Балалық шаққа саяхат

Балалық шаққа саяхат
Фото: worldwide.chat

Хикаяттарға  толы, желісі қызық осы фильмді қарап, қаншама бала есейді?! Арагідік телеарналардан көрсетіп жатса, сатті түсірілген телетуынды көзге ыстық көрінеді. Қожа, Жанар, Сұлтан, Жантас секілді кино кейіпкерлерінің  дауыстарын әйелдер дубляждаған.  Осы кезге дейін білмеппін. Бір қарағанда, қарлыққан дауыс әйел дауысы екені де аңдалмайды. Қалай айтқанда да «Менің атым-Қожа» балалар көркем фильмінің ең үздік туындысы. Кеңестік дәуірде түсірілген бұндай туынды одан кейін қайталанған емес.  Техникалық тұрғыда қазір дамып кеткенімен, мазмұндық жағынан «жібі түзу», балалар отыра қалып қарайтын отандық фильм жоқтың қасы.  

Жанарды ұнатқан Қожа, сыныптас қызының көңілін аулау үшін әрқилы әрекетке барды. Балалық махаббат та бар,шалалық та бар. Қожа үнемі даусы биязы, үзіге сөйлеп туратын Жанар  үшін қабаған иттің жанынан өтуге де, мияулауға да әзір болды. Жанар рөлін Гүлнар Қарабаева ойнады. – Сәті солай болды. Құрбымның үйінде қонақта отырғанмын. Оның анасы –  кинематографист. Өзімнің ересек ойларыммен, сөздеріммен оны әбден күлдірдім. Фильмге үлгілі қыз бала керек дегенде құрбым «менде ондай қыз бар» депті. Кейін киносынақ, фотосынаққа шақырды, – дейді ол. Фильм түсіріліп жатқанда Гүлнар үшінші сыныпты аяқтаған. Ол «кинода ойнаған кейіпкерім сияқты өмірде де үлгілі оқушы болдым» дейді. Кейіпкермен типажы үйлесе кеткен. Ол кейін институтты бітіріп, инженер болды.     Қожаның рөлін ойнаған Нұрлан Санжар (киноға түскен кезде – Нұрлан Сегізбаев, футболшы Тимур Сегізбаевтың туған інісі) балалық шақтағы өмірі кейіпкеріне ұқсаған.  – Киноға түсемін деп мектепте екінші жылға қалып қойдым. Ішінде болашақ опера әншісі Әлібек Дінішев, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының болашақ директоры Болат Сұлтанов бар кластастарымнан бір сынып қалып қойғаныма өкінетінмін, – деді танымал актер.


kazakh-tv.kz

М. Ақан