Шопеннің бақытсыз махаббаты

Шопеннің бақытсыз махаббаты
Фото: chopin2015.medici.tv

Екі жанды табыстыратын сырға толы махаббат сезімінің бастау алған оқиғасы қашан да қызық әрі еліктіреді, тамсандырады және әрбір жұптың әңгімесі өз алдына бір бөлек. Олардың әрбірі тыңдағанды түрлі тәтті сезімдерге бөлейді. Бір-біріне бір кездері таңсық жандардың жүректері тылсым күштің арқасында туыс болып кететіні таңғалдырады...

Дүниежүзілік тарихта қалған ұлы музыкант Шопен де Жорж Сандты алғаш кездестіргенде, оған ғашық болу ойына кіріп-шықпаса керек. Тіпті, еркекшора келген, әйел сиқы жоқ «сүйкімсіздеу» Сандты ол ұнатпаған екен. Олар танысқан жыл 1836 болатын. Қонақасыға дос-жаранды жинап, олардың кездесуіне сеп болған ортақ достары д'Агу графиня еді. Ол кезде ел арасына танылып үлгерген жазушы Жорж Сандтың 33-ке келген шағы. Шопеннің жас әйелді ұнатпауы да түсінікті: себебі ол ер адамдарша киінген, аяғында ұзын бәтеңке, қолында ұзын сигара. Тіпті, Аврора есімді әдемі есімін ер атына ауыстырып алған. Жазушының бұл стилі өзінің феминистік көзқарасын жеткізудің өзінше жолы болса керек. 18 жасында тұрмысқа шығып, екі баланы өмірге әкелгенімен, Аврора ешқашан бақытты болмады. Өзі тұрмысқа шыққан Казимир Дюдеван есімді кіші офицер жігіт жас жарына тек үйдің жиһазы ретінде қараса керек. Оны ешқашан көзге ілмей, қымсынбастан, ашық көзіне шөп салып жүрді. Ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрыс та дағдыға айналған. Сүйтіп жүріп, бұл шаңырақта Соланж есімді қыз бен Морис есімді ұл туылады. Екі балаға қарамастан, 12 жыл өткен соң, ақыры екеуі ажырасады да, Аврора балаларымен бірге Парижге аттанып, жұбанышын жазушылықтан табады. Алғаш жарыққа шыққан «Индиана»  аты еңбегінен кейін бірден танымал болған, алайда, ер адамдарға қапалы Аврора киім үлгісін әлгіндей стильге ауыстырып, нағыз феминистке айналса керек. Соған қарамастан, оның көңілдестері үзілмейтін. Аврора олардың ешбірін жақсы көрген жоқ. Талантты музыкант Шопенді кездестіргенге дейін жазушы әйелдің артында осындай өмірлік жүгі болатын... 

д'Агу ханымның үйіндегі сол бір кеште екеуі қайта тілдесіп, бұл жолы Шопен алғашқы ойынан қайтады. Бірақ ол Жорж Сандқа көңіл қоймағанмен, ол Шопенді ұнатып үлгерсе керек. Осыдан кейін жазушы әйел Фредерикке ынтығып, үнемі онымен кездесудің амалын іздеп жүреді. Алайда, одан жауапты сезім алу үшін Аврораға бір жарым жыл күтуге тура келген көрінеді. Олар екеуі де өнер адамдары болғанмен, мінездері екі түрлі болды. Композитор зиялы, ұстамды және аздап ұяң келсе, Аврора керісінше, қызба, әдеттен тыс әрекетке жақын болатын. Олар бір-біріне тартылатын кереғарлық секілді еді. Аврораға тіпті, азаматының аздап жасықтығы, тұйықтығы ұнайтын. Шопен оны шын атымен атайтын және қалауынша оған көбіне белдемшелер кигізетін.

Шопен бала кезінен өкпе ауруымен ауырады екен. Шопенді бұл ауруынан айықтыру үшін Аврора ауа-райының емдік қасиетіне үміттеніп, онымен бірге Испания еліндегі Майорка атты елдімекенге аттанады. Алайда, осы тұста олардың қиындықтары басталады. Олар келгеннен Майоркада нөсерлетіп, күннің көзі ашыла қоймайды. Екеуі жалдамалы үйде тұрып, Аврора жарының жанынан бір сәтке де алыстамай, оның күтушісіне айналады. Ал үй иесі Шопеннің ауруы жайлы білген соң, олардан тез арада үйді бостауларын талап етіп, қолданған заттардың бәрі үшін айыппұл сұрайды. Себебі ол заманда науқас адам қолданған заттар түгел отқа тасталатын. Жаңа пәтер табу олар үшін мүмкін болмады. Себебі композитордың ауруы жайлы құлағдар болған бүкіл мекен оларды қабылдаудан бас тартады. Ақырында екеуі монастырьді паналап, Аврора жарына күндіз-түні күтім көрсетеді. Алайда, Шопеннің ахуалы оңала қоймайды. Олар Францияға оралуға бел буады. Ешбір кеме науқас жолаушыны алғысы келмейді. Жорж кеме қожайындарына жалынып, француз композиторына аяушылық танытуларын өтінеді. Тек бір ғана кісі келісім беріп, оларды ең нашар кемеге орналастырады. Себебі жөні түзу кемедегі заттарды жағып жіберу тиімсіз еді. Олардың жолсеріктері мың сан шошқалар болды және оларға жасалған жағдай әлдеқайда жақсырақ еді.

Елге оралған соң, олар Жорждың үйіне орналасады. Бұл 1839 жылдың ақпан айы еді. Бірте-бірте Фредериктің жағдайы түзелгенімен, Жорждың жарына деген көңілі суиды. Бір жағынан, Жорждың ойынша, ол осылайша Шопенді артық қатерден арылтқандай еді. Ол жиі өзінің үш баланың анасына айналғанын айтатын. Осылайша олар алғаш табысқаннан бері қарай он жыл бірге болды. Ал 1847 жылы екеуі айрылысады. Оның бір себебі – Фредериктің Жорждың ұлы Мориспен үзілмейтін керісуі еді. Ол есейіп қалған ұл баланы өзінше тәрбиелеуге тырысатын. Тағы бір себеп – Жорж қызымен сөзге келіп қалса, Фредерик әрдайым Соланжды жақтайтын. Бұл, әрине, Жоржды ызаландыратын. Ол жарының қызына құпия түрде ғашық болып қалды деген ойға барып, ашулана түседі. Осындай, түрлі тұрмыстық мәселелерге байланысты ұрыс-керіс жиілеп, ақыры Шопен бөлек шығады. Ал оған қатты өкпелі Жорж хаттарына жауап беруін тоқтатады. Композитор жарынсыз өзін жалғыз әрі бақытсыз сезініп, денсаулығы одан сайын нашарлай түседі. Олар сол күйі қайта татуласпайды. Нәтижесінде, Фредерик Шопен 1849 жылы 39 жасында көз жұмды. Оның соңғы сөздері: «Ол маған өз қолымда жан тәсілім етесің деп уәде берген» деген сөздер болса керек...

Ал Жорж Санд жарынан гөрі ұзақ өмір сүрді. 60-қа келген шағында жұрт оны 39-жасар суретші Шарл Маршалмен көңіл қосқан деп сөз етеді. Алайда, Шопенмен айрылысқаннан кейін ол ұзақ уақытқа дейін адалдығын сақтады. Аврора Дюпен, яғни, Жорж Санд, 1876 жылы 72-ге қараған шағында көз жұмады.

Дереккөз: anabol.kz

Г. Берік