Белгілі дәрігер-хирург Нұртас Кәкімжанұлы дүниеден озды

Белгілі дәрігер-хирург Нұртас Кәкімжанұлы дүниеден озды

Кеше, 2012 жылдың 5 тамызында Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Орталық Клиникалық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі ақ халатты абзал жан Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаев 54 жасқа қараған шағында мезгілсіз дүниеден өтті.

Нұртас Қазыбаев белгілі журналист, көрнекті қайраткер Кәкімжан Қазыбаев жанұясында дүниеге келген. Алматы медицина институтын үздік аяқтаған соң, Мәскеудегі Вишневский атындағы Хирургия Институтына клиникалық ординатурасына оқуға жіберіледі. Мәскеуде атақты хирург Виктор Иванұлы Стручковтан дәріс алады. Өз естелігінің бірінде Нұртас Кәкімжанұлы «Үздік мектептен білім алған мына мен жолы болғыш жандардың бірімін» деген еді.

Кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін жас маман Алматы қаласына оралып, орталық клиникалық аурухананың жедел хирургия бригадасына дәрігер болып жұмысқа орналасады. Бұл қызмет қажырлы еңбек пен үлкен шыдамдылықты талап етеді. Жас дәрігер тәулігіне 15-20 операция жасап, талай жандардың өмірін сақтауда аянбай тер төкті. Өз ісіне жауапты әрі ұқыпты қарайтын ол әр науқасқа қамқорлық танытып, мейірімін сыйлай білді.

1995 жылдың аяғында қолы алтын дәрігерді Совмин ауруханасына (Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Орталық Клиникалық ауруханасының) хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырды. 1996 жылдан бастап, ғұмырының соңына дейін Нұртас Кәкімжанұлы хирургия бөлімінің меңгерушісі болып, мыңдаған науқастың өмірін сақтап, дертінен айығуына жол ашты.

Дәрігердің емін қабылдаған жандардың барлығы оның жүрегінің кеңдігін, өзгерлерге жасаған қамқорлығын, өз ісіне адалдығын алға тартып, «Алтын қолды дәрігер» деп атайды. Денсаулығын қалпына келтіріп, өмірін сақтағаны үшін мыңдаған науқас Нұртас Кәкімжанұлына қарыздар екенін айтып, толассыз алғыстарын білдіреді.

Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен Нұртас Кәкімжанұлы әу бастан өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүргендей. Халықтың бақытты әрі сау болатынына сенетін. Арман-мақсаттарын өз тәжірибесінде қолданып, өзгелердің денсаулығын түзетіп, оларды бақытты етуге ұмтылатын.

«Massaget.kz» порталының ұжымы Нұртас Кәкімжанұлының мезгілсіз дүние салуына байланысты марқұмның отбасы мен ағайын-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. 

Ғ. Ұзақ