"Таудағы түн": Өмір деген ертегі ме?!

"Таудағы түн": Өмір деген ертегі ме?!

«Таудағы түн» Қазақ Мемлекеттік Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының осы маусымда қойылған жаңа спектакльдерінің бірі. Жаңа шығарманы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, танымал режиссер Балтабай Сейітмамытұлы белгілі қаламгер, жазушы Нұрғали Ораздың «Бақ құсы» әңгімесінің негізінде қойған.

Қиял-ойларға беріліп, ғажайып оқиғаларға сенетін аңғал жандар өмірдің ертегіге айналуын тілейді. Ертегі кейіпкері сияқты өмір сүргісі келеді. Өзін ғажайыпқа толы әлемде жүргендей сезінуге ұмтылады. Алайда, олардың бұл игі пейілдері жүзеге аспай, олар өз ойларынан өздері адасады. Алданғанын түсінген сәтте сол баяғы күйбең тіршілікке оралады. Бірақ мұның өзі кеш болады.

Басты кейіпкер Мәдина бойжеткен өзінен бірнеше мәрте үлкен жерлесі жазушы ағасын бала кезден ардақ тұтады. Көп жылдар бұрын ауылдан қалаға қоныс аударған Мұхит жазушы туған жері, ауылы туралы кітап жазуды тоқтатты. Мұны білген Мәдина жазушы ағасын іздеп, қалаға келеді. Кеуделері жалғыздыққа толы екі жан кездескен бойда, бір түннің ішінде өмірлерінде болған оқиғалармен бөліседі.

Екі кейіпкердің де жаны нәзіктікке құштар. Жасандылықтан ада, өтіріктен аулақ. Екеуі де бір-бірін түсініп, ойларын бір арнада тоғыстыра біледі. Екі жастағы кісілер, екі ортаның адамдары арқылы пьеса авторы қазіргі заманның тыныс-тіршілігі мен болмысын көрсетсе, басты кейіпкерлер арқылы режиссер көрермендерге адам баласындағы жан тазалығын, іңкәр сезімдерді, игі пейілдерді көрсетуге тырысты.

«Таудағы түн» - күн сайын өмірде ұшырасар көкейтесті мәселелерді қамтыған шығарма. Бір көзбен қарағанда, шығарма күнделікті үйреншікті тіршілікті суреттейді. Ал зер салып қарар болсақ, оның астарында назар аударарлық терең ой, мән-мағына бар. Шығарма жақында ғана жол тартса да, өзінің өзектілігімен қалың көпшіліктің жүрегіне ой салып, көрермен көңілінен шыға білді.

Суреттер: teatr-musrepov.kz

Ғ. Ұзақ