Аида Жантілеуова: "Театрмен ауырған адамның өмір бойы жазылуы мүмкін емес"

Аида Жантілеуова: "Театрмен ауырған адамның өмір бойы жазылуы мүмкін емес"

Құрметті оқырман, біз көктемнің алғашқы күні Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар және жасөспірімдер театрының әртісі, "Іңкәр" тобының бұрынғы әншісі, "Базарбаевтар отбасының" келінімен сұхбат құрып едік. Жас болса да, өнер саласында төселіп үлгерген Аида Жантілеуова көпшілік көрерменнің көзайымына айналып та алған. Жастар театрының "Қызыл орамалды шынары" атанған ару Алматы қаласында Эстрада және Цирк колледжін тәмамдаған. Аида Ғ. Мүсірепов театрында "Махаббат пен ғадауат", "Қызыл орамалды шынарым", "Ай-Қарагөз..." сынды және "А.И" театрында "Махаббат аралы" атты  қойылымдарда  басты рөлдерді ойнайды. Бүгіндері қазақ өнерінің көшін ілгерілетуде еңбек сіңіріп жүрген әртіс қыз Массагет сайтына арнайы сұхбат беруге бірден келісті. 

– Телехикаядағы рөл мен мен театрды қатар алып жүру сізге қиындық туғызбай ма?

– Мен үшін екі жақтың басын бірдей ұстап жүру қиынға соға қоймайды. Егер ол ісіңді жаның қаласа, онда оның қиындығы аса біліне бермейді. Әрине, бәріне үлгеру үшін тынымсыз еңбек ету керек. Мен үшін театрдың орны өте бөлек. Өйткені мұнда рухани азық аласың. Ол ғана емес. Театрда демаласың, рахаттанасың. Өзіме керектің барлығын театрдан аламын. Театрмен ауырған адам өмір бойы жазылуы мүмкін емес деп ойлаймын. Мен үшін оның емі жоқ сияқты. Ал кино саласы, бағдарлама жүргізу сияқты дүниелер – менің екінші жұмысым. Ол да керек сияқты. Себебі театрға онша бас сұға қоймайтын  халық сені алғаш теледидар арқылы таниды. Сол арқылы олардың театрға қызығушылығы артуы мүмкін. «Базарбаевтардың келіні мұнда қалай өнер көрсетеді екен?» деп театр табалдырығын аттайды. Өнер адамдарына жан-жақты болу әбден керек. 

– Телехикаяға түскенде сізге бір ғана камера қарап тұрады, ал театрда сізді мыңдаған көз бақылап отырады. Актерді көрерменнің көзі алдап, жаңылыстыруы мүмкін деп жатады. Сізде мұндай жағдай болған ба?

– Кино мүлде бөлек нәрсе. Театрда алдыңда бәрін бақылап отырған адамды алдай алмайсың. Сахнада жасандылықты емес, шын өнерді көрсету керек. Театрда, әрине, қаншама көз қарап отырады. Сен жалғыз өзің қойылым ойнап жатасың. Бізді бірақ көрерменнің көзі алдай алмайды. Өйткені жан-жақтан түскен жарықтар бізге көрерменге қарауға мүмкіндік бермейді. Образға кіріп шын ойнап жүрген адамды ешкім де жаңылыстыра алмайды. Менің тарапымнан ондай нәрсе болған емес. 

– Сахнаның киесі жоқ емес. Адам сахнаға шыққанда аяғы текке дірілдемейді. Сіз әр қойылымға шыққан сайын сахнаға алғаш рет шығып тұрғандай ойнайсыз ба?

– Сахнаның құдіретті екендігіне сенемін. Себебі өзімнің де төрт жыл қатарынан ойнап келе жатқан «Қызыл орамалды шынарым» қойылымына әр шыққан сайын аяғым дірілдейтіні бар. Тіпті дәл шығар кезімде тамағым құрғап тұрғандай болып тұрады. Кейде ішімде әлдекімдер айқайласып жатқандай болады. Бірақ бойдағы бар қорқынышты жеңіп, сахнаға қарай қадам басып шығып ойнап кетемін. Кейін бәрі біткеннен соң қалай ойнадым екен деп ойланып отырамын. Негізі мен сахнаның киесінің барына әбден сенемін. 

– «Базарбаевтар отбасында» Шерәлінің жарысыз, «Қызыл орамалды шынарымда» Ілиястың жарысыз. Ал өмір атты театрда кімнің жолдасы болар екенсіз? Мұнша рөлдерден кейін сіздің ибалы келін, адал жар боларыңызға да күмән келтірмейміз.

– Сұрағыңыз орынды. «Қашанғы біреудің келіні бола бересіз» дейсіз ғой? Әрине, өнерде жүріп-ақ келіндер мектебінен өтіп жүрмін. Ал шынайы өмірге шынайы көзқараспен қараған кезде, оның оңай еместігіне көзім жетеді. Сондықтан қыздарға "ақымақ" кездеріңде (18-19 жастарыңда) тұрмысқа шығып кетіңдер деп айтар едім. Өйткені бұл жастарда көп нәрсенің мәніне жете бермейсің, көп нәрсені бағалай қоймайсың. Тек сезіммен ғана алып-ұшып күйеуге шыға саласың. Ал мен енді ақыл тоқтаттым. Үлкен сахнада үлкен адамдармен бірге жұмыс жасап келемін. Жан-жағыма мұқият қараймын. Маған қандай жігіттердің мінезі сай келеді деп бәрін зерттеп жүрмін. Сол үшін де болар, маған қазір бір жігітке тұрмысқа шыға салу үшін көп ойлану керек. Өйткені бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. 

Бүгінгі таңда үйленіп алып ажырасу деген бас ауыртатын мәселелердің біріне айналды ғой. Сондықтан қателесіп тұрмысқа шығып алып, дәм-тұзымыз жараспады деп қайта ажырасқаннан Алла сақтасын. Менің әлі кем дегенде 2-3 жыл уақытым бар. Өзімді әлі кәрі қызбын, отырып қалдым деп айта да алмаймын. Жігіттер сөз айтпай жүр емес, айтып-ақ жүр. Тек көбімен мінезіміз келіспей жатады. Менің ішкі сезім мүшем өте жақсы жұмыс жасайды және алдамайды. Ол жігіттің маған деген көзқарасын бірден сезіп қоямын. Сондықтан мен әлі өз болашақ жарымды таба қоймадым. Дәл қазір қол ұстасып жүретіндей жігітім де жоқ. Жүрегім бос!

– Өткеніңіз жайлы ойласаңыз, не нәрсеге қатты өкінесіз?

– Алла сақтасын, өмірімде атап айтарлық өкінішті нәрсе болған емес. Мен кішкентайымнан қарапайым отбасында, баршылықта және жақсылықта өскен адаммын. Тәрбиеге де байланысты болар, әр нәрсеге қанағат етіп өстім. Менің жасағым келген нәрсеге ата-анам ешқашан да қарсы шыққан емес. Олар менің бар жағдайымды жасап өсірді. Сондықтан артта мен үшін өкінерліктей жағдай бола қоймады. Мен өмірді қатты сүйемін. Өзімді бүгінгімен де, ертеңгі көзқараспен де өмір сүре алатын адамдардың қатарынанмын деп айта аламын. 

– Егер өнер жолына түспегенде, қай салада жұмыс атқарар едіңіз?

– Егер өнер жолына түспегенде, еш ойланбастан сотта судья болушы едім. Өйткені менің мінез-құлқым осы мамандыққа әбден келеді. Мен адамдарды жақсы зерттеймін. Өтірік сөйлеп тұрған жанды бірден байқаймын. Мені ренжітіп, артымнан әңгіме айтқан адамды да тез біліп қоямын. Содан кейін ондай адамдармен өтірік күліп сөйлесе алмаймын. Ренжісем, ренжігенімді, жақтырмай тұрсам, онымда да білдіріп қоямын. Сондықтан мұндай мүмкіндік болса, еш ойланбастан, сот ісінде жұмыс атқарар едім. 

– «Жау жүрек мың бала» кинофильмінде эпизодтық рөлде көзге түсесіз. Оған қалай таңдалдыңыз? Басты рөлдерге өзіңізді ұсынып көрмедіңіз бе?

– Ол жерге 2011 жылы «Қазақ аруы» байқауы арқылы тап болдым. Қазақфильмнің президенті Ермек Аманшаев сол байқауда төрелік етіп отырған еді. Сол кісі менің актерлік шеберлігіме тәнті болған. Дәл сол кезде кинофильмге іріктеу кезеңдері бітіп кеткен екен. «Қап, әттеген-ай! Қорланға мінезің келеді екен. Бірақ біз бұл рөлге актерді белгілеп қойдық. Сонда да батыр қыздардың бірінің рөлін ойнайсың» деп мен үшін арнайы сөз жаздырды. Бір ауыз сөз айтсам да, ол менің қандай дарыным барын көрсеткісі келген шығар. Сондықтан ол кісіге үлкен алғысымды айтамын. Кішкентай ғана рөл болса да, соны халық байқапты. Тіпті квн ойнайтын жігіттер де қалжыңға айналыдырып алыпты. «Жау жүрек мың бала» тарихта қалатын фильм ғой. Кішкентай рөлдің арқасында мен де тарихта қалатыныма қуаныштымын.

– Жұлдыздар тарапынан ауыр сөз естіген кезіңіз болды ма? Жөнсіз сын айтқан үлкендер жайлы айта отырсаңыз.

– Ондай жетіп жатыр ғой. Оның бәрін шұқып айта берсең, жауыңды көбейтесің. Бір журналист айтып еді: «Жақсылар жақындасын, жамандар ықсын» деп. Сондықтан жан жүрегі таза, адал іс жасап жүрген жақсы жандар маған жақындасын. Ал арам ойлылар өз көлеңкесімен ықсын деп айтқым келеді. Өзім сыйлағанның – құлымын. Мен өте қарапайым болғанды жақсы көремін. Қалталы адамға барып жағымпазданғанша, көшедегі қарапайым халыққа жалпылдайын. Солардың көңілін табуға тырысайын. Карьера үшін жоғары жаққа жағымпазданғаннан соны артық көремін. Себебі халық көп. Көпшілік сені жақсы көрсе, олар үнемі сенің тілеуіңді тілеп отырады. Халқым жүректерін қолдарына ұстап, үнемі мені қолдап жүрсе, ол маған әсер етпей қоймайды. 

Бетіме келіп кемшілігімді айтып, жөнсіз сөз айтқан адам болған жоқ. Бірақ сыртымнан қысыр әңгіме айтып жүрген үлкендер де, жастар да бар. Талғат Теменов аға айтады: «Әр рөлді жақсы ойнап, танымал болған сайын сенің жауың көбейеді. Демек сен өсіп жатырсың. Қуан!» деп. Алғашында мен бәрін бірден көңіліме алып уайымдап жүретінмін. Оның бәрін енді түсініп жүрмін. Қазір мен бір сатыға болса да, өсіп жатыр екенмін ғой деп жауым көбейген сайын қуанатын болдым. Ал егер ешкім мені елемей жатса – менің түк те бітіріп жатпағаным. Сондықтан жақсылар жақындасын, жамандар ықсын.  

– Нәзік жандыларға айтар тілегіңіз қандай? Массагет сайты арқылы бүкіл әйелдер қауымын төл мерекесімен құттықтап алуға мүмкіндігіңіз бар.

– Бұрын мән бермеген екенмін: байқасам, кез келген нәзік жанды ару көктем шыға ерекше құлпырады. Мейлі, ол әдемі киінбесе де, боянбаса да. Сондықтан, көктем – біздің мерекеміз.

Құрметті, нәзік жанды арулар, аналар, сіздерді келе жатқан халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Жұртымыз аман болсын! Қыздарымыз өз қазақылығын жоғалтпасын. Иманды да, әдепті болсын. Сонымен қатар, қыздар, өздеріңді бағалай біліңдер! Сендер өздеріңді қалай бағаласаңдар, жігіттер де сендерді солай бағалайды. Аналарымыз бен әжелеріміздің дендері сау болып, қазақ қыздарына үлгі болып жүре берсін. 

Рақмет! Сізді де Массагет ұжымы атынан атаулы мерекемен құттықтағым келеді. Қазақ өнеріне қосарыңыз көп болғай!

Сұхбаттасқан және суретке түсірген: Ақерке Әбілхан

А. Әбілхан