ҚазҰУ студенттерінің "Әпкесі" сәтті шықты

ҚазҰУ студенттерінің "Әпкесі" сәтті шықты

2013 жылдың алтыншы желтоқсанында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің "Біз" студенттер театры Ө. А. Жолдасбеков атындағы Студенттер Сарайында театр тарихындағы жетінші қойылымының тұсауын кесті. Әйткенмен бір жарым жылдай демалып қалған театр авторлық қойылым жазатын театр дәстүрін "бұзып", дайын қойылымға қол салыпты. "Дайын" дегенім – Дулат Исабековтың «Әпкесі». Студенттердің репертуарындағы алғашқы классикалық шығарманың сахнаға сәтті шыққанын тіледік.

Қойылымның басталатын уақыты жақындағаннан-ақ студенттер сарайдың залына тола бастады. Біразы өз факультетінің атынан қойылымда бой көрсететін курстасының шашбауын көтергелі келсе, енді басқалары «Біздің» тұрақты көрерменіне айналған жұрт. Осы уақытқа дейін саусақпен санарлық спектакльмен шықса да ҚазҰУ-да аты құрметпен айтылатын бұл студенттер ұйымының әр студентке аты белгілі. Залдан университет студенттерімен қатар, қонақтар, ұстаздар мен ата-аналар және өзге оқу орындарының студенттері де бой көрсетті. Соның ішінде Қ. Сәтбаев атынадағы ҚазҰТУ студенттері мен Абай атындағы ҚАЗҰПУ студенттері де бар. Алдыңғы қатарға бірқатар оқытушылармен қатар, театрдың құрылуына мұрындық болған бүгінгі журналист Жарас Ниязбек пен жас оқытушы Нұрбек Түсіпхандар жайғасты. Осыған дейін театрға жетекшілік етіп келген режисер Ғалымжан Сайлаубеков Астанадағы жұмыстарына байланысты келе алмай қалып, телефон арқылы әртіс студенттеріне сәттілік тіледі.

Қойылым басталып кетті. Шымылдақ ашылғаннан-ақ бізді әдемі көрініс баурап алды. Артқы көріністе қатып (қозғалмай) тұрған актерлер мен ас толы ақ дастархан да көз жауын алады. Дастархан басына жиналған отбасы мүшелерінің костюмдері де, түрлері де көңілге жаға кетті. Өздері сахнаны сахна екен деп тұрған жоқ. Олар өздерінің отбасында жүргендей. Қымсынып, қысылуды да білмейді. Бәрі де сахнада еркін көсіліп, көрерменін жетектеп отырды. Үйдің ерке қарындасы Нәзиләнің рөліне іліккен Гаухар да өзінің күлкілі қылықтарымен көрерменін қытықтап отырды.

Әр сөзді қимылмен байланыстырып жіберіп, қылықтарымен қызықтырып жүрген олар сахнадағы серігін де бір кез ұмытпайды. Актерлік шеберліктеріне разы болдық. Олар сахнада «көре алуымен», «ести алуымен» бізді де сендірді. "Әттең, анам тірі болғанда ғой..." деген сәт өте сәтті шықты. 

Студенттер сахнада өздерін еркін сезінді. Олар сахнада өмір сүрді. Сахна да сондайларды сүйеді емес пе? Бұл қойылым Дулат Исабеков өз «Әпкесін» студенттердің дайындауында көруіне әбден лайық еді.

Әрине, қойылымды кері тартқандары да болды. Әпке рөліндегі әйелге ғашық азамат Сәнияға сай актер бола алмады. Образға еніп кеткен Сәнияның әдемі ойынын жігіттің жаттаған мәтінін дұрыс сіңіре алмағандығы бұзып тұрды. Әйткенмен Сәния өзі сөйлеген сайын оның ақауы бар ойынын жамап қалып отырды. 

Қойылымнан соң мына мақаланы тез жазуға асықпадым. Өйткені  студенттердің қойылымға деген ойын білгім келді. Театрдан авторлық дүние күткен біраз көрермен авторы бар қойылымды қойғаны үшін әлі де өкпелі. Ал біразы сын айтудан қашып, «Күшті болды» деп құтылды. Сахнада ойнаған студенттердің де пікірін білгім келді. Бәрі де риза. Жағымсыз рөлге (Кәмила) түсіп қалған студент қыз «Мен негізі ондай қыз емеспін" деп ақталуда. Ал Омардың рөлін ойнаған Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 4 курс студенті, театрда бірінші курстан бері ойнап келе жатқан Салтанат Минайхан қойылымдағы мизансценалардың барлығын студенттердің өздері ойлап тапқанын айтты. Әдетте режисер тарапынан жасау тапсырылатын мизансценалардың студенттердің басына өздігінен келе қалғанына да қуандық.

Айтпақшы, жақында ұлттық арнадан осы шығарманың желісімен түсірілген «Әпке» телехикаясының тұсауы кесілген болатын. Екеуін бір-бірімен салыстыруға да болады. Басқа кейіпкерлер дәл өздері. Тек теледидардағы әпкеміз, сахнадағы әпкеден сәл қаталдау көрінеді екен. Сериалдағы әпке рөліндегі актрисадан бауырларына деген жанашырлық сезімінің бояуы аса қанық көрінбейді. Одан біз мұндай сезімді онша байқай қоймаймыз. Ал студенттер сахнасындағы әпке өзін расында да сол балалардың әпкесіндей ұстады. Әйткенмен оның шектен тыс көз жасын төгіп, жөнсіз айқайға салғаны құлаққа да, көзге де онша жаға қоймады.

Қойылым біткенде дәлізден «Мамама звондайыншы қазір» деп көздеріне жас алып жатқан студент қыздарды байқадым. Ал енді біразы еңкілдеп жылап та жатыр. Студенттерге мұндай сезім сыйлай алған театр бақытты. Әйткенмен біз енді «Біз» студенттер театрынан авторлық қойылым күтеміз.

Автор: Ақерке Әбілхан

Сурет: Ақерке Әбілхан

А. Әбілхан