Жиырма жасқа жетпей жеңіске жеткендер

Жиырма жасқа жетпей жеңіске жеткендер
Фото: freshet.wordpress.com

Әлем қызыққа толы. Тіпті кейбір нәрселерге таңдай қақпасқа болмайды. Кемеңгер боп жаратылған жасөспірімдерді көргенде, олар жайында естігенде кімнің болсын қызығушылық танытары анық. Бала күнінен ғылым мен білімге құштар болып, сол салада жаңалық ашып үлгерген, болмыстары бөлек, жастары 20-ға жетпей жетістікке жеткендер жайында әңгіме өрбітеміз.

Микаэла Фудолиг 

Микаэла Фудолиг – 11 жасында Филиппин университетіне оқуға түсіп, бакалавр дәрежесін физика мамандығы бойынша 16 жасында бітіріп шықты. Бұл зерек қыз қазір 25 жаста, осы университеттің профессоры болып жұмыс жасайды.

Акрит Ясвал 

Акрит Пран Ясвал – Үндістандық бұл жас жеткіншек әлемді аузына қаратқан талантты бала. Ең алғашқы хирургиялық операциясын жасаған кезде жасы небары жетіде болған. 12 жасында университет табалдырығын аттап, 17 жасында магистрлік білімін қолданбалы химия мамандығы бойынша жалғастырған. Ол бүгінде 23 жаста, қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап табу үстінде. 

Тейлор Рамон Уилсон 

Ол әлемдегі ең жас термоядролық реакциялардың құрылғысын ойлап тапқан ғалым. 10 жасында ядролық қару құрастырып, 14 жасында осы жетістікке қол жеткізген. Рамон Уилсон 2011 жылдың мамыр айында Халықаралық техника ғылымдарының шәкіртақысын жеңіп алды. 

Камерон Томпсон 

Камерон Томпсон – Солтүстік Уэлс елінің ең жас математигі. Ол 4 жасында ұстазының қателігін тауып, түзеп берген. 11 жасында Ұлыбританияда ашылған математика ғылымдары саласын оқытатын университеттің студенті болып қабылданды. Түсе салысымен ғалымдардың берген есебін шешіп, BBC арнасына қонаққа шақырту алды. Қазір небәрі 19 жаста.

Джейкоб Барнетт 

Джейкоб Барнетт – АҚШ-тың математигі. Екі жасқа толған шағында дәрігерлер оның бойынан аутизм ауруын тауып, оған сөйлей алмайды және жаза да алмайды деген диагноз қойған. Дегенмен 3 жасқа толған шағында бұл диагноз жоққа шығарылды. Джейкоб әліппені соңынан басына, басынан соңына дейін еркін оқи алатын болған. Ол 10 жасында Индианаполис университетіне түсті. Қазір 17 жаста, кванттық физика саласы бойынша жұмыс істеп жатыр.

Марк Тянь Боэдихарджо 

Гонконгта дүниеге келіп, Гонконг университетінің ең жас студенті атанған бұл жасөспірім ол кезде 9 жаста болған. Оның бүгінде Математика ғылымдары және математикадағы философия мамандықтары бойынша қос бірдей дипломы бар. Ерекше жаратылуының арқасында Марк Тянь АҚШ-тың математикадағы философия ғылымдарының докторы дәрежесінедгі шәкіртақы алып отыр. Қазір 18 жаста.

Қай жаста болмасын, адамның ақыл-есі өзінің талабы мен жаратылысына қарай дамып отырады. Сіздің де ерекше болуға мүмкіндігіңіз бар. Әрбір адам жеке тұлға ретінде өзіне сенуі керек.

М. Ақан