"Астана Операмен" бірге Уэльс мерекесіне саяхат жасаңыз

"Астана Операмен" бірге Уэльс мерекесіне саяхат жасаңыз

27 ақпанда астаналықтарды «Уэльс және валлис халқының мерекесі» атты гала концерт күтеді. Бұл кеште белгілі британдық композитор Саймон Уилс қоятын «Лланстеффан бридж» пьесасының әлемдік тұсаукесері өтедіБұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлады.

Кеште мерекелік атмосфера сыйлайтындар: ұлыбританиялық «Pres Y Ddraig» үрмелі жез аспаптар квинтеті, Хэйлибэри мектебінің балалар хоры (Астана), дирижері – Джонатан Ричардс, Хэйлибэри Халықаралық қауымының хоры (Астана), сондай-ақ «Астана Опера» театрының арфашысы Любовь Ткаченко және дирижер Росс Кларк басшылық ететін «Астана Операның» ерлер хоры.

Валлис халқы жыл сайын 1 наурызда ұлттық Уэльс Күніне арналған шеру өткізетінін айта кетейік. Шерулерге Валлис полкы корольдігінің сарбаздары, сонымен қатар Уэльстің қарапайым тұрғындары да қатысады. Бүгінде Әулие Дәуіт Күнін атап өту валлис халқының арасында кең етек жайған. Бұл кезде пабтар, клубтар мен басқа да ойын-сауық орындарында түрлі концерттер өтеді.

«Астана Операда» өтетін кеш арфаның сиқырлы үнінен басталады, Уэльсте валлис халқының осы бір ұлттық аспабы кезінде дәстүрлі түрде үйде ойналған екен. «Астана Опера» ерлер хорының орындауында уэльстық композиторлардың және басқа да хорға арналған шығармалар шырқалады. Дирижер Росс Кларк балалар хоры орындайтын өте танымал музыкалық туынды жайлы айтып берді. Қызықты сюжет жер бетіндегі ең ұзақ атауға ие - 58 әріптен тұратын ауыл туралы баяндайды.

Саймон Уилстың «Лланстеффан бридж» атты пьесасының әлемдік тұсаукесері аталған кештің басты жаңалығына айналады. Әйгілі композитор бұл шығарманы Қазақстанда болғаннан кейін жазған екен. Музыкант салт-дәстүрімізбен, халықпен, жалпы елімізбен танысқаннан кейін қайран қалыпты. Ол өзінің пьесасында қазақтың және валлис халқының ұлттық музыкалық сарынын бір арнаға тоғыстыруға тырысты.

Саймон Уилстың жаңа опералық қойылымдары соңғы бес жылда Люцерн, Гамбург және Дюссельдорф сияқты қалаларда сахналанып, оның Үшінші симфониясы Мюнхеннің филармониялық оркестрімен жазылған. 2013 жылы ол Лейпцигтегі музыкалық театрдың атынан Junge Öhren жүлдесін ұтып алды. Көптеген жылдар бойы Лондонның симфониялық оркестрінің мүшесі және Еуропаның Камералық оркестрінің солист-тромбоншысы болды. Ол «Ковент-Гарден» Корольдік опералық театрында, Корольдіктің филармониялық оркестрінде, Би-Би-Си симфониялық оркестрінде, Берлиннің мемлекеттік операсында, Миландағы «Ла Скала» театрында және Нидерландының камералық оркестрінде шақыртылған солист ретінде жиі өнер көрсетті, сонымен қатар ол қазіргі заман музыкасын үздік орындаушылардың бірі саналады.

Сурет: Театрдың баспасөз қызметі

Ф. Абилова