Грузиялық әртістер қазақ жерінде өнер көрсетеді

Грузиялық әртістер қазақ жерінде өнер көрсетеді
Фото: Астана Опера

29 мамыр күні қонақжай Қазақ елінде танымал грузиялық әртістер өнер көрсетеді. «Астана Опера» театрының Үлкен залында елордалық көрерменді Тбилисидің Мемлекеттік опера және балет театрының жұлдыздары қатысатын бірегей гала-концерт күтіп тұр.

Концерттің «Классикалық Грузия» деп аталуы кездейсоқ емес. Бірінші бөлімде грузиялық солисттер – сопрано Маквала Аспанидзе, меццо-сопрано Тэа Демуришвили, тенор Теймураз Гугушвили, баритон Николоз Лагвилава және бас Леги Имедашвили қазақстандық әріптестері – «Астана Опера» театрының солисттері – ҚР Еңбек сіңірген әртісі сопрано Жаннат Бақтаймен және бас Болат Есімхановпен классикалық шығармалардың ең үздік үлгілерін шырқайды. Ж. Бизенің «Кармені», Дж. Вердидің «Дон Карлос» операсындағы Филипптің «Ella giammai m' amo...» монологы әрі интродукциясы, «Vissi d'arte» – Дж. Пуччинидің «Тоска» операсындағы Тосканың ариясы және басқа да көптеген туындыларды грузиялық вокалисттер өз нұсқаларында паш етеді. Концертте «Астана Опера» оркестрі мен хоры да өнер көрсететеді.

Балет өнерін сүйетін қауымды екінші бөлімде нағыз ғажап көрініс күтіп тұр. Тың, көрнекті, эмоцияға толы бір актылы сюжетсіз «Сагалобели» («Лирикалық әндер») балетін белгілі заманауи хореограф Юрий Посохов Тбилисидің Мемлекеттік опера және балет театры балеттік труппасы үшін арнайы шығарған. Балетке, «Чанги» тобымен грузиндық ішекті аспаптарда орындалатын, грузиндердің халық әндері негіз болған. Балет Иосиф Кечакмадзе, Реваз Лагидзе, Арчил Кереселидзе, Гиоргий Цабадзе мен Мераб Мерабишвилидің музыкаларына қойылған. Аталған кеште дирижерлық тізгінде – Заза Азмаипарашвили. Хореограф спектакльде, грузиндердің халық биіндегі әдемі келген қимылдар мен классикалық хореографияның қағидатын біріктіре отырып, өзінің Грузиядан алған әсерін көрсетуге тырысқан.

Қазақстандықтар үшін бұл шынымен де үлкен мереке, себебі, керемет еңбек жолын Мәскеуде және Батыста құрған КСРО Халық әртісі Нино Ананиашвили қаншама жылдан бері басқарып келе жатқан аты әйгілі Тбилисилік труппаның өнерін тамашалау – бұйыра бермейтін қуаныш. Өзінің асқан шеберлігін ұлы балерина «Сагалобелиде» билейтін солисттер - Екатерина Сурмаваға, Нино Самадашвилиге, Нуца Чекурашвилиге, Лана Мгебришвилиге, Екатерина Ломинадзеге, Екатерина Махачашвилиге, Тамта Бахтадзеге жеткізген. Аталған балетте өнер көрсететін ерлер труппасы: Давид Ананели, Уильям Пратт, Йонен Такано, Рио Като, Филип Федулов, Серджио Наваро, Морис Месхия.

Костюм жөніндегі суретші Анна Калатозишвилидің және жарық жөніндегі суретші Амиран Ананелидің еңбектері, Грузияның Тәуелсіздігі күніне арналған мерекелік концертті одан бетер жарқыратып, көркін аша түседі.

Концерт 19:00-де басталады. Билет бағасы 500 теңгеден жоғары.     

Ф. Абилова