Мансап жолында: X,Y, Z буын өкілдері

Мансап жолында: X,Y, Z буын өкілдері
Фото: venngage.com, коллаж массагет

Келер 2020 жылдан бастап бір уақытта үш түрлі буын өкіліне жататын жандардың бірге жұмыс істеуіне тура келеді – 1980 жылға дейін өмірге келген X буыны, 1981-1999 жылы өмір есігін ашқан Y немесе миллениал буыны және 2000 жылдан кейін дүниеге келгендер. Оларды Z-буыны деп атаймыз. Олардың талаптары, өмір құндылықтары мен ұстанымдары әр түрлі. Сондықтан, жұмыс беруші қазірден бастап оларға еркіндік беру қажеттігін немесе олардың ерекшелігіне сәйкес сақтық шараларын қолдану керектігін зерттей бастаған дұрыс. 

2017 жылы осы үш буынның ерекшелігі мен ұстанымдарын анықтау үшін әлемдік деңгейде үлкен зерттеу жұмысы жүрген болатын: Әлемнің 19 елінен 18 мыңнан астам маман мен студенттер қатысты. Олардың ұйымдастырушылары: INSEAD Emerging Markets Institute, Universum, MIT Leadership Center және HEAD Foundation. Ұйымдастырушылар мансап, бизнес пен жұмысқа байланысты сұрақтар бойынша буындар ерекшелігіне сәйкес жауап беріп, жұмыс берушілерге кадр саясатын дұрыс қалыптастыруға септігін тигізуді мақсаты етіп алды.   

Көшбасшылық қабілет:
Көшбасшы бола білу барлық буын өкілдері үшін маңызды: соның ішінде Y және Z буындарының 61% үшін маңызды болса, X буыны–57%. Олардың тұрғылықты жері бойынша да айрамашылық байқалған. Мысалы,  Скандинавия елдерінде Y буынының өкілдері көшбасшылыққа аса қызығушылық танытпаса, Мексикада керісінше: норвегиялықтар  47%, ал, мексикандықтар 76%. Ең жоғары көрсеткішті АҚШ (77%) жастары көрсеткен. Менеджмент саласы бойынша үш буын өкілдері де тікелей басқарудан гөрі, коучинг, яғни үйрету тәсілі арқылы басқаруды жөн санайды. Сонымен қатар, Z буыны көшбасшылықтың басты қасиеті еркіндік пен жауапкершілік екенін атап көрсеткен.  

Көшбасшылыққа ұмтылатын ер адам мен әйелдер арасындағы айырмашылық:
• X буыны — 63% ер азамат пен 52% әйелдер көшбасшылыққа ұмыталады;
• Y және Z  буыны — ер азаматтардың 63%-ы әйел адамдардың 61%-ы көшбасшы болуды қалайды.

X буынына жататын әйел адамдар үшін көшбасшылық кәсіптің дамуына өз үлесін қосатын мүмкіндігі мен өз тәжірибесімен бөлісе алатындығы арқылы қызықты болса, Y буыны көшбасшылықты коучингпен байланыстырады. Ал, Z буыны үшін жауапкершілік маңыздырақ. Үш буынның ер азаматтары жоғары жалақыны басты себеп еткен.

Одан бөлек, зерттеушілер көшбасшылық жолда оларға кедергі болатын нәрселерді анықтады. Әйел адамдар күйзелісті бірінші орынға қойды, кейінгі сатыға өздеріне деген сенімсізідік пен ер-әріптестеріне қарағанда төмен көрсеткішге қол жеткізу қорқынышын қойған. Ал, Қытайда миллениал әйелдер дамуға мүмкіндіктің аздығын алға тартса, АҚШ-та өз мақсаттарын шындыққа айналдыра алмаудан жасқанады. Ал, Швецияда шектен тыс жұмыс істеу қорқынышы бар.

Кәсіпкерлік:
Зерттеу бойынша барлық буын өкілдері жеке кәсіпкерлікпен айналсуға қызығатынын көрсетті. Z буының әрбір төртінші студенті өз бизнесін ашқысы келетінін айтты. Ал, егер халықаралық компанияда жұмыс істеу  мен өз ісін ашу мүмкіндігі туса қайсын таңдар едіңіз деген сауалға Z буынының өкілдері біріншісін таңдаса, қалған екеуін екіншісін жөн санайды. Әлемдік ірі корпорацияларда жұмыс істеу бойынша ең аз көрсеткішті Мексика мен Үндістан азаматтары көрсетті.

Технология
Болашақта кеңсе қызметкерлері үшін таптырмас жаңа технологиялық құрал туралы сұраққа «Зеттер» виртуальды шынайылық деп жауап қатты. X  буыны болса, виртуальды шынайылық адамға айтарлықтай әсер бермейтінін, болашақта бағдарламамен қамтамасыз ету, кодтау маңызды дағдыға айналатынын айтты.

Ал, технологияның адамдарға кедергі келтіре ме әлде көмектесе ме деген сауалға Ұлыбритания, Норвегия мен Швеция тұрғындары кедергі десе, Дания мен Мексика көмекші деген пікірге тоқталған.

Одан бөлек...
Барлық буын өкілдерін олардың атқарып жатқан істері өздеріне сай ма деген сұрақ жиі алаңдатқан. Әсіресе, Жапония, Испания мен Франция тұрғындары бұл қатарда көш бастап тұр. Ал, «икстіктерді» лайықты зейнетақы, өсуге мүмкіндіктің аздығы мен жұмыс орнындағы тұрақсыз мансабы алаңдатады.  

Қазақстанда:
Қазақстанда нақты статистикалық дерек жоқ болса да, өмірдің өзі көрсетіп жатқандай. Отбасын құруға, есеюге асықпайтын буын Z ертерек жұмыс істеп, өз мансабын қалыптастыруға тырысып бағады. Бірнеше жылдан соң, бұл буын өкілдері көшбасшылыққа келіп, аға буынды жаймен ығыстыра бастайды. Олардың талабы бір – жауапкершілік, әділеттілік пен еркіндік.

Т. Есқали