Хамит Ерғалиевтің 100 жылдығы

Хамит Ерғалиевтің 100 жылдығы
Фото: Ибраева Айнура

Бүгін қазақ поэзиясының көрнекті эпик ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен салтанатты кеш өтті.

Хамит Ерғали (14.10.1916 – 13.12.1997) Гурьев облысының Новобогат ауылында (қазіргі Атырау облысы, Исатай ауданы, Хамит Ерғали атындағы ауыл) дүниеге келген. 1939 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне қабылданды. 1940-45 жылдары Совет Армиясының қатарында, Ұлы Отан соғысына қатысты. 1945-50 жылдары Республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші, 1959 жылға дейін Қазақстан Жазушылар Одағы поэзия секциясының, Қазақтың Мемлекеттік көркем əдебиет баспасы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

1959 жылдан өмірінің ақырына дейін бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысқан. «Əке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Құрманғазы», «Күй дастан», «Оралдағы отты түн», «Аңыз ата», «Қыз-хисса», «Жылдар, жылдар», «Суыт жүріс», т.б. дастандары бар. Аудармашы ретінде Пушкин мен Лермонтовтың, Шекспир мен Байронның, Софокл, Науаи, Ш.Петефи, Маяковский, Р.Гамзатов туындыларын қазақ оқырмандарына жеткізді. Қырғыздың «Манас», қарақалпақтың «Қырық қыз» атты халықтық жырларын қазақшалады. В.Шекспирдің соннеттерін аударғаны үшін ол 1996 жылы Британия королевасының алғыс хатына ие болған.

Алматы қаласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткізілген салтанатты кешке қала әкімдігінің өкілдері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ақынның ұлы Мұрат Ерғалиев тағы басқа зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер қатысты. Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет мерейтой иесінің бар болмысын ашып беретін баяндама жасады.

Ақын дастан арнаған Құрманғазы атындағы оркестр күй күмбірлетсе, Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Жанаргүл Сәркенова, Фархат Кубеев, Қайыржан Бердібаев сынды әншілер әр алуан тақырыптағы әндерді шырқады. Сонымен бірге ақын өмірі туралы деректі фильм көрсетіліп, өлеңдері оқылды. Ғасырлық тойы арқылы көрнекті қаламгердің рухына тағзым жасалып, елге еткен еңбектері тағы бір сәт жұрт жадында жаңғырды.

Қазақ поэзиясының майталман ақыны, көптеген өлеңдер, публицистикалық мақалалар, прозалық шығармалардың авторы Хамит Ерғалиевке арналған кеш М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында болды.

А. Оралқызы