Театр кезекті демалыста

Театр кезекті демалыста

Еліміздегі барлық театрлар тағы бір маусымды артқа тастап, кезекті шығармашылық демалысқа шығып, өткен жылды қорытындылады.

Сарыарқа төсінде орналасқан Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры 21-маусым шымылдығын Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоты» трагедиясымен жапқан болатын. Өткен театр маусымы өнер ордасының ұжымы үшін табысты болды. Ел тәуелсіздігі мен өзінің 20 жылдық мерейтойына орай театр «академиялық театр» мәртебесін иеленіп, бес бірдей қойылымның тұсауын кесті. Театр репертуарына Ж.М. Шевре "Ізгілік формуласы", Б.Минору "Әзәзіл", У. Шекспир "Гамлеті", Ф.Оңғарсынова "Даланың күйші Динасы", Ғ.Мүсірепов "Ақан сері - Ақтоқты" қойылымдары енді.

Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 66-маусымын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясымен жапқан болатын. Өткен маусымда театр сахнасында Ш.Айтматов «Теңіз жағалай» жүгірген тарғыл төбет», Нұрғали Ораз «Таудағы түн», Проспер Меримен «Карменсита», Баққожа Мұқай «Шындық детекторы» қойылымдары мен балаларға арналған А.Белозеров «Кірпінің досы» сазды ертегісінің тұсауы кесілді. Сондай-ақ, театр ұжымы Ашхабад қаласында сәуір айында өткен «Қайта өрлеу дәуірі және театр өнері» халықаралық байқауына қатысып, «Теңіз жағалай» жүгірген тарғыл төбет» қойылымын көрсетті. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойының қарсаңында бірқатар театр әртістері «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалімен марапатталды. Театр ұжымы Астана қаласына гастрольдік сапармен барып қайтты.

Ал қара шаңырақ М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік Академиялық драма театры 86-маусымын «Абай» трагедиясымен аяқтады. Өткен маусым аясында театр ұжымы көзі қарақты көрермен назарына Исраил Сапарбай «Қыз мұңы», Серік Асылбекұлы «Империядағы кеш», Д.Кобурн «Жынойнақ», Мұхтар Әуезов «Қилы заман», Иран Ғайып «Мен ішпеген у бар ма?» күрделі қойылымдарды ұсынды. Жыл сайынғы «Театр көктемі» фестивалін ойдағыдай атап өтіп, театр әртістерін марапаттады. Театр ұжымы Жамбыл мен Павлодар облыстарына гастрольдік барып қайтты. Алдағы күндері Орталық Қазақстандағы шағын қалаларды гастрольдік сапармен аралауды жоспарлауда. Сондай-ақ, театр ұжымы келер маусымға дайындық үстінде. Жаңа қойылымдарды саралап, көрермен назарына ұсынбақшы.

Танымал өнер ордалары кезекті маусымды осындай жаңалық-жетістіктермен аяқтады. Ресми демалыспен қатар, алдағы маусыма дайындық жасайтын театр ұжымына сәттілік дей отырып, жаңа маусымда зор табыстарға жетуіне тілектеспіз!

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: afisha.ru, teatr-musrepov.kz, egemen.kz

Ғ. Ұзақ