Абай театры Аягөз халқының ризашылығын алды

Абай театры Аягөз халқының ризашылығын алды
Фото: massaget.kz

2015 жыл еліміз үшін тарихи оқиғаға толы ерекше жыл екені белгілі. Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл, Абай Құнанбайұлының туғанына – 170 жыл, фашизмге қарсы соғыстағы Жеңіске – 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымызға – 20 жыл. Тарихи елеулі тақырыптар аясында Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театры 13-17 мамыр аралығында Аягөз қаласында музыкалы-поэтикалық кеш өткізіп қайтты. 

Аталған шараны Аягөздің барлық мектебі тамашалады. Жас ұрпақтың санасына ұлтық рух пен өткен тарихты сіңіру алдыңғы толқын ағалар міндеті екені даусыз. Осы тұста музыкалы-поэтикалық кешті жүргізген Айбек Тілеуханұлы мектеп оқушыларына тарихтан тың деректер келтіріп, аталған тақырыптар аясында келелі ақпарат берді. Абай театрының камералық оркестрі түрлі тақырыпта әуендер ойнады. Мектеп оқушыларына таңсық өнер таңдай қақтырды. Камералық оркестірдің сүйемелдеуімен ҚР мәдениет қайраткері Мырзахан Сыдықов патриоттық тақырыптарда ән шырқады. Театрдың балет труппасы да әр халықтың билерінен тамаша өнер көрсетті. Көп ұлтты мемлекет екенімізді дәріптеп, достық нышанын ту етті. Театр әртісі, әнші Азамат Нұрғамыс Абай Құнанбайұлы әндерінен орындап, құлақ құрышын қандырды. Динара Қабышева, Әсел Асылбекова сынды театрдың жас әртістері де аянып қалған жоқ, әсем әнмен тыңдарман қауымды баурады. Абай театры алыстан ат арытып келген соң, спектакльдерден үзінді ойнады. Күнде қалаға театр өнерпаздары келе бермейтіндіктен, мектеп оқушылары тапжылмай тамашалады. Жас ұрпақ шынайы өнермен сусындап, терең тәрбиемен, этикалық талғаммен бой түзесе, елдің ертеңі де ерен болмақ.

80 жылдық тарихы бар Абай театрының шығармашылық ұжымын Аягөз қаласының көрермендері тік тұрып, қошеметтеп шығарып салды. Музыкалы-поэтикалық кешке мұрындық болған аудан басшысына, оқу бөлімінің басшысына, мектеп директорларына Абай атындағы қазақ музыкалы драма театрының директоры Бауыржан Халықұлы алғысын білдірді. Кешке қатысқан барлық мектеп оқушысына мың алғыс. Шалғайда жатқан аудан, ауыл-аймақты аралау әлі де театр жоспарында бар.

Жолдаған: Мерей Қартов

 Ұқсас жазбалар:

 «Абай» спектаклі 35 жылдан кейін қайта сахналанбақ

 Семейде «Абай» трагедиясы сахналанды

Е. Жұмабайұлы