Франц Йозеф Гайдн - инструменталды музыканың әкесі

Франц Йозеф Гайдн - инструменталды музыканың әкесі

Аяулы оқырмандардың назарына инструменталды музыканың әкесі атанған Гайдн туралы әңгімелеп бермекпіз. 

Гайднның музыкаға сіңірген еңбегі расында орасан зор. Моцарт, Бетховендермен бірге вендік классицизм стилін дамытып, бір арнаға түсіруде аянбай тер төккен адам. Бұл стиль өз бастауын барокко кезеңінен алып, соңы романтизм кезеңімен аяқталады. Гайдн өзінің 50 жылдық еңбегінде Бах пен Бетховеннің арасындағы стилистикалық үңгірді толтырып, екі кезең арасына көпір сала білді. Қарайпым тілмен айтқанда, музыкантты жаңа музыка стилінің негізін салушы деп айтуға да болады. 

Бұл жолы қадірлі оқырмандардың құрғақ цифрге толы биографиямен басын қатырмай, шебердің артынан жеткен кейбір қызық оқиғаларды айтып бергіміз келіп отыр.

Данышпан...

Жас күнінде Гайднды кәсіби жарамсыздығы үшін хордан қуып жібереді. Жұмыссыз қалған ол нота жазушы, музыка мұғалімі, көше әншісі, скрипкашы, органшы, аккомпаниатор болып әр жерді бір шұқып табыс тауып жүрді. Осылайша болашақ ұлы композитор еш жерге тұрақтай алмай, реті келген жерде ұйықтап, қолына түскен асты ішіп-жеп өмір сүрді. Кейбір кездері Венаның орталық паркінде де түндерін өткізетін еді.

Бірақ жаны жайсаң Гайдн бұған еш қайғырып, мұңға салынбады. Өзінің осы қиын кезеңдері туралы бір сөзінде: "Мен шамасы дарынды адам болмасам керек. Бойымда талантым болса, халық мені бірден мойындар еді. Соған қарағанда мен данышпан сияқтымын. Әдетте бұларды халық бірден түсініп, қолдап кете алмайды. Олардың басына жазылған тағдыр сол ғой", - деп әзілдеген екен.

Музыка өмір сыйлады...

Гайдн бірде Лондонда симфонияға дирижерлік жасап, халық алдында өнер көрсетіп жатқан. Әсем әуенге еліткен лондондықтар өз орындарын тастап, сахнаның түбіне келіп, музыканы тыңдауға кірісті. Осы кезде ойда- жоқта партердің үстіне ауыр әрі үлкен люстра құлап түсіпті. Бұл шырақтың екпіні соншалық, бүкіл залды қозғалтып жібергендей әсер қалдырды. Дегенмен ешкімнің денсаулығына зиян келіп, қиындыққа қалған жоқ. Осының бәрін көріп тұрған Гайдн оркестрантарға қарап: "Менің музыкамның бағасы мен салмағы бар екен. Қанша дегенмен, жүздеген адамның өмірін құтқарып қалды ғой", - деп күліпті.

Жан-тәніммен сендермен біргемін...

1805 жылы ел арасында ұлы маэстроның өлімі туралы алып-қашпа әңгіме тарап кетіпті. Осыдан соң, оның Париждегі өнеріне табынушылар траурлық жиын өткізуге бел байлап, дайындық жұмыстарына кірісіпті. Бұны естіген Гайдн жанкүйерлеріне ақ параққа: "Сіздердің ықылас ниеттеріңе менің ризашылығым шексіз. Бірақ бұл жиынға менің қатысып, дирежерлік қыла алмайтыным өте өкінішті", - деп хат жазып жіберген екен.

сурет: lossofsoul.com