Ұстазға деген сағыныш

Ұстазға деген сағыныш
Фото: kaznu.kz

ХХ ғасырдың 70-80 жылдары Майя Михайловна КазГУ (қазіргі ҚазҰУ) филология факультінде әдебиеттану пәнінен дәріс оқыды. Оның әр дәрісі тәрбиелік қасиетке толы еді. Сол кездегі бірінші курс студенттерінің «ең сүйікті оқытушысы» десек, артық болмас. Біз жаны сұлу Майя Михайловнаның сөздерін, кеңестерін, ізгілікті лебін көріп, көркейіп өскен лек едік...

Әрбір дәрісі қызықты, өйткені ұстазымыз білімге, әсіресе филологияға деген, жалпы өмірге деген махаббат сезімдерін тудыратын: дәрістің әр минутынан пәнге, ғылымға махаббат сезілетін, филологиялық мәселелерді зерттеуге шақыратын.

Көрнекті әдебиетші-ғалым Бағызбаева Майя Михайловна филология ғылымдарының докторы, профессор ретінде көп шәкірттерінің жадында ұлағатты сөздер қалдырды, оқушыларының ғылым жолындағы жетістіктерінен ұстаздың қолтаңбасы көрінеді.

Өмір – жай өте шыққан сәт емес, есте қалған күндер… Себебі жылдар артта қалған сайын мына өмір мен тіршіліктің шын мағынысында «жалған» екеніне бір уақыт көзің жете түскендей болады. Күні кеше ғана сымбатты, сұлу жарық дүниенің сауле нұрына шомылып, қатар жүрген, бізге білім берген – Өмірбек Арсланұлы пен Майя Михайловна ұстаздарымыз туралы ойлаған сайын «естелік күндерімнің» төрінде қалғанын сеземін.

Ол кезде асыл ұстазымыз ректорымыз Өмірбек Арсланұлы Жолдасбековтің жұбайы екенін білмеп едік. Осыдан-ақ оның қарапайымдылығын аңғаруға болады.

Қазіргі таңда орыс филологиясы және әлем әдебиеттер кафедрасын Өмірбек Арсланұлы мен Майя Михайловнаның қызы – Баян Өмірбекқызы Жолдасбекова басқарады, ұстаздарымыздың көзін көрген әріптестері оның ата-анасының ізін жалғап келе жатқанымен мақтанады. Жыл сайын Баян Өмірбекқызы «Бағызбаева оқулары» атты конференция ұйымдастырады. 

Ұстазға деген сағынышпен,
доцент Райгүл Мейрамгалиева

Г. Берік