Итальян суретшісі Паоло Веронезенің картинасы Ташкенттен табылды

Итальян суретшісі Паоло Веронезенің картинасы Ташкенттен табылды

Итальян суретшісі Паоло Веронезенің ХVI ғасырға жататын "Исаны жоқтау" картинасы Өзбекстанның Мемлекттік өнер мұражайынан табылды.

Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, картина түпнұсқа болып табылады. Картина авторы туындыны қайтадан жаңғыртуға жібергенге дейін белгісіз болып келген екен. Тек картинаны мұқият қараған арнайы мамандар бояу астынан "Исаны жоқтау" деген сөзді оқыған кезде ғана, туындының Паоло Веронезенікі екені анықталған. Одан соң мамандар картинаны сараптамаға жіберуді ұйғарған екен. Ал сараптама туындының түпнұсқа екендігін көрсеткен.

Бір қызығы, дәл осы картинаның түпнұсқа саналған тағы біреуі Санкт-Петербургтегі Эрмитажда бірнеше ғасыр бойы сақталып келеді. Екі картинаға да қайтадан сараптама жасаған мамандар туындының екеуі де бір адам қолынан жасалған деген қорытындыға келіп отыр. Яғни бұл Веронезе өзі салған картинаның көшірмесін де жасаған деген сөз. 

Қазіргі кезде табылған картинаны жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған кем дегенде 2-3 жыл уақыт кететін көрінеді. Одан соң жаңарған картина қайтадан өнер мұражайына қойылатын болады. 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: diletant.ru

Б. Қосмағамбет