Сахнадан жақсы кісіні іздеген күн

Сахнадан жақсы кісіні іздеген күн

Өткен сенбі күні Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар және жасөспірімдер театрынан «Жақсы кісі» трагикомедиясын тамашаладық. Премьерасында көру бұйырмаған спектакльге баратын қолайлы күнді күттік. Көріп қойғандар жасөспірімдер театры сахнасының тағы бір тұщымды дүниемен толыққанын айтып, сүйінші сұрап жатты. 

Сахнаға шыққанына көп бола қоймаған қойылым көңілден шықты. Аз ғана уақытта бір отбасының ішкі «асханасын» көрсете білген дүние өз мақсатын толықтай дерлік орындай алды деуге болады. Спектакльдің ерекшелігі де жоқ емес. Рөлдегі актерлердің бәрі дерлік жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Шымылдық ашылғаннан тордың арғы жағындағы өмір басталып кетті. Үй іші абыр-сабыр. Дастархан жасау қамымен әрлі-берлі жүгірген үш әйел. Бірі – анасы, қалған екеуі – қыздары. Ақ көйлек киген анасының ерке қызы терезеге телміре береді, телміре береді. Шамасы, біреуді күтіп жүр-ау. Күткені – маңызды адам болуы мүмкін. Өйткені жас арудың жанары жылт-жылт етіп, жүрегі кеудесіне сыймай, қобалжып жүр. Өзін алдандырмақ болып, анасынан әңгіме айтуды өтініп қояды. «Мама, осы сіздің өміріңіз қызық болған, иә? Айтып беріңізші, мама, папамызбен қалай таныстыңыз?» - деп бойжеткен анасына қолқа сала береді. Анасы: «Бұл жайлы бұрын талай айтып ем ғой» - десе де, кенже қызы қолқалап қояр емес. Сәл қартайса да, ажарын әжімнің торлауына жол бермеген күлім көзді ана қыздарына ылғи айта беретін, бірақ жарты жолға келгенде іркіп қалатын сол баяғы әңгімесін тағы бастады. Үйге біреу келгендей болды. Жан ұшырып жүрген ерке қыз терезеге барып қараса, інісі – Маратик екен. Көңілі су сепкендей басылды. Інісінің табалдырықты аттағаны сол еді, әлгі бойжеткен онымен ұрса кетті. Бірде әлі оң жақта отырған тұйық мінезді әпкесінің де жүйкесін жұқартып қояды. Осындай әрекеттері арқылы қыздың қыңыр мінезімен де танысып отырмыз. Мына бір балалы базарға айналған шаңырақтың шуын тағы бір автокөліктің даусы басты. «Мына қыздың күткені келсе екен» деп ашулы бойжеткенге біз де тілектес болып отырдық. Әйтпесе, інісі мен әпкесінің басына шығып барады. Жоқ, біздің де, оның да тілегі орындалмады. Бұл жолы үйге келген – әкесі екен. Қолында папкасы бар «папасы» күндегіден көңілді көрінеді. Әндетіп, «Көкшетаулатып» кірген үй иесі бір дөкей болса керек. Әйтеуір, ірі адам екендігі байқалады. Жұмыстан шаршап келген әкелерін құрметпен күтіп алып жатқан мына бір отбасы неткен сүйкімді еді!..

Бұл сүйкімділіктің ғұмыры ұзақ болғанын қаладық та, қойылымға қайта еніп кеттік. Біз сахнадағылардың арасынан жақсы кісіні іздедік. Алғашында беті жылтыраған балалардың әкесіне осы атты бергіміз келген. Бірақ асығыстық танытпай қоя тұрғанымыз дұрыс болған екен. «Жылтырағанның бәрі алтын емес» деп бізден бұрынғылар айтып кеткен ғой...

Бір мезетте күткен адамымыз келді. Сөйтсек, ол - үйдің «тентегі» Қатираның ата-анасымен таныстырмақ болып жүрген жігіті екен. «О, жақсы кісі осы шығар» деп іштей тынып отырмыз. Сықпыттай болып киінген сымбатты жігіт табалдырықты аттады. Бір-бірімен танысып, білісіп жатыр. Неге екенін қайдам, әйтеуір, осы үйдің кенжесі Маратикке болашақ жездесі жағар емес.

Қайтсем соның апшысын қуырам деп, ол отыр. Қонаққа қонақ қосылып, үй иесі Ахметтің әрі көршісі әрі досы Мұңтаз келіп, орта толды. Әлде, біз іздеп отырған жақсы кісі осы ма екен?..

Бір қарағанда адам сүйсінетін мына отырыстың өзіндік бізге жасырын саясаты бар екен. Не болса да, мұның бәрі ең соңында ашыларын түсіндік. Жақсы кісі де сонда белгілі болар...

Мына шаңыраққа алғаш бас сұғып тұрған Шалкез есімді күйеу жігіттің сүйгені – осы үйдің ерке тотайы емес, жақын арада қызметтік дәрежесі өсетін оның қалталы әкесі. Бәсе, жылт-жылт еткен көздері мен жағымпазданған сөздері соны аңғартып тұр еді. Ахмет табан астында аудан әкімі болып тағайындалды. Бұған қуанбаған - Маратик пен досы Мұңтаз ғана. Қалғандары қалталылардың «қорасына» бір қадам болса да жақындап жатқандарына мастанып, стақан соғыстырып әуре. Әлдеқандай ойға шомған Мұңтаздың өз мұңы өзінде.

Кенет күйеу жігіттің телфонына хат келді. «Анаң хал үстінде жатыр. Тез жет»... Түрі  бұзылып кеткен Шалкез не істерін білмей дал. Түрі бұзылмай қайтсін: былай тартса, арба сынбақ, былай тартса, өгіз өлмек. Ауыр халде жатқан анасына кетсе, ертеңгі болатын тойды қайтпек? Қалтасы қалың қайын атаны қимаған Шалкез анасына бармайтын болып шешті.

Болашақ жезденің бұл әрекеті Маратиктің жынын одан әрмен қоздырды. Облыс әкімі Әбекеңнің өзі келем деп уәде берген бұл шаңырықтың тойын Маратик болдырмайтынын мәлімдеді. Мұны ешкім түсінген жоқ. Әрине, Шалкез іштей сезіп-ақ тұр. «Айттым ғой, бұл үйдегілердің бәрі маған дұшпан. Менің бақытымды көре алмайды. Бәріне кінәлі – сен. Әдейі Маратты ортаға салып, менің тойымның болмағанын қалап тұрсың. Сенен бұрын тұрмысқа шығып бара жатқаным жаныңа батып бара ма? Бетіңе бір де бір жігіт қарамайтынына кінәлі мен емеспін» - деп Қатира әпкесіне қол көтерді. Бірақ Мараттың бұлай деуіне Ұлжанның мүлде де қатысы жоқ. Маратты Шалкездің анасының өлгелі жатқанынан хабардар болса да, бір қадам аттап баса алмай отырғандығы қынжылтады. Өңшең дөкейлерді ертеңгі дастарханға шақырып қойған әкеде мұндайда ес қалсын ба? Жолына қарсы тұрып, әкенің абыройын «асқақтататын» жиынды болғызбауға бекінген баланы әкесі еш көндіре алмады. Әбден жағымпаздық пен теңгеқұмарлыққа тойынған бала әкенің алдына жығылып өзінің «аш» екендігін айтады. Бірақ мұны түсініп отырған әке жоқ. Баласын «құтырған, шегіп алған» деп ауруханадан адамдар шақыртып, аяқ-қолын мататып беріп жіберді. Бұл кезде сіңлісіне күйінген Ұлжан бір түйір хат тастап, үйден кетіп қалған еді. Аналары Балзияның жүрегі қарс айрылардай... Екі баласының да халіне көңіл бөлмеген жуан қарын әке қалай да ертең «Әбекесі» келетін тойды болдырмақ болып болашақ күйеу баласымен ойласып жатыр. Бұл үйге келгелі арақ ішіп, мас болып қалған Мұңтаз оянып, мұнда не болғанын түсінбей дал. Ашулы Ахмет онымен де шекісіп тынды. Бұл шулы шаңырақтан «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» деп ыңылдап ол да кетті. Үстелдің аяқ жағында басы салбырап отырған ананың бір күйініші бар. Ылғи қыздарына бастаған әңгіменің аяқ жағы көңілсіз аяқтала беретін. Қатира екеуі жалғыз қалғанда сол әңгімеге нүкте қойды-ау, әйтеуір. «Ұзын бойлы, қара мұртты әдемі жігіт» деп тоқтап қалатын әңгімені айтамын... «Ұзын бойлы, қара мұртты әдемі жігіттің жанында сендердің әкелерің бар еді. Мұңтаз бен әкелерің...» Балзия жасында Мұңтазды ұнатып, екеуі біраз уақыт сөйлесіп жүрген екен. Ахмет те Балзияға өзінше ғашық. Екі дос бір жерде қызмет атқарған көрінеді. Бір күні Ахметке бәле жабылғанда, Мұңтаз досын қорғаймын деп бес жылға темір торға қамалып қалады. Осы кезде Ахмет досының сүйіктісін ары жүріп, бері жүріп уысына түсіріп алады. Екі ғашық қосыла алмағанымен, өмірге Ұлжан келеді, сосын Қатира, сосын Марат туылады. Досының опасыздығына қатты күйінсе де, Мұңтаз оған кешіріммен қарауға тырысады. Екеуі тағы да бірге жұмыс жасай береді. Мәне, бүгін ғана Ахмет бастық болып, Мұңтазды қызметтен босатып жіберді. Балзияның әңгімесі осылай аяқталды. Шымылдық тотықұстың «Ойлану керек, ойлану керек» деген даусымен жабылды.

Сонда жақсы кісі кім болды, сіз үшін?

(Спектакльді дайындаған шығармашылық топпен мына жерде таныса аласыздар)

Автор: Ақерке Әбілхан

Суреттер театрдың жеке мұрағатынан алынды

А. Әбілхан