Әлихан Бөкейханов қай банкте жұмыс істеген?

Әлихан Бөкейханов қай банкте жұмыс істеген?
Фото: qazaquni.kz

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан жайында түрлі аңыз бен әңгімелер, тарихи құжаттар бар. Оның ерлігі, Алаш ордасы туралы еңбектері түрлі жерде сақтаулы. Солардың бірі Самара қаласында сақталып, бүгінде беймәлім болып келген, сыры ашылған айғақтарды сіздерге ұсынып отырмыз. 

Волга өзенінің жағалауында орналасқан Самарада (Совет заманында Куйбышев аталған қала – Ө.С.) Алаш көсемі Әлихан бірталай өмірін (1908-1917) өткізгендігі тарихтан белгілі. Зерттеушілер оның Самаралық кезеңінде көбінесе саяси мәселелермен айналысып, кадеттер партиясының жетекшісі болды, Керенскиймен кездесті, жиналыстарға қатысты, масондық ложаның жергілікті басшыларының бірі болды, т.с.с. жағдайларды жазып жатады. Әрине, ондай пікірлерге ешқандай қарсылығымыз жоқ. Сонымен қатар осы жылдар Әлихан  үшін ғылым, журналистика саласында да жемісті болғандығы ақиқат. Сол жылдарда ол Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефронның «Жаңа энциклопедиялық сөздігінде» қызмет атқарды. «Киргизы» (Қазақтар – Ө.С.) атты тамаша еңбектерінің бірін шығарды.  Әсіресе, соның ішінде 1913-1917 жылдар аралығында «Қазақ» газетінде 200 ден астам мақалаларын жариялады.

Алайда, Самарадағы оның негізгі қызметі - банк қызметкері болатын. Қалаға іссапармен барғандағы біздің басты мақсатымыз да Әлиханның осы саладағы атқарған қызметін барынша зерттеу еді. Өкінішке қарай, Самара облысының «Мемлекеттік Орталық Мұрағат» қорында ол жұмыс істеген Дон Жер Банкісінің құжаттары болмай шықты. Сол замандағы басқадай банктер мен мекемелердің сақталған қорында да Ә.Бөкейхановқа қатысты деректер кездеспеді. Аталған банктің орталық кеңсесі Таганрог қаласында болған екен. Бәлкім, құжаттардың бәрін сол жаққа жіберген шығар деген ойда қалдық. 

Дегенмен, Әлихан жұмыс істеген Дон Жер Банкісі мен ол тұрған үйді тауып, айнала қарап, суретке түсіріп алудың реті келді. Оны іздестіріп, тауып алуға бірталай уақыт жұмсадық. Ондағы бізге ең алдымен көмек болған Самарада шыққан кітаптар болды. Соның ішінде жергілікті өлкетанушы, жазушы С.Д.Севостьяновтың «Экскурсия по старой Самаре» (2013) кітабының пайдасы көп болды. Оның себебі, жоғарыда СПб РМТМ қорынан табылған Әлиханның жазған өтінішінде 1915 жылы Самарада тұрған мекенжайын көрсеткені белгілі [5]. Алайда, қазір онда Казанская деген көше жоқ екен. Ол 1932 жылдан Алексей Толстой атымен аталыпты. Мұндағы назар аударатын ең басты нәрсе Әлихан тұрдым деген үй - Казанская, 30, қазіргі А.Толстой, 30 емес екен. С.Д.Севостьянов пен Е.Я.Суровиковтың [6] жазуы бойынша қазіргі А.Толстой, 30, бұрынғы  Казанская, 28. Бұл ғимаратта Дон Жер Банкісі орналасқан, ал оның іргесіндегі Казанская, 30 екі қабаттан тұратын үй, қазіргі А.Толстой, 32. Әлихан кейбір зерттеушілер жазып жүргендей банк ғимаратында емес, онымен жапсарлас осы үйде тұрған дейміз. Келешекте бұл үйге ескерткіш тақта қойылатын күн келер деп сенеміз.

Дерек Өмірзақ Сұлтановтың еңбегі негізінде алынды

М. Ақан