Жазушы Есенжол Домбаев туралы естелік

Жазушы Есенжол Домбаев туралы естелік

Кеше Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі жазушы Есенжол Домбаев 67 жасқа қараған шағында дүние салды. Бүгін Жазушылар Одағында марқұммен қоштасу рәсімі өтті. 

 Есенжол Домбаевтың мезгілсіз қазасына байланысты "Қазақ әдебиеті" газеті бүгінгі нөмірге арнайы бет ұйымдастырды. Сонда Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев:

"Аяулы досым Есенжолдың бейуақ қазасын естіп, қатты күйзелдім. Құлын-тайдай тебісіп, қатар өсіп едік. Біріміздің жаз­ға­нымызға біріміз қуанушы едік. Ол кезде бәріміз де пәтер жал­дайтынбыз. Есенжол парк жақтағы шеттеу көшеде тұратын. Бірде жұмыстан шыға сала Қадыр, Жұмекен, Зейнолла – төр­теуміз соған тарттық. Барсақ, үйінде екен. Айналасы қобыраған қағаз. Өз жазғанын өзі оқып, мәз-мәйрам болып отыр екен. Бізді көріп: «Жақсы келдіңіздер, мынаны тыңдай қойыңыз­дар­шы», – деді. Сау етіп кіріп барған төртеуміз бір-бірімізге қарас­тық. «Ал оқи ғой», – деп жайғасып отыра-отыра кеттік. Есенжол аузын ашса, көмекейі көрінетін ақкөңіл адам ғой. Жазғанын дауыс­тап оқи жөнелді. Біз үнсіз тыңдап отырмыз. Бір уақытта оқуын бітірді.
– Ал қалай екен, – дейді жайраңдай күліп. Біз іннің аузында іште жатқан түлкі қашан шығады екен деп тосқан арлан қас­қырлардай түксиіп-түксиіп отырмыз.
– Ішіміздегі сыншымыз сен ғой. Сен баста, – деді Қадыр қа­сын­дағы Зейноллаға. Ол: «Солай ма», – деп кеңкілдеп бір күліп алды. Дереу ширығып, бойын жинап алды. Сосын сөз бастады. Сөй­леп отыр, сөйлеп отыр. Есенжолдан жағдай кете бастады. Сөз­­ге Қадыр араласты. Зейнолланың тігісін жатқызып сөйле­ген­мен, ол да жарытпады.
– Бір қайнауы ішінде, дүмбілез дүние, – деді. Сөз маған кеп ті­рел­ді. Менің де қарық қылғаным шамалы.
– Өзің естіп отырсың ғой, босқа арамтер болыпсың, – дедім. Жұ­мекен тіпті қысқа қайырды. 
– Әй, Домбайбай одан да бірқақпай, юморскаңды айналдырып жүре бермейсің бе, – деді. Есенжол бір қызарып, бір сұр­лан­ды. Басын сипап, желкесін қасыды. Бір уақытта орнынан түре­гелді. Алдымызға дастархан жайылды. Үстіне Атырау жақтан кел­ген қуырдақ, балық, уылдырық, құмаршықтар қойылды. Енді жігіт­тер көңілдене бастады. Әзілкеш Қадыр: 
– Қалай батыр? Ашқарын сыншыларға шығармаңды тың­дата­мын деп, босқа таланып қала жаздадың ба!? Расын айтсақ, әлгі оқығаның тамаша әңгіме деді. Біз де жаппай бас барма­ғы­мызды көрсеттік. Есенжол сенерін де, сенбесін де білмей, аң-таң тұрып қалды. Мен үстел үстінде бүрісіп жатқан бір бума қағазды қолтығыма қыстырдым. Арада бірер апта өте «Лениншіл жаста» «Сорқабақ» дейтін әңгіме шықты. Онда айдалада кетіп бара жатқан геологтар машинасына соңынан қуып барып, өзі көптен осы арадан кен шығады-ау деп жүрген Сорқабақты көрсетемін деп, келесі жазда ойда-жоқта уран табылып, жыл сайын жазда жайлап жүрген жайлы қонысынан күшпен көшірілген қонақжай шо­панның басынан өткен әрі күлкілі, әрі зілді оқиғаны сурет­тейді. Бұл – сонау 1964 жылдың күзі еді. Артынан осындай адам, болмаған оқиға сияқты әрқайсысы алтын асықтай әп-әдемі дүниелер жазылды. «Болмаған оқиғасы» «Жұлдыз» журналында жарияланып, оқырман қауымды қуантты. Қазақ топырағында бар болғанмен, қазақ әдебиетінде әрі сирек ұшырасатын юмор­лық-сатиралық шығармалар жазуға батыл еді. Біреу сеніп, біреу сенбейтін, біреу сүйсініп, біреу иіссінетін шытырман оқиғаларға құрылған «Жаман жәутік» романы, «Көктемнің қара суығы» повес­тері оқырман көңілінен шықты. Аз жазса да саз жазатын тал­ғампаз прозашы өнерді, театрды, киноны жақсы көретін. Рес­публикалық, облыстық театралар сахнасында талай коме­дия­лық шығармалары қойылды. Айналасын қыран-топан күлкіге көміп жүретін ақ-пейілді, адал дос, бұл дүниеден өзінен бұрын қоштасқан достарының соңынан кетті. Өтіп бара жатқан дүние-ай десеңші!.." қайғыра еске алады.

Есенжол Домбаев туралы қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов ертеректе мынадай өлең жазған екен:

Бір түп жусан
(Есенжол Домбаевқа)

Вокзал..,достар...төбемізде күліп күн,
Поезд,гудок-шамын жақты үміттің.
Есақаңның тапсырмасы бар еді.
''Бір түп жусан''.Аттанарда ұмыттым...

Не деп айтам,сол еді оған керегі,
Белгілі ғой енді ағамның не дері.
Сертке тұрмай,кері тартқан көңілді,
Поезд алға әзер сүйреп келеді.

Мені-поезд,поезды уақыт желкелеп,
''Байғанинге'' кірген сәтте ентелеп.
''Шұбарқұдық'' бекетінен бір жусан
Жұлып алдым,түстім-дағы ертерек.

Сахнада сәтті ойналмақ ''нөмірім'',
Домбаетың ұзартардай өмірін.
Бір түп жусан болса-дағы қалтамда,
Жайланды да сала берді көңілім.

Көңіл содан көтерілді бусанды,
Қуанғаным қуантам деп қу шалды.
Еркелеткіш Есақаңның қолына,
Алматыға бардым,бердім жусанды.

''Қайран Нарын!,Махамбет пен Құрекең!..
Бір-бір түп ед Меңдекеш пен Жұмекен''...
Күлді сосын ''Мынауыңнан кәдімгі
Өтежанның иісі шығып тұр екен''.

Түр танытпай өкінген мен күйінген,
Деді: ''Қонбай аттанбайсың үйімнен...''
Қайран аға құшағына алды да,
Маңдайымнан бір иіскеді мейірмен.

Содан кейін жусан сезім ырғалып,
Сөйлеп кетті көкірегі нұрланып.
''Сені сүйіп бір иіскесем,Табылжан,
Ауыл жаққа барғандаймын бір барып''.

Қош айтпастан арнап келген ағама,
Ақшам бітіп,алты күн сап араға.
Сайтан кезген мына жынды қаладан,
Кеткем ақыр безіп мұңды далама..

Алыс жолдар,қиян-қиыр шартарап,
Атырауым қарсы алдымда шалқалап.
Дендеріме дедек қағып келемін,
Домбаевтың сағынышын арқалап.

Сурет: ziarullumina.ro

Ш. Талап