Ардақ Бәлтаев: "Аяулы жар болатын аруды іздестірудемін"

Ардақ Бәлтаев: "Аяулы жар болатын аруды іздестірудемін"

Эстрадада қолтаңбасы қалыптасып келе жатқан өнер иесі Ардақ Бәлтаевтан сұхбат алған едік...

Ардақ, өткен жылы тұңғыш рет өткізілген «Еуразия жұлдызы» халықаралық байқауына қатысып, алты елде Қазақстан абыройын асқақтатып, жүлделі 2-орынға ие болдыңыз. Бұл байқауға қалай тап болдыңыз?

Негізі, бұл байқауға кездейсоқ тап болдым. Негізгі мамандығым - домбырашы. Байқау туралы «ЗараТуштра» тобының продюсері Жанна Сабировадан естідім. Содан кейін жеке әнші ретінде қатысып, өзімді сынап көруге бел будым. Іріктеуге қатысып, топ жарғандардың қатарынан көріндім. Финалға шыққан он кісінің арасынан озып шығып, ел намысын қорғауға мүмкіндік алдым.

Қазақстаннан бастау алған байқау әлемнің өзге бес мемлекетінде жалғасын тапты. Өзге елдің өнерпаздарымен бір сахнада өнер көрсету қиын болды ма?

Байқаудың шарты бойынша, әр мемлекеттен бір-бір адам шығып, өз елінің намысын қорғайды. Әр апта сайын байқау әр елде өткізіледі. Бір апта бойы сол елдің тілімен, дінімен, тұрмысымен, салтымен танысады. Келген бойда байқауға қатысушы әншілерге сол елдің ана тіліндегі танымал әнді ұсынады да, дайындалуға бір ғана апта береді. Алдымен байқау біздің елде өтті. Біз келген қонақтарымызды қарсы алып, ұлтымыздың тыныс-тіршілігімен таныстырдық. Қонақжай халық екенімізді көрсеттік. Кейін басқа елдерді аралай бастадық. Шыны керек, ауыр болды. Себебі, 1 апта ән жаттауға, оны сахна алып шығуға өте аз. Одан қалса, өзге елдің тілін білмей жатып, әнін бірден айтып кету қиын. Бірақ, мұның барлығы маған оң пайдасын тигізді. Үлкен сабақ алдым, тәжірибе жинақтым, кәсіби шеберлігімді арттырдым. Ақтық финал Түркия елінде өтті. Байқау жеңімпазы көрермендер жіберген смс-хабарламалардың санымен анықталды. Сол көрсеткіштер бойынша 1-орынды Қырғызстан, 2-орынды Қазақстан иеленді.

Қалай ойлайсыз, байқау әділ өтті ме?

Әлбетте, әділ өтті. Байқаудың халықаралық деген дәрежесі бар. Барлық шарттар дұрыс орындалды. Жеңімпазды көрермен қауым анықтады. Жеңімпаз болу үшін маған небәрі 21 дауыс жетпей қалды.

Ал байқауға қатысушылардың арасында өзара бәсекелестік болды ма?

Шынымды айтсам, қатты бәсекелестікті көрген жоқпын. Барлығымыздың мақсатымыз бір болды. Әркім өз елінің намысын қорғап, абыройын түсірмеуге тырысты. Барлығымыз байқау аясында жақсы дос болып кеттік. Бүгінде әлемнің әр елінде жүргенімізге қарамастан, бір-бірімізбен ғаламтор арқылы байланысқа шығып, амандық-саулығымызды сұрап жатамыз.

Өкінішке орай, біздің елде бұл байқау жайлы көпшілік білген жоқ

Иә, өкінішке орай, басқа елдермен салыстырғанда бұл байқау өз жерімізде кеңінен танымал бола қойған жоқ. Бәлкім, жарнама аз болды. Тіпті, ақтық финалға шыққанымды Түркиядағы Қазақстан елшілігі білмеген. Финалда жеңімпаздарды марапаттау кезінде басқа елдің азаматтары келіп, өз жерлестерін құттықтап, марапаттап жатты. Ал мені өзге ұлттың өкілі қолымды алып, құттықтады. Мен бұған қатты намыстандым. Іздеушісі жоқ жетім баланың күйін кешкендей болдым.

Сізді кезінде көпшілік «Аршын» тобының әншісі ретінде таныды. Топқа қалай келіп едіңіз?

Мен мектепті бітірген соң, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне оқуға түстім. Айгүл Үлкенбаеваның домбыра сыныбында оқыдым. Колледж қабырғасында оқып жүргенде Ержан, Аман деген жігіттермен «Аршын» тобын құрдық. Басымызды «Серпер» тобының әншісі марқұм Биғазы Тұтқабеков біріктірді. Ол кісі бізге дәріс беретін. Көзі тірісінде бізге әрдайым қолдау көрсетіп, ақыл-кеңестерін аямайтын. Өкінішке орай, аға жол апатына түсіп, қайтыс болды. Кейін біз де оқуымызды аяқтап, жан-жаққа тарап кеттік.

Яғни содан бері сіз сахнаға жеке әнші ретінді шығып жүрсіз ғой

Иә, жеке әнші болып жүрген жайым бар.

Олай болса, шығармашылығыңыз жайлы айта кетсеңіз...

Көбіне мен шығармашылық ізденісте жүремін. Жаңа әндер жаздыру үстіндемін. Ойда жүзеге асуға тиісті дүниелер бар. Соларды біртіндеп жүзеге асыруды қолға алып жатырмын.

1 сәуір Күлкі күнінде біздің әзілімізге алданып, тіпті ашуланып қалдыңыз. Бізге деген өкпеңіз басылды ма?

Әрине, басылды. Әзіл-қалжыңға оң көзбен қарайтындардың бірімін. Шыны керек, ол кезде 1 сәуір екенін аңғармаған едім. Сіздердің әзілдеріңіз мықты, шынайы болғаны соншалықты, кішкене ашуланып та қалдым. Кейін әзіл екенін түсініп, мақаланы оқып, өзім де еріксіз күлдім.

15 сәуір Ғашықтар күні қарсаңында болған сауалнамаға жауап бергенде алғашқы махаббатыңызды еске алдыңыз, мерекеге байланысты ойыңызбен бөлістіңіз. Осы ретте жеке өміріңізге байланысты сөз қозғасақ.

Әр саналы азамат отбасын құрып, ұрпақ тәрбиелеу керек. Мен де болашақта шаңырақ көтерсем деймін. Жеке өміріме келер болсақ, басым бос. Ата-анама жақсы келін, маған аяулы жар болатын аруды іздестірудемін.

Біз сіздің арман-тілектеріңіздің орындалуына тілекшіміз. Әңгімеңізге үлкен рахмет! Сізге шығармашылық табыстар тілейміз!

Көп рахмет!

Ғ. Ұзақ