"Битлз" бен "Дос-Мұқасан" қатар тұрады

"Битлз" бен "Дос-Мұқасан" қатар тұрады

Алматының жеті кереметінің бірі Көк-төбеде «Битлз» тобына арналған ескерткіштің бар екенін барлықтарыңыз білетін шығарсыздар. Ендігі сол ескерткіштің жанына отандық «Дос-Мұқасан» тобына арналған ескерткіш орнатылмақ. Биыл «Дос-Мұқасан» тобына 46 жыл толғандығын естеріңізге сала кетейік.

«Олардың қатты ұқсағанын қалаймыз. Бұл үшін арнайы Бақытбек Мұхамеджановты шақырдық. Оны бірнеше адам мақтап, ұсынған еді. «Дос-Мұқасан» тобының арнайы образдарын іздеп 2 жыл тер төкті. Бізден пресс-конференция болмай жатып, жобаның қашан іске асатындығын сұрап жатыр. Жобаның кішкене макетін алғашқылардың бірі болып көрген Мұрат аға: «Жас кезімде жейдем осындай болған ба!», - деп күлді. Ол кісілерге ұнағанына риза болдым», - дейді «Олимпионик» әлеуметтік қорының вице президенті Темірлан Төлегенов.

«Олимпионик» әлеуметтік қоры «Дос-Мұқасан» тобына арналған ескерткішке ақша жиналып жатқандығын хабарлайды. Әлеуметтік қордың ең алғашқы серіктесі АО «Qazaq Banki» болып отыр.

«Ең алдымен «Дос-Мұқасан» тобының тарихымен танысып, киім киюлерін зерттей бастадым. Артынша жаңа идеялар туып, қиялым қанаттана түсті. Мүшелерімен таныс болмасам да, бала күнімнен жанкүйермін осы топқа. Ал осы жұмысты бастағалы "Дос-Мұқасандықтармен" арнайы таныстым. Танысқаннан кейін жұмысым жеңілдей түсті», - дейді әйгілі мүсінші Бақытбек Мұхамеджанов.

«Дос-Мұқасан» – 1967 жылы Алматыда Қазақ политехникалық институтының студенттері құрған вокалдық-аспаптық ансамбль. Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Қамит Санбаев, Александр Литвинов топтың ең бірінші әншілері болды. Ансамбльдің атауы есімдердің басқы әріптерінің қысқаруынан алынған: «Дос» - Досым Сүлеев, «Мұ» — Мұрат Құсайынов, «Қа» — Қамит Санбаев, «Сан» — Саня (Александр) Литвинов. Артынша топқа Шәріп Омаров, Бақыт Жұмаділов, Нұртас Құсайынов, Құрманай Омарова, Асқар Жанкушуков қосылды.

Осыған дейін Павлодар қаласындағы Сұлтанмахмұт  Торайғыров атындағы ЖОО-ның территориясына «Дос-Мұқасан» тобының мүсіндері орнатылып,  артынша келеңсіз оқиғаларға байланысты алынып тасталды.

«Дос-Мұқасан» - аты аңызға айналған ансамбль.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Дереккөзі: сезон.кз

Қ. Бүйенбай