Әбіш Кекілбаевтың қанатты сөздері

Әбіш Кекілбаевтың қанатты сөздері
Фото: Уикипедия

Әбіш Кекілбаев  адам жанының шындығын танудың алуан түрлі тәсілін шеберлікпен игерген жазушы. Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Бұл әдебиет классигін танымайтын қазақ бүгінде кемде-кем. Назарларыңызға сөзге шешен, тілі орамды жазушының ел есінде қалған қанатты сөздерін ұсынамыз.

*  Ақиқаттың мекені — жүрек.

* Жалпақ əлемді аузыңа қарату үшін − рухани ерлік керек, жалпақ əлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін  рухани байлық керек.

Адам нәсілін жер бетінде баяндатып тұрған бірден-бір күш  мейірім мен рақым ғана.

Ақын үшін ең зымыран тұңғиық та  жүрек, ең шырқау биік те  жүрек.

Ақын еңбегінің жалғыз өлшемі – оның адам жүрегіне қанша жақындай алғаны.

Өнерде шəкірттік сезімін ұмытқан адам – ұстаз да бола алмайды.

Кез келген нəрседен үркіп, бетін шымшитын дарақы күлкі ілгері басуға емес, кері кетуге қызмет етеді.

Күлкі – шабуын білмесең, өз тірсегіңді өзің қиып түсіретін наркескен қылыш сияқты қатерлі қару.

Үлкен ақын – ел-ананың сан жылдап сарғая күтіп жүріп табатын сағынышты перзенті.

Адамдар əділ болса – өмір əрқашан əділ.

Қандай заманда да өз бақыты жолында күресе білмейтін адамның өз өмірін мазмұнды, мағыналы ете алуы еш мүмкін емес.

Мақтау мен масаттану  даусыз мойындаудың күнгей беті де, күндеу мен қызғаныш  көлеңке беті.

Мен əдебиетте іскер адамды да, қарапайым адамды да емес, рухани күшті адамды көрсетуді жақтаймын.

Арлы адам  ең күшті адам. Өйткені, ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойын ұсынбайды. Сондықтан оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін  өкінішті болуы мүмкін емес.

Мен өз басым əдебиеттің негізгі міндеті  əшкерелеу де, дəріптеу де, ақыл айту да, алдарқату да емес, адамдарды, адамдық тіршілікті əуелі өзің жете түсініп, сосын оқушыңды жете түсіндіріп, оның өзін-өзі рухани шыңдай білуіне түрткі болу деп ұғамын.

Менің, неге екені белгісіз, қоғам алдында адалдығы суреткерлік батылдығымен үйлесім таба алатын, оқушы алдында көзге түсуден гөрі көңілден шығуға тырысатын, қаламдастары алдында озып кеттім дейтін де, қалып кеттім дейтін де қаңқусыз, қақ-соқсыз, өзінің жұрт алдындағы қадірін білетін, бірақ соны айтуға қолы да тимейтін, аузы да босамайтын, арғымақпын деп адыраңдамайтын да, тұғырмын деп өз тұяғын өзі қажап тұғжыңдамайтын да орнықты қаламгерлерге ішім бұрады да тұрады.

Есептессек  уақытты есептейік!

Адам мен адамзаттың армандары ешқашан аласармайды.

Ұрпақтың ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы  өзі бастан кешкендерден түйген азды-көпті руxани тәжірибесі. Одан қол үзген қауым – келешегінен қол үзген қауым.

Таланттың үлкендігі — күрделі болмысты күркетауық сойғандай жайратып, ұшалап, мүшелеп алақаныңа салып беретіндігінде емес, сол болмыстың күрделі екендігін одан сайын ұқтыра, одан сайын тамсандыра түсетіндігінде болса керек. Дүниеге деген жайдақ көзқарасыңды – парасаттандыра, жадау көңіліңді – жасандыра түсетіндігінде болса керек.

Дүниедегі ең қатерлі кесапат  үйреншікті дағдының дегенінен аса алмау.

Көлгірлік  шындықтың аяғындағы тұсау.

Көңілдегі қорқасындай балқып, теңіздей толқып тұрған көп сауалдың басын дұрыс арнаға бастайтын  пәтуа.

Әдебиеттің міндеті — сергелдең жүректі басу, бейқам жүректі ояту.

Сенбегеннен қиянат көргеннен  сеніп тұрып қиянат көрген жаман.

Адам аң да болып өмір сүре алады.

Намыс  көздің де, көңілдің де томағасын алады.

Жұрттың бәрі жабыла мақтап жатқанда мақтау  кез келгеннің қолынан келеді. Мықты болсаң − мақтамай көр! Жұрттың бәрі жабыла даттап жатқанда даттау да  кез келгеннің қолынан келеді. Мықты болсаң  даттамай көр!

Шынайы суреткерлер бір тұстарда тым-тырыс қалса, оған таң қалмаған жөн. Tүсінген жөн...

Заманға таң қалма − адамға таң қал.

Бәріміз де  жұмыр басты пендеміз. Қай-қайсымыздың да көкірегімізге бір аяқ ас сияр. Оны жақсы білеміз. Кейде тіпті содан басқа ештеңе білмейміз бе деп қорқамын.

Кешегілердің еңбегін елемесек, бүгінгіміздің көңіліне қарамасақ  ертеңгілерді қайдан қарық қыламыз?!

Маңдай ашылу үшін тәуекелліл талап керек.

Тәуекелсіз қауым – тәуелсіз бола алмайды, алауыз қауым - азат бола алмайды.

Өзіне сенбейтін кісі төңірегіндегілердің бойынан ешқандай жақсы сипат, жақсы қасиет көрмейді.

Бейқамдық пен аңғалдық  аузы күйе қоймаған адамшылық.

Өзіне сенетіндер бейқам келеді.

Көңіл сабасына түспей  өмір сабасына түспейді.

Тым ерекше тылсым жұмбақ тұлға: мына дүниеге таң қалуға емес, таңқалдыруға келгендей.

Н. Үсенова