Әлихан Бөкейханға туған жерінен топырақ бұйырды

Әлихан Бөкейханға туған жерінен топырақ бұйырды
Фото: massaget.kz

Бүгін, 5 наурыз күні Мәскеуде Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай ұлт көсемінің зиратына туған жері Ақтоғайдан топырақ әкелініп салынды. Алаш арысы жер қойнына тапсырылғаннан 79 жылдан кейін мұндай жауапты іс порталымыздың Мәскеудегі тілшісі Ербол Молдажанов пен Ресейдегі Қазақстан cтуденттері бірлестігінің басшысы Қаршыға Төлебаев және Мәскеуде білім алып жатқан қазақ жастарының ұйымдастыруымен жүзеге асты. 

Қандастарымыз сағат 14:00-де (Мәскеу уақытымен 11:00-де) Алаштың Әлиханы жерленген Дон зиратында жиналды. Мәскеу қазақтарының бас имамы Марат Аршабаевтың қатысуымен аруақ рухына құран бағышталып, дүйім жұрт дарасына дұға жасады. 

Шараның кіріспе сөзін Ресей халықтар достастығы университетінде білім алып жатқан Қазақ Ұлттық университетінің магистранты Молдажанов Ербол Жұмабайұлы бастады. Ол Алаш зиялысының "Адам жер қойнына түскенде екі жарым кез жер керек екен" деген өз сөзін тілге тиек етіп, "Тағдырдың тәлкегімен тау тұлғаға қазақтың кең даласынан екі жарым кез түгілі, алақандай орын да бұйырмады. Бірақ, бүгін жаратқан жар болып, Әлихан Бөкейхановқа туған жері Ақтоғайдан бір уыс топырақ алдырдық. Бүгінгі күн – тарихи күн, ал сіздер сол тарихи күннің тірі куәгерлерісіздер" деп, жиналған қауымға алғысын білдірді.

Туған жердің топырағын Мәскеуге жеткізуге журналист Нұрсерік Жолбарыс бастаған Қарағанды облыстық мəдениет басқармасының басшысы Еркебұлан Мүлікұлы, Аманжолов Абылай, Әлібаев Алтай, Тусупбеков Роллан және Түкітаев Ардақ сынды азаматтар атсалысқан. Тағы да бір айтылуы тиіс жайт – алдағы уақытта Алаш зиялысының зиратынан да топырақ алынып, туған жеріне апарылады.

Негізгі сөз Әлихан Нұрмұхамедұлының туысы, химия ғылымдарының докторы Бөкейханов Нұрым Райымжанұлына берілді. Нұрым Райымжанұлы  Әлиханның Әзіхан деген інісінің туған немересі. Ол атасы жайлы естеліктер айтып, оның саяси сауаттылығы туралы ой қозғап, биыл Әлихан Бөкейханов туралы еңбек жарық көретінін сөз етті. "Осыған дейін 20 жыл бұрын Сырым ағам атама арнап өз еңбегін шығарған, биыл сол еңбек атамыздың әдеби, тарихи мақалаларымен толықтырылады. Немересі Евгенийдің атамызға арнап шығарған өлеңдері енетін болады" деді.

"Жұмыла көтерген жүк жеңіл". Алаш ардақтысының туысы, қандастар, тарихшылар, аға буын өкілдері мен Мәскеуде білім алып жатқан қазақ жастары қатысқан шараны ұйымдастыруда бірлік те, патриоттық сезім де көрініс тапты. Бұл Әлихан әр қазақтың жүрегінен орын алғанының дәлелі.

Әлихан Бөкейханов 1937 жылы 27 қыркүйекте атылып, Мәскеу қаласы Дон қорымындағы №1 ортақ қабірге жерленген. Бұл зиратты сонау зұлмат жылдары 5065 адам мәңгілік мекен еткен екен. Өйткені, сол жылдары атылған құрбандарды өртеп, күлін осы ортақ қорымға төккен. Ұлт көсемінің жанында қоғам қайреткері Нығмет Нұрмақов та жатқанын айта кетейік. Араға 74 жыл салып, Қарағандыдағы «Болашақ» университетінің ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтің бас болуымен 2011 жылы 28 қазанда Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұрмақовтың басына  ескерткіш тақта орнатылған.

Атаулы шара «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы Һәм жетекшісі, ұлт көсемі, қазақ қоғамының реформаторы Әлихан Бөкейханұлының туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелмен жалғасты. Дөңгелек үстелдің барысы туралы алдағы жазбамыздан хабардар боласыздар.

Тарихи сәттер жайлы суреттер сөйлесін:

@. @assel_assanova