Ұлы фотограф Ирвин Пеннге арналған көрме ашылады

Ұлы фотограф Ирвин Пеннге арналған көрме ашылады
Фото: vk.com

«Егер мен бір нысанға көз алмай қарап тұрсам, бірнеше уақыттан кейін ол мені елітіп әкетеді. Фотографты қарғыс атты деген осы»
Ирвинг Пенн 

Метрополитен мұражайында өткен ғасырдың ұлы фотографтардың бірі Ирвин Пенн шығармашылығына арналған көрме ашылмақ.

Фотографтың 100 жылдығына орай, мұражай ұжымы нағыз суретшінің ерекше композициялық көзқарасы және айрықша үйлесімділікке толы фотосуреттерін топтастырып, көлемді ретроспектива жасамақ.

Irving Penn: Centennial аталатын көрме сәуір айының жиырма төртінші жұлдызында ашылып, америкалық фотограф шығармашылығының тарихындағы ең көлемді экспозицияға айналады деп жоспарланып отыр.

200-ден астам фотография қатарында автордың жұбайы Лиза Фонссагривздің портреттері, Vogue журналына арналған түсірілімдер, сондай-ақ, гүлдер мен таңдаулы натюрморттары бар. Ең маңыздысы, Пабло Пикассо, Трумен Капоте, Ингмар Бергман мен Иссей Мияке сынды сол ХХ ғасырдың ұлы тұлғалары мен мәдениет қайраткерлерінің фотосуреттері де көрмеден өздерінің лайықты орындарын алады.

Жаңа экспозицияда Метрополитен мұражайына  Ирвин Пенн қоры табыстаған көптеген құнды туындылардың бірегейі ғана көрсетіледі. Irving Penn: Centennial көрмесі 30-шілдеге дейін жалғасады. Нью-Йорк қаласына жолыңыз түсіп жатса, 5-ші авеню көшесіне ат басын бұрыңыз.

Естеріңізге сала кетейік, әйгілі фотограф Ирвин Пенн Нью-Джерси штатында Плайнфилди қаласында 1917 жылы 16 маусым күні Гарри Пенн мен Сони Гринберг отбасында дүниеге келген. Оның 1922 жылы дүниеге келген інісі Артур Пенн де режиссер әрі продюсер ретінде танылды.

Пенн 1934 және 1938 жылдар аралығында Филадельфия мұражайы жанындағы өнер мектебінде білім алған. Онда көркемсурет, графика және дизайн сабақтары бойынша өзін үздік көрсетіп, кейін танымал Harper's Bazaar журналының редакциясында қызмет атқарған.

1940 жылы Пенн Saks Fifth Avenue ұжымында көркемдік жетекші болды. Шығармашылық еркіндікке құмартқан фотограф жұмысын тастап Мехикоға аттанады. Онда бір жыл бойы сурет салумен айналысып, фотоөнерге бойлайды.

Нью-Йорк қаласына қайтып келген соң, Ирвин Пенн сән інжілі саналатын Vogue журналының арт-директорының орынбасары болып тағайындалады.

1943 жылдың қазан айында Ирвин Пенн түсірген фотосурет алғаш рет Vogue журналының мұқабасына шығады. Бұл автордың теңдессіз туындылар жасаудағы алғашқы қадамы ғана болатын. Кейін, оның түсірілімдері нағыз культке айналды. 

А. Оралқызы