“Мен өлімге дайынмын” деген Леонард Коэн өмірден өтті

“Мен өлімге дайынмын” деген Леонард Коэн өмірден өтті
Фото: vk.com

"Біз аты аңызға айналған  ақын, композитор және жазушы Леонард Коэнның өмірден озғанын үлкен өкінішпен хабарлаймыз. Біз ең құрметті ойшылдардың бірін жоғалттық," - деп хабарланды. Коэнмен қоштасу рәсімі Лос-Анджелесте өтеді.

Коэн 82 жаста еді. Қазан айында, өмірден өтерінен бір ай бұрын Коэн өзінің You Want It Darker аталатын 14-ші альбомын жарыққа шығарған болатын.

“Жақында мен  өлуге дайынмын деп хабараған едім. Мен тым астамшыл сөйлеппін. Әрқашан жағдайды ушықтырып жүретін әдетім бар. Шын мәнінде, мен “мәңгі өмір сүруге” ниеттімін,” – деген болатын. Бұл сөздерді Коэн Лос-Анджелесте өткен альбомының тұсаукесер рәсімінде айтып еді.

Көптеген әндерімен қатар, Коэн екі роман және бірнеше поэзия топтамаларын жариялады. 2002 жылы, ол “Канада орденінің компаньоны” аталатын канадалықтар үшін ең жоғары марапатқа ие болды.

1990 жылдары Коэн тоғыз жыл қатарынан ешқандай альбом жарияламаған кезең болды. Ол кезде Коэн Калифорниядағы дзен будда ғибадатханаларында өмір сүрген.

 Коэнның қанатты сөздері

- Ұйқысызпен арпалысқан адамның соңғы жұбанышы — ұйқыдағы әлемнің үстінен салтанат құруы.

- Шаршаңқы көрінуден қорықпа.

- Поэзия – мамандық емес, бұл – үкім.

- Біреуді жоғалту — шығармашылық бастауы.

- Әр нәрсенің сынатын тұсы болады. Жарық сәуле тек сол сынықтан ғана ішке енеді. 

- Әлемдегі ең жақсы деген туындылар махабббат жоқтығынан туындаған. 

- Мен ешқашан халық алдына шыққанды ұнатқан емеспін. Мен қонақүйдегі өз бөлмемнің есігін жапқан сәттің құндылығын шын сезінемін.

- Мен жас шағына қарағанда, қартайған кезінде көріктірек көрінетін кәрі филологпын. Үстел басында ғана жұмыс істеу сенің келбетіңмен не істейтінін көрдің бе?

- Біз бұрын ермек үшін музыканы көп ойнайтынбыз. Ал, қазіргілерге аванс бермесең, саусағын да қозғалтпайды.

- Мен біздің барлығымыздың үстімізден қарайтын бір көздің барына сенемін. Біз барлық жасағандарымыз үшін жауап береміз. 

А. Оралқызы