Игорь Кваша өмірден өтті

Игорь Кваша өмірден өтті

30 тамыз күні сағат 17.00-де Мәскеу қаласында 79 жастағы РФ халық әртісі, театр мен кино саласына аты танымал атақты актер, «Жди Меня» телебағдарламасының жүргізушісі Игорь Кваша өмірден өтті, деп хабарлайды «Бірінші арнаның» пресс-қызметі. Өлім себептері әлі де анықталмаған.

4 қыркүйек, сейсенбіде актерді ақтық сапарға шығарып салу шарасы өзі құрылуына септігі тиген «Дәуірлес» театрында өтпек.

ИТАР-ТАСС агенттігінің хабарлауы бойынша, Квашаның туған-туыстары мен жақын жандарына қайғыра көңіл айтатынын білдіріп, РФ президенті Владимир Путин мен премьер-министрі Дмитрий Медведев жұбаныш хатын жолдапты.

Кваша 1933 жылдың 4 ақпанында ел астанасы Мәскеу қаласында дүниеге келген. 1955 жылы Горький атындағы Мәскеу Академиялық Көркемөнер Театрының студия-мектебін тәмамдады. 1956 жылдан бастап, «Дәуірлес» театрында жұмыс жасады. Оның есімі Олег Ефремов пен Галина Волчек сынды труппаны құруға бел шеше кіріскен тұлғалармен қатар тұрды.

Квашаның актерлік карьерасы «Мәңгі тірі» спектакліндегі Володия рөлін ойнаумен басталды. Содан соң ол жаңа театрда «Большевиктер», «Сирано де Бержераке» сынды қойылымдарда сәтті өнер көрсетті. Ол алпысыншы жылдардың ортасында өзін режиссер ретінде де сынап көрді.

Игорь Кваша киноактер ретінде де ерекше танымалдылыққа ие болған. «Сабаннан жасалған қалпақ», «Төлқұжат» сынды және басқа да кинофильмдерде төбе көрсетті.

1990 жылдары ол КВН ойындарының Жоғарғы бірлестігіне төрешілік жасауға шақырылды. Сонымен қатар, көп жылдар бойы талай жанды табыстырған, адасқан адамның жақынын табуға аянбастан септігін тигізген "Бірінші арнадағы" "Жди Меня" бағдарламасын жүргізіп келді.

Атақты актердің артында жұбайы дәрігер Татьяна Семеновна Путиевская мен ұлы және екі немересі қалды.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: izvestia.ru, czech.kp.ru, aif.ru

А. Әбілхан