Сұлулығы үшін спагеттиге қарыздар Софи

Сұлулығы үшін спагеттиге қарыздар Софи
Фото: www.google.com

“Оның жүріс-тұрысынан барлық Итальяны көргендей боласың. Мұнда Питти сарайы да, Уффици галереясы да, Венеция гондоласы да бар...”

Роберто Бениньи

Итальяның аты аңызға айналған кино актрисасы Софи Лорен 1934 жылы 20 қыркүйекте Рим қаласында дүниеге келген. Ол кедей отбасында тәрбиеленсе де, 1951 жылы бастаған актрисалық мансабында кино шыңын бағындыра білді. “Екі әйел” фильмінде сомдаған ролі үшін 1961 жылы Оскар сыйлығына, ал 1991 жылы Америка киноакадемиясының арнайы премиясына қол жеткізді. Жолдасы, белгілі режиссер Карло Понтимен 50 жылдай бір шаңырақ астында өмір сүрді. Жас Софи алғашқы қадамдарынан-ақ нағыз классикалық итальян әйеліне тән сұлулығымен барша кино сүйер қауымды баурап алған еді. Қазірде 80 жастан асқан Лорен күллі әлем жұртшылығы үшін қарттыққа мойынсынбаған, “жастықтың  эликсирін” тапқан бірден-бір әдемі әйел қатарында.

Жолдасы Карло Понтимен

Белгілі актриса аталған атақ-даңқтан бөлек Канн (1961), Венеция (1958, 1998, 2002), Мәскеу (1965, 1997), Берлин (1994) сынды барлық негізгі кинофестивальдерінің құрмет марапаттарына ие. Сонымен қатар, Сан Себастьян (1974) Халықаралық кинофестивалінің үздік актрисасы сыйлығының лауреаты және «Алтын Глобус» сыйлығының арнайы «Әлем жұртшылығының сүйіктісі» номинациясы бойынша бес дүркін жеңімпазы. 1962 жылы шет тілдегі фильмнің үздік актрисасы номинациясы бойынша «Оскар» жүлдесіне бірінші ұсынылған өнер иесі. 1991 жылы «Есте сақталар рөлдерге бай және кинематограф саласына өшпес жарық сыйлаған мансабы үшін» деген анықтамаға сай тағы бір құрмет «Оскарын» алды.

Ол ең алғаш 1954 жылы Витторио де Сиканың «Неаполь алтыны» фильмінде ойнаған рөлінен бастап беделді кино сарапшылардың көзіне түсе бастады.  Софидің бала кезден өзі көріп өскен қарапайым халық арасынан шыққан әйел адамдардың рөлдерін асқан шеберлікпен ойнай білуі кино әлемін тамсандырмай қоймады.

Ал, Альберто Моравиа романының желісі бойынша түсірілген неореалистік «Чочаре» фильмінде сомдаған ана рөлі Софи жетістіктерінің шыңы саналады. Осыдан кейін Лорен ханымға барша әртістің асыл арманы Голливудқа жол ашылып, ол мұхит асып “американың армандар фабрикасына” жол тартты.

Голливуд кино өндірісіне жасаған 15 жылдық саяхаты барысында ол көптеген даңқты жұлдыздармен, мысалы, 1958 жылы Энтони Перкинспен «Шегіршін астындағы махаббат», Энтони Куинмен «Қара сүйсін»,  1960 жылы Кларко Гейблмен  «Бұл Неапольде басталған», одан келесі жылы Питер Селлерспен «Миллионерлер», Чарлтон Хестонмен «Эль Сид», Алек Гиннеспен «Рим Империясының құлауы», Пол Ньюманмен  «Леди Л.», Грегори Пекпен «Арабеска», Марлон Брандомен «Ганконгтік Графиня» тағы да басқа фильмдерінде бірге ойнаған.

Атақты “Даңқ алаңында” өз атындағы жұлдызы бар италиялық актрисасы өнерімен қоса өтімді қалжыңымен де белгілі екен. “Бар әдемілігім үшін спагеттиге қарыздармын” – дейтін Софи сұлулық символы болып қала бермек.

А. Оралқызы