Өркен Кенжебектен өнегелі кеңестер

Өркен Кенжебектен өнегелі кеңестер
Фото: massaget.kz

5-8 тамыз күндері Қапшағай қаласы Алтын Емел демалыс орнында Алматының жас көшбасшылары шоғырландырылыған "Болашағыңды басқар" атты лагерь өткенін хабарлаған едік. Мұнда лидерлер жай демалып қоймай, білікті мамандардан қызықты дәріс алып, білім қоржынын толтырып келді. Жалынды жастарды бірі білмейтін мағлұматпен құлағдар еткен журналист-блогер Өркен Кенжебек Массагет сайтына сұқбат берді.

– Ешкім де іштен бәрін біліп тумайды. Тың білім қорын қалай жинадыңыз?
– Мақтанғаны демеңіз, бірақ, әріп таныған 6-7 жасымнан бастап талғамай әртүрлі саладағы кітаптарды оқыдым. Мәселен Карл Маркс, Лениннің 54 томдығы, дым білместің оқиғалары, (атам химик болған), металдардың қосындылары, химиялық реакциялар туралы кітаптар. Сол кездегі сан алуан ғылымдар туралы жинаған ілімім кейін әртүрлі қызық ақпараттарды іздеп жүріп оқуға деген қызығушылығымды оятты.

Менің ойымша, адам білімді болуы үшін арманшыл болуы керек. Мысалы, мектеп кезінде мен косманавт болуды армандадым. Косманавт болмасам да, ғарышқа ұшатын зымыран құрастырсам деп ойлайтынмын. Ал армандау үшін адамға жақсы образ керек. Ол образ менде ең алғаш Кеңес Одағының ғарыш кемесін құрастырып, Юрий Гагаринді ғарышқа ұшырған – Сергей Павлович Королев еді. Қарап тұрсаңыз, менде арман бар, оны жүзеге асыру үшін образ табылды, енді ізденіс керек. Осыған байланысты В.М.Глушков, Кондратьев, Мстислав Келдыш, С.Королев, К.Э.Циолковский деген сияқты ғалымдардың еңбектерін оқыдым. Ол кезде мен әлі мектеп партасындағы оқушымын. Ал косманавтика туралы ілім оқушыға не керегі бар деп ойлайсың?! Шындығында, ол кітаптарды бала кезімдегі арманыма қол жеткізу, қол жеткізбесем де, рахат алу үшін оқыдым. Кейін ер жетіп, студент атанғаннан бастап кітаптарды таңдап оқитын болдым. Соңғы оқыған кітаптарым: Гарвард университеті экономисі Чхан Ха Джуннің «Капитализм туралы айтылмайтын 23 құпия», біздің бостандығымыздың құны қанша деген сияқты қызықты сұрақтарға жауап іздейтін «Свобода на продажу» кітаптары, сонымен қатар, Ася Казанцеваның "В интернете кто-то неправ!" және ең соңғы шыққан хит кітаптардың бірі – Леонард Шлейннің "Мозг Леонардо" кітабы. Осы сияқты қазіргі бестселлер кітаптарды оқысаңыз, жыл сайын өзгеріп жатқан қоғамдық-саяси ұстанымдар туралы жаңаша көзқарасқа ие боласыз.

– Жастар әлеуметтік желіні тиімді әрі мөлшермен пайдалануы үшін қандай шара қолдану керек?
– Бұл сұраққа келгенде мен жаңа медиа саласының үздігі, блогер Асхат Еркімбайдың сөзіне қосыламын. Біз медиасауаттылықты мектеп жасынан бастап оқытуымыз керек. Мәселен, Асхат Еркімбай: "Мектептегі информатика пәнінің орнына медиасауаттылық деген пәнді енгізейік" дейді. Өйткені, жастардың бәрі ертең программист болмайды, ал медиасауаттылық барлық адамға керек. Менің ойымша жастарды әлеуметтік желіні тиімді пайдалануға үйретуге болады. Олардың қолында құрал бар. Бірақ, көбісі қалай қолданарын білмейді. Игеруге болатын қаншама қазына бар. Сол қазынаға шама жеткенше еретерек қол жеткізсе, біз армандаған көшбасшылар, мықты мамандар шығады деп ойлаймын. Біздің мақсат – бағыт беру, қалғандарына жастардың өздері-ақ жетеді.

– Көпшілік жастар есте сақтау қабілеті төмен екенін айтып шағымданады. Сіздің жадыңыз жақсы болуының сыры неде?
– Есте сақтау қабілетін жақсартатын аранайы жаттығулар жасамаймын. Менің есте сақтау қабілетімнің жақсы болуына, үнемі жазып жүруім әсер етеді деп ойлаймын. Мысалы, ешкімге айта алмайтын ішкі сырларымды жеке күнделігіме түсіріп отырамын. Осы ретте айта кетейін, негізінде, ішкі көңіл-күйіңді әлеуметтік желіге жазуға болмайды. Әлеуметтік желі қолданушыларының (әсіресе қыздар) басты қателігі де осы. Өйткені, әлеуметтік желіде достарыңыз ғана емес, онда сіздің шалыс кеткен тұстарыңызды бағып отыратын, жау деп айтпай-ақ қояйын, қарсыластарыңыз да бар. Әлеуметтік желіге қоғамда сізді бей-жай қалдырмаған, әсер еткен дүниелерді жазыңыз. Тоқ етерін айтқанда, адамның миында сақталған ақпараттар бір бөлек, сол ақпараттарды ретін тауып, белгілі бір оқиғамен үйлестіріп жазып отырса, ол адам мықты болады. Демек, ойды жазумен ұштастыра білу керек.

– «Болашағыңды басқар» лагеріндегі және Массагет оқырмандары арасындағы келешек журналистерге айтар негізгі үш кеңесіңіз...
– Бірінші кеңесім – білімді болу. Біздегі көп журналистердің ұстанымы бар да, білімі жоқ. Ал білімге негізделіп құрылмаған ұстаным – қате. Демек, осыған дейінгі ұстанымыңызды біреу сізге таңып берген. Сондықтан, ең алдымен таным жүйесін, білімін дамыту керек. Журналист дегеніміз – әмбебап емес, әр саладан там-тұм білімі бар дилетант дейміз. Менің ойымша, журналистерге кемі үш сала бойынша нақты білім алу керек. Өз басым ерекше құрметтейтін ресейлік журналист Максим Шевченко араб әлемі, теракті туралы жиі жазады. "Неге ол тақырыпта жиі жазады және неге оның сөзі сүбелі?" дегенге келсек, ол 2 жыл МГУ-дің "Таяу шығыс араб әлемі және араб тілі" туралы курсын оқыған. Көрдіңіз бе, осы тақырыпта оның мақала жазуға арнайы білімі бар және ол осы салада эксперт. Тағы бір қарапайым мысал, Э.Роберт сөзі бар: "Сіз бір саланы таңдап алып, күнделікті жарты сағат уақытыңызды соған арнасаңыз, екі жылдан кейін, сол салада сізден артық маман болмайды" дейді. Бізде – қазақтарда тұрақтылық жоқ, содан соң біз талантқа сенеміз.

Журналистерге беретін екінші кеңесім: талантқа сенбеу. Америкалық боксер Рой Джонс айтпақшы, "Адам бойында таланты жоқ адам ретінде жұмыс істесе, үлкен жетістіктерге жетер еді". Біздің алдыңғы буын Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Ұлықбек Есдәулет – қай-қайсысы болсын, журналистер дегенде, олар ақын-жазушылар болып елестейді. Өйткені, совет заманында журналистканы ақын-жазушылар құрады. Сосын, бізде "журналистердің бәрі өлең жазып, әңгіме құрай алуы керек" деген түсінік қалыптасқан. Негізінде, ол дұрыс емес. Журналист шабыт іздеп отырмауы керек, ол қоғамдағы болып жатқан оқиғаларды халыққа жеткізуі керек. Журналисте икем, қабілет, машық болуы керек, бірақ талант емес.

Үшінші кеңес: жан-жақты ізденіс. Адам бір жерде тұрақталып қалмай, өз жан рақатына қарай, бір-біріне сәйкес келмейтін дүниелерді ұштастырып жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Біздің ата-анамыздың пікірімен, санассақ, әр жерден бір көрініп жүру олардың ойымен сәйкес келмейді. Бірақ қазіргі кезде бірнеше жұмысты қатар алып жүру – қажетті нәрсе әрі заман талабы.

@. @assel_assanova