Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет Театры

Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет Театры

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театры 1934 жылы 13 қантарда Мұхтар Әуезовтың либреттосы "Айман-Шолпан" музыкалық қойылымымен ашылды. Иван Коцыко өңдеген халық өлеңдері мен күйлері орындалды. Қойылым көпшіліктің көңілінен шығып, әсері зор болды. Жаңа театрдың ашылуы бүкіл елге таралды.

Әрине, опера театры – бұл, ең алдымен, бүкіл өмірлерін ең әсем өнердің бірі театрға арнаған энтузиастардың, әдебиет қайраткерлерінің, сазгерлердің, жазушылардың, суретшілердің, жақсы вокалдық қабілеттері бар әртістердің ең сүйікті жұмысы. Бұл адамдар ұлттық мәдениеттің тарихына енген. Олардың іс-әрекеттері 70 жыл бойы дамып, жалғасуда. Олар бұрыннан бері Қазақстанның музыкалық мәдениетінің кемеңгерлері болып табылады: әртіс Күләш Байсейітова, режиссер Жұмат Шанин, әнші және режиссер Құрманбек Жандарбеков, әнші, режиссер және драматург Қанабек Байсейітов, биші Шара Жиенқұлова, әнші Манарбек Ержанов, суретші Анатолий Ненашев, жазушылар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, сазгер Евгений Брусиловский.

Бірінші қойылымның нәтижесімен рухтанған, шабыттанған әнші-әртістер, кәсіптік білімдері жоқ режиссерлер шығармашылық құмарлықпен театрдың опералық репертуарын құруға кірісті. Е.Г.Брусиловский Қазақстанның ұлттық опералық өнерінің бастауын салған театрдың бірінші сазгері болып табылады. Театрда қойылған келесі қойылымдар: "Қыз Жібек" (1934), "Жалбыр" (1935), "Ер Тарғын" (1936).

1935 жылы Куйбышевский опера театрының базасында орыс опера труппасы құрылды. Кәсіптік ұжым қысқа мерзім ішінде (1936-1937 жж.) орыс және әлем опера классикасының тоғыз қойылымын жүзеге асырды. Бұл: "Кармен", "Евгений Онегин", "Пиковая дама", "Демон", "Фауст", "Аида" және т.б.

1938 жылы П.Чайковскийдің "Лебединое озеро" балеті балет труппасын құрылуының бастауын салды. Бұдан әрі "Конек-горбунок", "Раймонда", "Бахчисарайский фонтан" қойылымдары қойылды. Осы жылы В.Великановтың "Қалқаман мен Мамыр" атты бірінші қазақ балеті қойылды.


Орыс және қазақ опералық труппалардың тығыз қарым-қатынасы вокал мәдениетін нәтижелі меңгеруге мүмкіндік береді. Театрдың репертуарында "Князь Игорь", "Борис Годунов", "Иван Сусанин", "Русалка", "Дубровский" "Черевички" және т.б. қойылымдар бар.

Опера театрының ең бірінші алған үлкен нәтижелі әсері – ол 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті және өнер Декадасы. Басты рөлде Күләш Байсейітова ойнаған “Қыз Жібек” операсы көрермендердің есінде әлі күнге дейін қалған. Бірінші қазақтың әншісі Күләш Байсейітова КСРО халық әртісі атағы берілді.

Театрды жаңа білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін Москва консерваториясында және Ресейдің басқа да оқу мекемелерінде ұлттық балеттік, вокалдық және драма бөлімшелері ашылды. Олардың түлектері: Байғали Досымжанов, Әнуарбек Үмбетбаев, Ришат және Муслим Абдуллиндар, Шабал Бейсекова, Кәукен Кенжетаев, Мұқан Төлебаев және т.б.


Ұлы Отан Соғысының алдында театрдың репертуарында 31 опералық (олардың ішінде 9 қазақ) және 6 балеттік (2 қазақ) қойылымдар болды.

1941 жылы театрға Академиялық құрмет атағы берілді. Театр соғыс жылдары халықтың басына түскен бүкіл ауыртпалықты бірге көтерді. Сонда да, қиын жағдайға қарамастан Алматының ең әдемі және ең ірі ғимараты болған театрдың жаңа ғимаратының құрылысы аяқталды (сәулетшілер Н.А. Простаков, Т.Басенов). Жаңа ғимаратта бірінші қойылым 7 қараша 1941 жылы қойылды. Театр қиын соғыс жылдары "Запорожец за Дунаем", "Отелло", "Мазепа", "Иван Сусанин" және т. б. бірқатар жаңа қойылымдарды жүзеге асырды. Сол уақытта Алматы қаласына бүкіл Кеңес Одағының көптеген мәдениет және өнер қайраткерлері көшіп келген. Біздің театрда “Жизель” балетінің қойылымын жүзеге асырған Галина Уланова да жұмыс жасады.

1944 ж. М.Әуезовтың либреттосы, А.Жұбановтың және Л.Хамидидің "Абай" қазақ операсының жарық көруімен есте қалды. Әрине, бұл театрдың репертуарындағы әлі күнге дейін ең негізгі, үлкен шығармашылық табыс болып табылады.

Ұлы қазақ ағартушы, философ, гуманист, ақын Абай Құнанбаевтың 100 жылдығына орай опера және балет театрына Абай аты берілді.

Театрдың көркемдік жетекшісі репертуарға ерекше көңіл бөлген. Орыс, еуропалық және қазақ опералары қойылды. Олардың кейбіреулері қазақ музыкасының алтын қорына енді, мысалы "Біржан мен Сара" операсы. "Евгений Онегин", "Чио-Чио-сан" сияқты және тағы басқа да қойылымдар сол жылдары орыс тілінде қойылғаны әлі күнге дейін көрермендердің есінде қалған.

50-жылдар арнайы жоғары білім алған Ермек Серкебаев, Роза Джаманова, Эра Епонешникова, З.Райбаев, С.Кушербаева кәсіптік музыканттардың келуімен есте қалды. Олар бір рөлден екінші рөлге, бір бейнеден екінші бейнеге біртіндеп ауысып, тәжірибе жинап, сондай-ақ, өз шеберліктерін жетілдіре отырып, халық сүйіп тыңдаған опера және балет театрының “жұлдыздары” болды. Олар біздің елде ғана емес, сондай-ақ көптеген елдерде танымал болды. Қазіргі уақытта үлкен шығармашылық тәжірибелерімен театрда өскелең ұрпақтың ұстазы және кеңесшілері болып табылады. Олар үнемі жаңа қойылымдардың жүзеге асырылуымен айналысты. Бұл "Дударай", "Төлеген Тохтаров", "Галька", "Проданная невеста", "Трубадур", "Царская невеста", "Травиата", "Севильский цирюльник", "Риголетто", "Снегурочка", "Руслан и Людмила", "Морозко", "Чародейка", "Демон", "Ромео и Джульетта", "Дон Жуан", "Богема" , "Сказки Гофмана" және т.б.

Театрға В. Яковенко, Б.Әшімова, М.Мусабаев, Н.Қаражігітов, Ш. Үмбетәлиев, Р.Байсейітова, З.Кастеева, Г.Есімов, Ә.Днішев, Е.Исаков, Р.Жубатурова, Х.Калиламбекова, Р.Бапов, С.Байсұлтанов, Г.Туткибаева, М.Тукеев сияқты жаңа әртістер келіп жатыр. К. Кужамьяровтың "Назугум", "Садыр палван", С.Мұхамеджанованың “Жұмбақ қыз”, Е.Рахмадиевтің "Алпамыс", "Қамар сулу", Г.Жұбанованың "Еңлік-Кебек", "Құрманғазы", "Легенда о белой птице", "Хиросима" сияқты жаңа қойылымдары дүниеге келді.


Театрдың репертуарында біздің елде болған тарихи, саяси және экономикалық оқиғалар да өз бейнелерін тапты. Құлшыныс жылдары да, тоқырау жылдары да болды. Сондай-ақ, қайта құру уақыты да театрға үлкен әсерін тигізді.

2000 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының қайта жаңартылуы аяқталды. Театр ұжымының жұмысы үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Бүгінгі таңда атақты театрдың бай дәстүрлерін сахнада Н.Үсенбаева, Д.Баспақова, М.Мұхамедқызы, Б.Сқақов, Ш.Әбілов, М.Шалабаев, Л.Дороховская, Л.Альпиева, Д.Сушков, К.Сарқытбаева, У. Кенжебеков, С. Ищанова сияқты атақты әншілер жалғастыруда.

Қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театры Қазақстанның музыка өнерінің флагманы болып табылады. Қазіргі таңда бұл Еуразия кеңістігінде ең ірі театр. Театрдың шығармашылық ұжымының құрамында атақты сахна шеберлері және есімдері бүкіл әлемге танымал түрлі халықаралық байқаулардың жас дарынды лауреаттары еңбек етеді. Қазақ опера және балет театры сахнасының шеберлерін Франция, Германия, Италия, Жапония, Түркия, Қытай, АҚШ сияқты көптеген елдерде қошеметтейді. Бүгінгі таңда біздің театр қойылымдарға жеке орындаушыларды ғана емес, сондай-ақ бүкіл ансамблдерді шақыра отырып, басқа да елдердің театр ұжымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатуға тырысады. Театр жыл сайын опера және балет өнерінің халықаралық фестивальдарын өткізеді.

Форумда талқылау

*Фотосуреттер ғаламтор беттерінен алынған

Ғ. Ұзақ