Жак Аттали: «Музыка – табыс көзі емес»

Жак Аттали: «Музыка – табыс көзі емес»
Фото: Астана Опера

Жак Аттали дүниежүзіне Лондондағы Еуропалық Қайта құру және Даму Банкінің (ЕҚДБ) негізін қалаушы әрі бірінші президенті, әлем зияткерлерінің үздіктері қатарына жататын адам, жазушы, экономист, Франция Республикасының бұрынғы президентінің арнайы кеңесшісі ретінде танымал. Ол «Эврика» атты жаңа технологияларды дамыту жөніндегі ірі еуропалық бағдарламаны құрды, бағдарлама жетістіктерінің қатарында – MP3. Ал соңғы он жылдан бері оның есімі әлемнің үздік театрларының афишасынан түспейді, ол – дирижер.

Қазақстанда тұңғыш рет Жак Аттали 23 мамырда «Астана Опера» сахнасында дирижерлық тізгінді ұстады. Концерт жоғары табыспен өтті, тыңдарман дирижерді және «Астана Опера» симфониялық оркестрін, сондай-ақ әйгілі музыканттардың жеке орындауын жылы қарсы алды, олар – халықаралық конкурстардың лауреаты, Президенттік «Болашақ» бағдарламасының стипендия иегері, «Жаңа есімдер» (Буэнос-Айрес, 2015 ж.), Корольдіктің Филармониялық Музыкалық Қауымдастығының жоғары марапат иегері, Жамбыл ат. Қазақтың Мемлекеттік Филармониясының солисі, Лондондағы қазіргі музыка оркестрінің солисі әрі концертмейстері Ғалия Бейсенғалиева, сондай-ақ Жамбыл ат. Қазақтың Мемлекеттік Филармониясының солисі, белгілі виолончельші Ермек Құрманаев. Жақында жұлдызы жанған жас дарын иесі – Astana Piano Passion-2014 бірінші жүлдесінің иегері, пианиношы Санжарәли Көпбаев көрерменнің сүйіктісі болды.

Жак Атталидің астаналық театрға, «Астана Опера» симфониялық оркестріне берген бағасы қандай және басқа да ойлары жайында сұхбатта толығырақ.

«Музыкант – бірінші кезекте тұлға»

- Майя Плисецкая бір сұхбатында балеттік спектакльдің дирижері жайлы былай дейді: «Егер дирижер сені жақсы көрмесе, бітті – балерина құрыды!». Балеттік спектакльдерге жиі дирижерлық етесіз бе, олардың ерекшелігі неде?

– Мен балетке ешқашан дирижерлық еткен емеспін, мен операларда дирижер болдым, әйтсе де, оның пайымдауы дұрыс. Бұл опералық спектакльге, әсіресе әншіге де қатысты деп ойлаймын. Мұндай жағдайда не екеуі де ұтылып, барлық еңбек текке кететінін, не екеуі де жеңіске жетіп, табысқа кенелетінін айта кеткім келеді.

- Сіз ең биік концерттік сахналарда дирижерлық етесіз. «Астана Опера» симфониялық оркестрімен репетиция жасадыңыз, елордалық оркестрдің құрамын, кәсіби деңгейін, сапасын қалай бағалар едіңіз?

– Оркестр аса көрнекті екен, ол – үздіктердің бірі деп санаймын. Мен Англияда, Швейцарияда және Францияда, сондай-ақ Израильде дирижерлық еттім, алайда «Астана Опера» оркестрі үздіктердің бірі екені сөзсіз. Бұл менің қазақстандық оркестрмен бірінші рет жұмыс жасауым, мен үшін бұл үлкен құрмет. Опералық театрды көрген кезде қайран қалдым, ол тамаша, оның акустикасы керемет, оркестр таң қалдырды, халықаралық стандартқа толығымен сәйкес келеді. Сіздің еліңізбен алғаш рет 1992 жылы танысқанмын. Ол жайлы көбірек білсем деймін, қазақ әдебиетімен, қазақ мәдениетімен жақын таныссам…

- Әр кезде жаңа ұжымның тілін табу қиынға соға ма?

– Бұл көбіне психологиялық мәселе, мен қашанда өте қарапайым болуға тырысамын, оркестрге олар – кәсіпқой екенін жеткізуге тырысамын, менің де олардан үйренетінім бар екенін білдіремін. Алайда әр жаңа ұжым өзінше ерекше, әйтсе де, мен үшін музыканттар бірінші кезекте – тұлғалар.

- Дирижерлық етуді ерекше ұнататын шығармаларыңыз бар ма?

– Ол әртүрлі жағдайға байланысты, бүгін мен В.А. Моцарттың № 25 симфониясын, 1 бөлімін, Фортепиано мен оркестрге арналған № 23 концертін, A dur, 2 бөлімін, Л. Бетховеннің жетінші симфониясын, Ж. Массненің «Медитациясын», Э. Блохтың «Дұғасын» таңдадым, дегенмен мен ұнататын көптеген дүниелер бар, айталық, мен барокко музыкасын, мессаға, хорға арналған музыканы, джазды жақсы көремін, бірақ джаз музыкасына ешқашан дирижерлық етіп көрген емеспін. Мен жаңа аймақты зерттегенді, өзім үшін жаңа дүние ашқанды ұнатамын. Бүгін мен қазақтың жаңа шығармасымен – Т. Қажығалиевтің «Қыз қуу» күйімен таныстым, өте ұнады.

- Залға арқаңызды беріп тұрғанда көрерменмен байланысты сезесіз бе?

– Маған оркестрмен байланыс қажет, менің бар ойым сонымен байланыста.

- Концерт барысында бір нәрсе дұрыс болмаса, өзіңізге ренжисіз бе, әлде оркестрге ме?

– Егер репетиция кезінде қателік кетсе, кім кінәлі деп қарап тұрмай, олқылықты түзетуге кірісеміз. Ал егер концерт барысында жаңылыссақ, тоқтамай жалғастыра береміз. Біз болмай қалған нәрсеге көңіл аудармай, жұмысымызды жақсы ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.

Жалғасы...

Ф. Абилова