«Өлілермен байланыс болса, Толстоймен танысып алар едім...»

«Өлілермен байланыс болса, Толстоймен танысып алар едім...»

Әлемдік ән өнерінің шебері, италияндық атақты тенор Андреа Бочеллидің АҚШ-қа барғандағы тілшіге берген сұхбатын аударып ұсынуды жөн көрдік. Аskmissa.com порталының журналисі Мэри Грейс Родригес әңгіме барысында қатты қобалжығанын айтқан екен. «Өнердегі титанның» мысы басса қайтсін... Сұхбат пәлсапаға толы, адамның ой-ақылын қайрап, шынықтыра түседі.

Журналист: Сіз қай әніңізді орындағанды жақсы көресіз, неге?

Aндреа: Қалауым түсіп тұратын 3 ән бар:

"Менің жолым": Бұл ән мен сөздің ерекше үйлесім мен теңдік тапқан бірегей ән.

"La Vie En Rose": Бұл ынтық сезімнің әні, ойландыратын әрі орындау шеберлігіне басым назар аударатын шығарма.

"Қыркүйек таңы": Бұл бізге дауылдай соғып келетін қасиеті бар қуатты ән. Менің жастық шағымды бейнелейтін және өзім жиі ән айтып пиано-барда отыратын кездерімде еске түсіреді.

Ж: Сізге қандай дыбыстар, дауыстар ұнайды?

А: Біздің тіліміз. Мәселен біздің тілде айтылатын сөз орамдары мен байлығымызды басқа тілдерге аударуға келмейді. Аударылса да оған көңіл толмай тұрады. Мәселен біздің тілде керемет сөз бар, оны құрметті адамға айтады: «Мен сенің қамыңды ойлаймын». Бұл әрқайсымыздың естігіміз келетін керемет сөз деп ойлаймын. Себебі біреу-міреуге жаны ашып, қамын күйттеу махаббаттың арнасынан асып түседі.

Ж: Ал қандай дыбыстар, дауыстар сіздің жүйкеңізге тиеді?

А: Дисгармония, қарама-қайшы дүние. Түсіндірейін, біреулер өзара дауласып жатқандағы дауыс, бір-бірін елегісі келмейтін адамдар арасындағы құлаққа ұрған танадай тыныштық – міне, осылар негатив жүктейді.

Ж: Өміріңізде жақсылы-жаманды эмоция сыйлайтын даусы бар адамдар көп пе? Олар кімдер?

А: Ол менің туған-туыстарымның дауыстары. Серігімнің жылдам аяқ басқаны, асхана жақтан салдыр еткен ыдыс даусы, балаларым Амос пен Маттеоның пианинода ойнағандары, шырылы өмірі басылмайтын телефон, атамның байсалды жүретін сағатының түндегі даусы – бәрі де маған көңіл-күй сыйлайды.

Ж: Егер өлілермен байланыс орнатуға мүмкіндігіңіз болса, кімдермен танысып алар едіңіз?

А: Адамзат өмірі тарихына елеулі өзгеріс енгізген адамдар мені қатты қызықтырады. Мәселен, грек философы Блез Паскаль немесе әдебиеттің төресі Лев Толстоймен танысушы едім...

Ж: Ән айтудан басқа не істейсіз?

А: Кітап оқу, музыка тыңдау және жаттап зерттеу ән айтуымнан кейінгі істерім десе де болады.

Ж: Бала кезіңізден қалған бір естелігіңіз туралы баяндап беріңізші...

А: Мен 6 жасар бала кезімде үйден жырақтағы мектеп-интернатта оқыдым. Сонда үйден оқуға, ал кейін мектептен үйге барып алған кезде бір затыңның ұмытылып қалып кетпеуі мен үшін үлкен мәселе болатын. Бір дүниемді қалдырып ұмытып кетсем ол мен үшін қасірет еді. Ал ұмытпасам шын мәніндегі қуаныш сонда болушы еді. Менің тағы да есімде қалғандары мектептегі қоңырау, менің атымды айтатын портье және ата-анамның, жалпы мен жақсы көрген адамдардың дауыстары...

Ж: Тәуліктің қай мезгілін жақсы көресіз? Неліктен?

А: Күннің әр сәті де әдемі. Ол суретке айналады. Бірақ бұл тек біздің ойлау-қиялдау шегімізге байланысты. Әр сәтті құнды әрі қайталанбастай ету үшін әр адам баласы суретші секілді шешім жасауы керек те, іш пыстырардай уақытты ең қызық естелік ете алуы керек.

Ж: Осыны мен әрдайым есімде сақтайтын боламын. Себебі мен сіздің қамыңызды ойлайтыным рас. Рақмет!

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: dwshare.com, tsfer.ru

А. Құлтай