиеттерден айырылып қалма дегені болар); менің қара домбырамнан айырылма, саған мүжілген сәттерде демеу болады дегені әлі есімде! Өз ойымнан өзім қажып, қиналған сәттерімде, санамды әлдилеп тұратын апамның осы сөздері. Бір күні Талдықорғандағы Б.Римова атындағы облыстық драма театрында мұражай ашылғанын естіп, «домбыраны апарып берейін» деген ой жылт ете қалды, бірақ ілезде: «кішкентайыңа әлдиіңді айтпай жатып, бұның қалай?» деп өзіме өзім тоқтау салдым. Шынымды айтсам, өмірімде үлкен қуаныш болып көрмепті. Тар құрсағын кеңейтіп, дүниеге сәби әкелсе, уілдеген үнін, былдырлаған дауысын естісе, тәй-тәй басқанын көрсе,  әйел адамға бұдан артық бақыт бар ма?! Сондықтан Бикен апамның қара домбырасы менің әлі дүние есігін ашпаған баламның әлдиін айтуыма үлкен септігін тигізеді, шабытымды шақырады деп ойлаймын…

– ҚР еңбек сіңірген қайраткері О.Кенебаев сахналаған Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» реквиемінде Абайдың Керім сұлуы Әйгерім образын қалай аштыңыз? Әріптестеріңіздің көзқарасы, көрерменнің ойы мен сыншылардың пікірі қалай болды?

– Шөлдеп жүрген қазақты сусындататын, жанын рухани байытатын қойылымдардың бірі деп ойлаймын. Спектакль сахналанып, бірнеше жыл жүргеннен кейін Әйгерімнің монологтары қысқартылды. Әйел баласының түсініп болмайтын күрделі табиғатын жалпы автор шебер берген. Мендегі өксік пен өкініш те сол монологтан өз шындығын тапқан еді. Сондықтан да, ең қимас рөлім десем де болады. Әртүрлі пікір болды. «Әйгерім маған ұнамады, қызғаншақ, долы, қазақ әйелі ондай болмаған» деген журналистердің біржақты пікірін де естідім. Асылында оның қандай болғанын көзі көрген кім бар? Әйел біткеннің асылы екеніне шүбәм жоқ, бірақ ол да адам ғой, жаны нәзік жаратылыс! Қызғанбаса – сүймегені демейін, бірақ қанша тырысып, етек-жеңімізді жиып жүргенмен, ашуды ақылға жеңдіргенімізбен біздің де ұрымтал тұстарымыз болып тұрады. Мен жай ғана әйелдік позицияны алып шыққан ем! Иә, келісем, ол – Абайдың Әйгерімі! «Әйгерім образының осылай шыққанын құптаймын, табиғи» деген пікірлер де, оң бағасын алып, батасын беріп жатқан ағаларымыз да болды. Әр актриса өз рөлін сомдаудан бөлек, жаны ашымаса, қорғай алмаса бекер деп ойлаймын. Сол себепті, сыншылар пікіріне де оң көзбен қарауға тырысамын. Бұдан өзге «Мұрагерлер», «Ай тұтылған түн», «Күйеуіңізді сатыңызшы!» спектакльдерінде үлкен еңбекпен келген әжептәуір рөлдерім бар еді, өкінішке орай, олар театр репертуарынан алынып қалды.

– Жабал Ерғалиевтің «Қас қағым» метафизикалық трагедиясында бір беті шұбарланған, дарақы күлкісімен өмір шындығына күле қарайтын полицейдің кейпіне қалай кірдіңіз? Жан дүниеңіз бұл рөлді қабылдай алды ма?

– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жас режиссер Е.Нұрсұлтан мен театр актерлерінің ұтымды тұстары осы спектакльден көрінді. Ал Полицейдің бейнесі тікелей өзім жасап алған рөлім десем, ешкім қарсы пікір білдірмес. Үлкен рөл болмаса да, атқаратын міндеті маңызды кейіпкерімнің бейнесін сахнаға алып шығу маған да, қабылдаушы көрермендерге де ауыр болды. Әр кез сахнаға жанымды шүберекке түйіп шығамын. Қайдан екенін білмеймін, сахнада бойыма бір алып күш бітіп, делебем қозып, Азамат Сатыбалдының бетіне жара салып алған кездерім де болды. Осы сәтті пайдаланып әріптесімнен кешірім сұрағым келеді. Полицейдің пистолетпен шығатын тұстарында, қаруды лақтырып жіберіп, сахна артындағы костюмші апайдың аяғына тиіп жарақат алған жағдайлар да болды. Шынымды айтайын, бұл қайдан келген образ? Үйде сиыр сауып, екі шелек сүтімді алып келе жатқанымда, туған ағамды 12 жерден пышақтап кетті. Бетін тілгенде, спектакльдегі тура менің бетімдегідей тыртық түсті. Жалғызбын. Бала болатынмын. Үсті-басымды қан жуды. Сүйреп алып келіп, еденде жатқан ағамның екі жаққа айырылып жатқан бетінің терісін лейкопластырь де таппай, кәдімгі изолентамен жапсырғаным есімде. Сонда жемқорлықтың атасы мен көкесін көрді отбасымыз. Аудандық деңгейде көтерілген мәселені арсыздар бір қоңыраумен шешті. Шешем – жесір, біз – жетім, енді ғана қалтылдап, аяғымызға тұрып келе жатқан сәт.  Міне, өмірде болған осы жағдайды өнерде, сахнаға алып шықтым.  Полицей де кезінде тазалықты аңсаған, кеудесі ізгілікке, мейірімге толы жан еді. Ол да қатал тағдырдың жанына салған жарасынан екі дүниенің елшісіндей күйге түсті.  Қараған адам қызығатындай-ақ Күнсұлу шығармын, көрген жан жағасын ұстайтындай, шошитындай етіп жасағым келді Полицейдің бейнесін. Жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның, тәтті мен ащының, өтірік пен шындықтың арасы бір-ақ тұтам. Адамның өзгеруі, биіктен төмен құлдырауы оңай, адал жолда болмаса, адасуы тез екенін көрсеткім келді. Сол рөлге қарап отырып көрермен жиіркенсе, жиренсе, дәл осы рөлдегі менің олжалайтын тұсым болмақ.

– «Үлкен рөлдерді сомдауға шөлдеп жүрмін», − деп ағыңыздан жарылыпсыз бір сөзіңізде. Қандай бейнеде театр сахнасына шыққыңыз келеді?

– Менің қатты шөліркеген тұсым, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істеп жүрген кезімдегі рөлсіз өткен 9 жылым еді. Аллаға шүкір, М.Әуезов театрында үлкен рөлдерді сомдап жүрген жайым бар. Классикалық, тарихи рөлдерді ойнағым келеді, мелодрамадан да кетары емеспін. Ғ.Мүсірепов театрында сахналанған «Көгілдір такси» мелодрамасындағы Мариямның бейнесі маған ерекше жақын еді. Жас болмасақ та, әлі де сондай рөлді қиялдаймын, армандаймын. Сүйгім, ғашық болғым келеді. Махаббат, іңкәрлік, тазалыққа толы нәзік, ақырын ғана самал жел тербеткен, жапырақтайын дірілдеп, жүрегімнің дүрсілін естіртетіндей, сыршыл рөлім болғанын қалаймын.

– Театр, кино, дубляж, жүргізуші, диктор, әншілік қабілетіңіз тағы бар. Осылардың ішінде сіз үшін орны бөлек, бүйрегіңіз көбірек бұратын өнер саласы қайсы?

– Патша тағын театрға ұсынамын, уәзірі – дубляж, сенімді досы – кино. Жүргізушілікпен көп айналысамын деп айта алмаймын. Соңғы жүргізгенім – Нұртас Исабаевтің кеші. Жан қалтаңнан шығарып, импровизацияға бара алатындай, аттың басын бос жіберетіндей концерттер болмаса, «келесі тыңдайтындарыңыз…» дегеннен бас тартамын.

– Сыншы – өнер мен көрерменнің арасындағы алтын көпір. Қазіргі театр сыншылары осы мүддеден шыға ма? Өз тарапыңызға айтылған сынға қалай қарайсыз?

– Жалпы сауатты айтылған сынды өз басым хош көремін. Кейбір сыншылар әлеуметтік желіде жеке парақшама мақтауын да, сынын да айтып, жазып жатады. Бәрін қабылдаймын, өйткені барға да, жоққа да өзімді тең ұстап үйренген адаммын. Өмірде еш нәрсенің себепсіз болмайтынын, тегін айтылмайтынын түсіндім. Көтерме саудада подделка, фальшива деген болады ғой, сол сияқты жалған мен шынды айыра алатын жағдайға жеттік қой деп ойлаймын. Сыншының мақтап жазуы шарт емес, десе де, кейде өмірдің өзі тоғыстырып қалам тартқан адам неліктен олай жазғаны жөнінде жалпақ жұртқа жариялап айта алмайтын жағдайлар да болады. Кейде іштей күрсініп, өмірдің өзі-ақ ақтап алар, ізім қалса артымда деп жылы жауып қоятын сәттерім көп… Көрерменім де, іздеушім де көп… Шүкір! Шымкент, Қарағанды т.б. алыс-жақын облыстардан «сіз ойнайтын спектакль қашан болады?» деп хабарласып тұрады. Сыншылардың «біз көрерменнің деңгейіне түсіп кетпеуіміз керек» дегенін көп естимін. Алайда, бұл жаңсақ пікір деген ойдамын. «Әр қазақ – жалғызым» демекші, мен үшін әр көрермен – қымбат. Сыншылар кейде дұрыс, кейде бұрыс қабылдайды. «Қас қағым» метафизикалық трагедиясындағы полицейді шетелден келген сыншылар: «түсініксіз», − деді. Бірақ мен өткен дүниеден олар өткен жоқ қой. Бәлкім мен оны түсініксіз тілде жеткізіп жатқан шығармын. Кейде өздері көрерменнің деңгейіне түспеу керек деп айтады, ал мен сыншыны да патша көңілді көрерменнің бірі деп айтқым келеді ендеше! Бір спектакльді бірнеше қайталап көріп, актердің өсу деңгейін бақылап келіп айтқан бір сыншы болмады өз басымда. Бұл бас – не көрмеген бас! Көрер көзге нәзік, ерке көрінгеніммен, менің де әділетсіз тұстарда ақтүтек боранға айналатыным бар. Өнерде дүре соғылмаған жерім қалмаған болар, үйреніп қалғанмын. Соқса, тағы бір рет соғар!

– Бір сұхбатыңыздан: «Жас ұрпақты қазақы сөз өнеріне баулу мақсатында мектеп ашсам» деген ойыңыздың ұшқынын байқадық. Сол мақсатыңызды жүзеге асыра алдыңыз ба?

– Жоқ. Қазіргі уақытта экономикалық жағдай бүйректің бұлпылдап тұрған ұрымтал тұсы болғандықтан, халық әліптің артын бағайық деп отыр ғой. Алайда,  көп ата-анадан: «мектеп ашуға керекті жағдайыңызды жасайық, балаларымызбен қауышып тұрыңыз», –  деген  ұсыныстар келіп түсті. Өзім тәрбиелеп жүрген балалармен кино кастингтің, бағдарламалардың алдында кездесіп, бағыт-бағдар беретінім бар. Дегенмен, уақытым өте тапшы болғандықтан, оларға жағдайымды түсіндірдім.  Демалысымда үйдегі келін мен кішкентайға көңіл бөлгім, отбасылық бақытқа қарайлағым келеді. Осы себептерге орай, бұл жоспар болашақтың еншісінде.

– Болашақта қандай жоспарыңыз бар? Патша көңілді көрерменді қандай рөлдермен қуантпақсыз?

– Көрермендеріме, оқырмандарыма қуанышты жаңалығым, қазақ әдебиеті алыптарының шығармаларын шөліңізді қандыра отырып тыңдайтындай мүмкіндік туды.  Өткен жарты жылда көркем сөз оқуда алдына жан салдырмай келе жатқан шеберлердің дыбыстауымен дайындалған аудио кітап ғаламторға ұсынылып жатыр.  Сонымен қатар, премьерасы күз айына белгіленген «Адель» деген киноға мамыр айында түстім. Қазір «Арманыма жетемін» («Навстречу мечте») деген орыс тіліндегі телехикаяның түсірілімі болып жатыр, оны да экраннан көріп қаларсыздар. Жоспарым – өнердің қай саласы болса да, патша көңілді көрермен үшін қажымай, талмай қызмет ету! Мен сіздерді жақсы көрем!

Сұхбаттасқан: Мөлдір Бекжан

Қ. Бүйенбай