Өлімін өмірге өзгерткен Сервантес...

Өлімін өмірге өзгерткен Сервантес...
Фото: culture.ru

Арманшыл ақынға тұрмысқа деген икемділік жетіспеді, ол не өзі қатысқан әскери ұрыстарынан, не әдеби шығармаларынан ешқандай пайда таппады. Оның мансапқұмарлықтан ада жаны атақ пен даңқ жинау жолында емес, өзінің нағыз құмарлығы жолында еңбектенуге жетелеп тұратын... Оны көрген адамдар жазушы жанының көркем де ерекше дүниелерге деген ес-түссіз ғашықтығын байқайтын. Романтикалық көңілге бейім жүрек оны біресе сары уайымға салып, біресе тым көңілді ететін. Ол өзінің қиын тағдырында батылдық таныта білді, ал данышпандығы оның қарапайымдылығын өшіре алмады.

Бүгін, 29 қыркүйек әйгілі испан жазушысы Мигель де Сервантес Сааведраның туған күні.  

Әлем әдебиетінің жақұты “Дон Кихот” романының авторы Сервантес 1547 жылы Алькала-де-Анарес елді мекенінде қарапайым кедей отбасында дүниеге келген. Кейін Вальядолида қаласындағы иезуиттер коллегиясында білім алады. Еуропа флотының түріктермен соғысы кезінде испан әскері қатарында қызмет етіп, ұрыс барысында сол қолынан айырылады. 1575 жылы Отанына қайтып келе жатқан жолда теңіз қарақшыларының қолына түсіп, Алжирге құлдыққа сатылып кетеді. Тұтқыннан 1580 жылы миссионерлер босатып алды. Әскери қызметтен оралған соң, кеш болса да әдеби шығармалар жазумен айналыса бастайды. Алайда бұл мансап ешқандай қаржылық пайда әкелмегендіктен, жан бағу мақсатында 1587 жылы Севильяға көшеді. Ол жердегі портта сауда ісімен айналысып, бірнеше рет түрмеге жабылды.

Сервантес тұңғыш шығармаларында жастық шақ пен махаббат тақырыптарын қозғай бастады. 1585 жылы жарық көрген “Галатея” пасторальдық романында екі бақташының сұлу Галатеяға ғашық болуы бейнеледі. Оның отызға жуық драмалық шығармасы Мадрид театрларында сахналанған болатын. “Алжир каторгасы” аталатын пьесасы сүйіспеншілік туралы сөз етсе, “Алжир әдет-ғұрпы” шығармасы алжирлік жұбайлардың тағдырын бейнелейді. “Нумансия” трагедиясында Сервантес Рим әскері шабуылына қарсы төтеп берген ежелгі қала тұрғындарының ерлігін насихаттаған. Ал, “Нақыл новеллалары” повесінде ерлік пен махаббат, уақыт, мінез мәселелері жайлы толғаныстар, адамгершілік, қайырымдылық тақырыптары қамтылған. Оның “Парнасқа саяхат” поэмасы, “Сегіз комедия мен интермедия” т.б. көптеген туындылары бар.

Бірақ, оның Сервантес есімін дүние жүзіне танытқан шығармасы — “Дон Кихот” романы. Алғаш рет жазушы бұл туындыға түрмеде отырған кезінде кіріскен. Шиеленіскен оқиғаларға толы жақұт туындыда 700-ге жуық кейіпкер бейнеленген. Қайта өрлеу дәуірі үздік туындыларының бірі саналатын шығарма әлем әдебиетіне зор ықпал етті. Романда адамгершілік қасиеті мол, бірақ өмірден мүлде алшақ тұрған қиялшыл идеалист, сері Дон Кихотқа қарапайым да іскер, өмірге бейім атқосшы Санчо Панса бейнесі қарсы қойылған. Дон Кихот бейнесі кейін қиялшылдықты, шынайы өмірден алыстаған адамдарға байланысты қолданылатын жалпы есімге айналды. Керемет талант иесінің өмірін зерттеген биографтарының бірі Шальдің оған берген мінездемесіне мән берсек Дон Кихот пен автор мінезі және көзқарасына қатысты параллельдік байқалады.

Ұлы жазушының шығармашылығымен тереңірек танысқыңыз келсе Ә.Баженовтің аудармасындағы Сервантес шығармаларының 4 томдығын оқыңыз. Классикалық әлем әдебиетінің теңдесіз туындысын білу – әдебиетсүйер қауымның парызы.

Сервантес бір сөзінде "Өмірде өлімнен басқаның барлығын түзетуге болады" деген екен. Ол болса, әдебиетте қалдырған өшпес атымен өз өлімін мәңгілік өмірге өзгерте білді.

А. Оралқызы