Тұрсынбек Қабатов жаңа бағдарлама ұсынады

Тұрсынбек Қабатов жаңа бағдарлама ұсынады

КТК арнасының жексенбілік кештерінде енді Тұрсынбек Қабатовтың бағдарламасын тамашалайтын боламыз. 9 наурызда отандық арнада «КТК-да Қабатов!» атты жаңа ойын-сауық бағдарламасы көрерменге жол тартады. Актер, әзіл-сықақшы, «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ театрының жетекшісі, Көңілді тапқырлар клубының үздік ойыншыларының бірі атақты Тұрсынбек – ұмытылмас кештер, күлкілі эксперименттер мен жарқын пародияларды жүзеге асыруға уәде береді. Әзіл-сықақ бағдарламасында одан өзге отандық шоу-бизнес өкілдері, спортшылар мен қоғам қайраткерлері бой көрсетеді.

Сонау Мәскеуді мойындатып қайтқан Тұрсынбек Қабатов өз атымен аталатын бағдарламаның тұтқасын ұстап, елді әзілдерімен қуантпақ. Шоу өз атымен аталатындықтан, Тұрсынбек те өзін қожайын сияқты сезініп, қонақжайлығын, албырттығын және жомарттығын көрсетіп, қонақтарының және көрермендердің көңілін көтереді деп күтілуде.

Алғашқы бағдарлама Халықаралық әйелдер мерекесімен тұспа-тұс келгендіктен, аруларға арналатын болады. Тұрсынбек әйел болмысының құпиясын түсінуге тырысады.

Тұрсынбек Қабатов, жүргізуші:

- Бұл аптада біз қыздар жайлы сөйлесетін боламыз. Бұрын олар бәрін махаббатпен жасаушы еді ғой, ал қазір қалай? Бүгін 8 наурызға ашықхат пен гүл сыйлау неге жеткіліксіз болып қалды? Кейбірі сақина сұрайды, жай ғана сақина емес гауһартасты сақина, ал егер киім сұраса, тек ішік керек. Сосын тағы көлік керек оларға!

Оның студиясының есігі әншілерге, актерлерге, спортсмендер мен жазушыларға ашылады. Олар оның қыңыр сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, қиын тапсырмаларын орындаулары да керек болады. Біреу батырдың киімімен аяқ-асты перзентханаға тап болса, ал кейбірі бірнеше минутқа үй қызметкерлеріне айналады. Оған қоса, Тұрсынбек ән де айтады. Танымал қонақтармен қоса, көрермендер де шоудың ажырамас бөлігі. Оларды да қызықты ойындар мен тосынсыйлар күтіп тұр.

Сурет: qaznews.kz

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina