"Аңсар" тобы: "Халық үлкен өнерді қалайды"

"Аңсар" тобы: "Халық үлкен өнерді қалайды"

Қазақ сахнасына жаңадан қадам басып отырған «Аңсар» тобымен сұхбаттасқан едік.

Сұхбатымызды «Аңсар» тобының құрылуынан бастасақ.

Алмас: Өткен жылдың ақпан айында бір салтанатты шараға дайындық жасап, Тимур, Мақсат, Ильзат және мен топ болып алғаш рет сахнаға шықтық. Кейін Наурыз мерекесінде Түркия еліне барып, өнер көрсеттік. Елге барлығымыз ерекше шабытпен оралып, топ құруды ойластырдық. Ол кезде тобымыздың аты да болмаған еді. Өзіміз білім алып жатқан өнер ордасының ректоры Жәния Яхияқызы Әубәкірова «Ел аңсаған топ болсын. Топтың атын «Аңсар» деп қояйық» деп ұсыныс білдірді. Бұл атау біздің де көңілімізден шыққандықтан, ұсынысты қуана-қуана қабыл алдық. Тобымыздың құрылғанына, мінекей, бір жылдан жаңа асты.

Тимур: Барлығымыз Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында білім алудамыз. Әрқайсысымыз бала кезімізден өнерге бет бұрып, халықаралық және республикалық байқауларда жүлдегер болғанбыз. Бір-бірімізді бұрыннан танимыз. Сондықтан да, топ құру барлығымыздың ортақ шешіміміз болды.

Продюсерлеріңіз бар ма?

Төлеген: Продюсеріміз жоқ. Алайда, жетекшіміз бар. Жетекшіміз консерватория проректоры - Ақтоты Райымқұлова. Ол бірталай топқа жетекшілік етіп, бағыт-бағдар берген жан. Негізі, бізге өзіміз білім алып жатқан консерватория үнемі қолдау білдіріп тұрады.

Құрылғанына аз уақыт болса да, топ құрамы өзгерген сияқты...

Мақсат: Иә, әуелгі баста топта мен, Мақсат Мақұлбеков, Алмас Алтынбеков, Тимур Тілеуқабылов және Ильзат Смайылов болдық. Кейін қатарымызға Төлеген Рахымбаев қосылды. Бірақ, қазір Ильзат Смайылов басқа топта өнер көрсетіп жүр.

Классикалық бағытта айтылатын туындыларды қалың көпшілік қалай қабылдайды?

Тимур: Өте жақсы қабылдайды. Біз салтанатты шаралар мен мерекелік жобаларда өнер көрсетіп жүрміз. Халық өнерімізді жоғары бағалап, өз қошеметтерін білдіріп жатады.

Алмас: Жұртшылықтың көзі ашылып келе жатыр ғой. Олар да кәсіби тұрғыда айтылатын классикалық әндерді тыңдағысы келеді. Қарап отырсаңыз, қазір сахнада классикалық музыка мен академиялық ән айтуды дәріптеп жүрген «Classic», «Парасат», мына біз және т.с.с көпшілік біле бермейтін топтар өнер көрсетуде. Сұраныс бар жерде, ұсыныс та бар. Яғни, халық үлкен өнерді де қалайды.

Ал осы аты аталған топтармен өзара бақталастық туындамайды ма?

Алмас: О не дегеніңіз! Өнер атты кеменің басын ұстаған біздер бір-бірімізді бұрыннан жақсы танимыз. Сәлеміміз түзу. Өзара бәсекелес, қарсылас болудан аулақпыз. Керісінше, бір-біріміздің шығармашылығымыздағы игіліктерге қуанып, әр кез тілеуші боламыз. Себебі, біздің алған қойған мақсатымыз бір. Ол - классикалық музыканы кеңінен насихаттау. Халық тарапынан сұраныс болып жатса, неге академиялық бағытта ән салатын топтардың қатарын көбейтіп, өнер көрсетпеске?!

"Аңсар" тобы: Алмас Алтынбеков, Тимур Тілеуқабылов, Мақсат Мақұлбеков, Төлеген Рахымбаев

«Аңсар» тобының шығармашылығы жайлы білсек.

Алмас: Ән қоржынымызда он бес шақты қазақ, орыс, итальян т.б. тілдердегі танымал классикалық туындылар мен авторлық шығармалар бар. Әлемге әйгілі “Caruso” әніне түсірілген бейнебаянымыз бар. Алдағы күнде қазақ тіліндегі бір тамаша туындыға екінші бейнебаянымызды түсірсек деген ниетіміз бар. Жеке күйтабағымызды шығару ойда бар дүние. Жаз мезгілінде тобымызды таныту мақсатымен ел-елді аралауды жоспарлап жүрміз.

Бейнебаяндарыңызды тамашаласақ, белгілі бір сюжет жоқ сияқты.

Мақсат: Бейнебаянымызда сюжет жоқ. Біз тек көрерменге әдемі өмірді көрсетуді, сол өмірге деген құлшынысты оятуды көздедік. Әрине, кем-кетіктері бар. Бірақ, бейнебаянды тамашалағандар жылы лебіздері мен сыни пікірлерін білдіріп жатыр.

Алмас: Бейнебаянды түсіруге әрқайсысымыз белсене ат салыстық, өз қаржымызға түсірдік. Бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен кәсіби жандармен жұмыс істеген жоқпыз. Шамамыз жеткенше еңбек еттік. Қалай болғанда да, алғашқы бейнебаянымыз өз көңілімізден шықты.

Ал неліктен бейнебаянды тек ғаламтор беттерінен көріп жүрміз?

Алмас: Шыны керек, алғашқы бейнебаянымызды кең көлемде көрсетуге қаржы тапшы. Қай жаққа бармайық, бейнебаянымызды ротацияға беру үшін қаржы сұрайды. Өкінішке орай, біздің демеушіміз жоқ.

Тимур: Жасыратыны жоқ, қазір қаржы жағынан қиналмаған жандардың бейнебаяндарын көріп жүрміз. Бейнебаян сапалы ма, сапасыз ба, әншінің даусы бар ма, жоқ па, музыкалық сауаты бар ма, жоқ па оған қазір ешкім қарамайды. Мысалы, бұрындары радиода болсын, телевидение де болсын белгілі бір туындыны эфирге шығару үшін ол арнайы комиссиялық тексерістен өтетін. Ал қазір ше?! Қарап отырсаңыз, кейбіреулердің даусы жоқ болса да, көгілдір экраннан түспей жүр. Тіпті, бәзбіреулер тойынан үзінділерді алып, өтірік бейнебаян қылып шығара салады.

Сөзіңіздің жаны бар. Қалай ойлайсыздар мұны ретке келтіруге болады ма?

Алмас: Әлбетте, мұның барлығын ретке келтіруге болады. Әуелі мемлекеттік қолдау керек. Бізде қаншама бағы ашылмай жатқан таланттар бар. Олардың әрқайсысын мен нағыз өнер иесі дей аламын. Себебі, олардың тәжірибесі мол, кәсіби деңгейі жоғары, ал ең бастысы, музыкалық білімі бар. Оны олар тек қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде дәлелдей алады. Олар ешуақытта өз еңбектеріне, көрсетіп жатқан өнеріне ат үсті қарамайды. Көгілдір экраннан түспей жүргендер нағыз өнер иелерінің шаңына да ілесе алмайды. Сондықтан да, жеңіл-желпіге бой ұрмаған абзал.

Тимур: Алмастың сөзін жалғастырар болсам, шыны керек, бізде қазір көшірме көп. Көбі басқа елдердің болмысына електейді. Қазақтың мәдениетінің ерекше екендігін осыдан көрсете алмай жатамыз. Жарайды, еліктесін, жақсы тұстарынан үлгі алсын, бірақ, түбегейлі көшіре салудың қажеті шамалы.

Ал мұның себебі неде?

Тимур: Біздің әншілер жеңіл жолды ұстанады. Дайын дүниені көшіре салады. Тереңірек ізденіп, өз бағытымызды көрсетіп, өзгеге үлгі бола алмай жүрміз. Қарап отырсаңыз, әнші де, әртіс те, жүргізуші де сол. Әр адам көрпесіне қарап көсілсе, өз орнын білсе игі.

Сіздер публика талғайсыздар ма?

Алмас: Жоқ, біз үлкен шараларда да, тойларда да өнер көрсетеміз. Түркия, Иордания елінде болып, біраз концерттерге қатыстық. Барлық тыңдармандар сүйсіне тыңдап, өнерімізге оң бағасын беріп жатады. «Талғамға талас жоқ» дегендей, классикалық музыканы аса ұната бермейтін жандар да бар. Алайда, біз, шамамыз келгенше, тыңдармандарымыздың көңілін аулауға тырысып бағамыз.

Жарайсыздар! Сіздерді тек биік шыңдардан көре берейік! Әңгімелеріңізге рахмет!

Суреттер: "Аңсар" тобының жеке мұрағатынан

Ғ. Ұзақ