«Астана Операда» польшалық әйгілі пианиношы алғаш рет өнер көрсетеді

«Астана Операда» польшалық әйгілі пианиношы алғаш рет өнер көрсетеді
Фото: irbil.msz.gov.pl

14 мамырда «Астана Опера» театрының камералық залында Польша мен Венгрияның фортепианоға арналған классикалық музыкасынан кеш өтеді. Елордалық театрдың сахнасында польшалық шебер пианиношы Войцех Валечек алғаш рет өнер көрсетеді. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Валечектің шабытқа бөлейтін өнері Еуропа, АҚШ, Канада, Жапония, Аргентина, Иордания, Ресей және басқа елдерде жоғары бағаға ие болды.

Орындау шеберлігінің сан қырын меңгергендігімен белгілі Войцех Валечек фортепианолық өнердің екі түрлі стилін қалай жоғары игергенін паш етеді. Әйгілі пианиношы астаналық тұрғындарды Романтизм дәуірінің екі өкілі – замандастар Ференц Листтің және Фредерик Шопеннің шығармаларын орындап қуантады.

Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Қазақстан халқымен, оның мәдениетімен және тарихымен жақын танысатын күнді асыға күтемін. «Астана Опера» театры жайлы толығырақ білгім келеді, бұл маған өте қызық, оның репертуарымен таныссам, қазақстандық тыңдарманға польшалық және венгрлық композиторлардың туындыларын орындап берсем деймін. Ференц Листтің шығармашылығы жаныма өте жақын және ол тіпті докторлық диссертациямның тақырыбы. Мен оның музыкасына екі альбом жаздым, қазір тағы біреуін дайындап жатырмын. Фредерик Шопеннің музыкасы көпке белгілі, алайда мен оның шығармаларын өзімнің орындауымда көрсеткім келеді, - дейді ойын бөліскен Войцех Валечек.

Кеш бағдарламасында Ф. Листтің Паганини каприсінен үш этюд, Ф. Шопеннің «Тамаша Вариациялары» және үш вальсі, сондай-ақ Ф. Листтің фортепианолық транскрипциясы және Ф. Шопеннің алты польшалық әні ұсынылады.

Войцех Валечек – Нью-Йорктегі Артур Рубинштейн атындағы (АҚШ) жасөспірімдердің халықаралық конкурсы, Парма қаласындағы Ф. Лист ат. (Италия) халықаралық конкурсы, Палермодағы (Италия) пианиношылардың халықаралық конкурсы және басқа көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты. Жеке концерттерімен қатар Варшавадағы польшалық радионың оркестрі, Краковтағы Бетховеннің академиялық оркестрі, Амманның симфониялық оркестрі және басқа да бірқатар камералық ансамбльдермен және симфониялық оркестрлермен өнер көрсетеді.

Концерт Қазақстандағы Польша және Венгрия елшіліктерінің қолдауымен өтеді. Концерт 19:00-де басталады, билет бағасы 1 500 теңге.

Ф. Абилова