Бүгін – Алаш қозғалысының қайраткері, ғалым Халел Досмұхамедұлы дүниеге келген күн

Бүгін – Алаш қозғалысының қайраткері, ғалым Халел Досмұхамедұлы дүниеге келген күн
Фото: vk.com

Бүгін Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедұлының дүниеге келген күні. Мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп ол саяси және қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы ретінде де таныла білген арысымыздың еңбегі өлшеусіз десек қателесе қоймаспыз. Қайраткердің туған күніне орай оның "Миллион деген немене?" атты мақаласын ұсынуды жөн көрдік. Қаншама жылдар өтсе де маңызын жоймаған мақаланы оқи отырып, ел болашағына алаңдап үн қатқан арыстарымыздың ерлігіне еріксіз басымызды иеміз...

Айт алсақ, қадағы үш миллион сом, нан алсақ, қадағы бір миллион сом, бір тостаған сүт – он миллион сом, айында алатын маянамыз жүз миллионнан саналады… Сауда-саттыққа кірсең, ақша есебіне аралассаң миллионнан басқа сөз айтылмайды. Миллион деғен бұ күнде екі сөздің бірі болды. 

Төрт-бес жыл бұрын миллион деген санды анда-санда бір еститін едік. Он жыл бұрын бүтін Россияда миллион ақшасы бар адамның саны отыз-жиырмадан аспайтын еді. Бұ күнде миллион ақша әркімнің қолында жүр. Миллион дегеннің не екенін бұрын да анық ескеруші кісі аз еді. Бұ күнде жұрт тіпті шатасып кетті. Миллион дегеннің не нәрсе екенін ойлаушы кісі жоқтың қасында. Миллион не нәрсе десек жұрттың көбі миллион деген мынау деп жанынан шығарып бір жапырақ қағазды көрсетеді. 

Көптің миллионды мұнша жеңілдетіп жібергені дұрыс емес. Миллион баяғы миллион күйінде қалды, бірақ ақшаның басы кеміді. Осы күні қағаз ақшаның қадірі кетті, бұрынғы бір сом ақшаның басы осы күнгі әлденеше миллион сомның басымен тең болды. Қолы толған миллион деп аталған қағаз болған соң, сағат сайын «миллион-миллион» деп есіткен соң адам шатасып, оны жеңіл нәрсе деп ойлап кетті. Миллионның не екенін анық ескеру үшін оны бәсі өзгергіш ақшамен өлшеу керек емес. Өлшемі өзгермейтін нәрсемен санау керек. 

Миллионды түсіну үшін бірнеше үлгі келтірелік. Бір байдың миллион қойы болсын, бай қойын көгендесін. Сонда көгеннің ұзындығы екі жүз алпыс шақырым болмақшы. Ташкент пен Түркістанның арасы екі жүз елу шақырым. 

Миллион күн екі жүз жетпіс жыл болады. Иса пайғамбардың туысынан бері бір мың тоғыз жүз жиырма екі жыл өтті. Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мединаға көшуінен бері бір мың үш жүз қырық бір жыл өтті. Миллион қадам алты жүз шақырымнан артық болады. Ташкент пен Ақмешіттің арасы 514 шақырым. 

Миллион шырпыны (күкіртті) ұштастырып тіркесек ұзындығы елу шақырымдай шыбық болады. Шаштың бір түгі миллион рет жуандаса, жуандығы алпыс құлаш бағана болады. Ахметтің екінші жылдық «Тіл құралы» 120 бет болмай, миллион бет болса, қалыңдығы елу шақырым кітап болады. 

Шырпының жарым ені бір миллиметрге шамалас. Миллион миллиметр бір километрге тең. 

Бір сомдықтан жаныңда миллион ақшаң болсын. Сомдап сана- ғанда қай уақытта санап бітірер едің? Күніне он сағат жұмыстанып, секунд сайын бір сомнан санасаң бір айда азар санап боласың. 

Миллион деп ғылымда мың мыңды айтады. Миллионды жеңіл түсінуге бір үлгі келтірдік. Бір байдың мың қора қойы болсын, қора сайын мың қойдан болсын. Сонда барлық қойдың саны миллион болады. 

«Есептану» миллионды алты нөлмен белгілейді (1000000). Он мыңды түмен деп атайды. Жүз түмен миллион болады. 

Мың миллионды миллиард дейді. Миллиард тоғыз нөлмен таң- баланады (1000000000). 

Миллион миллионды ғылым тілінде биллион дейді. Биллион он екі нөлмен жазылады (1000000000000). 

Миллион биллионды триллион деп атайды. Триллион он сегіз нөлмен жазылады (1000000000000000000). 

Жер дүниеде шіріген байдың көп жері – Америкада 1914 жылға дейін ең артқан байлардың дәулеті миллиардтап бәстенетін еді. Бұларды миллионер деп атайтын. Кешегі сұрапыл соғыста байлар жер жүзіндегі еңбекшілдерді бір-біріне айдап салып, үритсоқ қылып соғыстырып, өздері соғыс құралдарын сатып, орасан пайда қылған. Бұлар тиыннан жүз сом, мың пайда көрген. Соғыстан соң Америкада мүлкін миллиардтап санайтын байлар пайда болған. Бұларды миллиардер деп атайды. 

Миллион деген санның ұшы-қиырына жетудің қанша қиын екенін жоғарыда айттық. Миллиардтың, биллионның, триллионның өлшеуін меңгеріп алу тіпті киын. Бұларды желдей ескен адамның ойы ғана өлшей алады. 

Көздің ұшында бұлдырап көрінген малдың қайсысының үлкен екенін, қайсысының кіші екенін, қайсысының жақын, қайсысының алыс тұрғанын болжау киын. Тек бір топ қара бұлдырайды. Жай адамға миллион, миллиард, триллион дегеннің бәрі бейне осы мал сықылды. Ғылым оқып, есеп тануға жеткен адамға болмаса, жай адамға миллионың да, миллиардың да, биллионың да, триллионың да бәрі бір есеп, бәрі бір бұлдыр нәрсе. 

Бірақ тентек заман миллионды бұлдыраған қарадан айырып, бізге жақындатып қойды. Сондықтан шатасуды қойып, миллионды анықтап тану қажет болды. 

Халел Досмұхамедұлы
«Сана» журналынан, 1923-24 жж

Ж. Жұмағұлов