"Парасат" тобы: "Біз операны сүйіп тыңдайтын орталарда өнер көрсетеміз"

"Парасат" тобы: "Біз операны сүйіп тыңдайтын орталарда өнер көрсетеміз"

Тәуелсіздік мерейтойының қарсаңында «Парасат» тобы мемлекетіміздің әнұранын орындап, еліміздің мәдениеті жайлы сыр шерткен еді. Орайы келгенде, топ мүшелерімен жақынырақ танысып, сұхбаттасқан болатынбыз.

«Парасат» тобы қалай пайда болды?! Бастарыңыз қалай қосылды?

Дулат: Топ құру ойымызда жүрген дүние еді. Кейін Сәкен Майғазиевтен топ құру жайлы ұсыныс түскен кезде, қуана келістік.

Фархат: Бәріміз консерваторияда бірге оқығанбыз, бір-бірімізді бұрыннан танимыз. Топтың құрылғанына басты себепкер продюсеріміз Сәкен ағамен Мейір арқылы таныстық.

Мейір: Сәкен ағаның топ құру мақсатында әнші жігіттерді іздестіріп жүргенде бізді бір кеште байқаған екен. «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің белді мүшесі Мақсат Медеубек арқылы маған хабарласты. Кейін Сәкен ағамен кездесіп, ойымызбен бөлістік. Біздің де, Сәкен ағаның да жаңа топ туралы жоспарлары бір арнада тоғысып, ниетіміз бір жақтан шыққан соң, «Парасат» тобы құрылды.

«Парасат» тобы аты қалай пайда болды?! Неліктен «Парасат»?

Фархат: «Парасат» атауының ішіне имандылық, қайырымдылық деген ұғымдар кіреді. Топ атын Сәкен аға өзі қойған болатын.

Әрқайсыларыңыз өздеріңіз, туған жер, өскен орта, жанұяларыңыз жайлы айтып кетсеңіздер

Болат: Мен Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында 1980 жылы дүниеге келдім. 6-сыныпқа дейін ауыл мектебінде оқыдым. 7-8 сыныпты қалада жаңадан ашылған Облыстық Дарынды балаларға арналған қазақ лицейінде оқыдым. Кейін байқау арқылы қазақ-түрік лицейіне оқуға түсіп, оны 1998 жылы тәмәмдадым. Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облысының Өнер колледжінде оқып, кейін Алматы қаласына келдім. Құрманғазы атындағы Ұлттық Консерваторияның түлегімін. Қазіргі таңда Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет театрында қызмет атқарамын. Отбасыма келер болсам, әкем мен анам бес бала тәрбиелеп өсірген қарапайым жандар. Мен үйдің кенжесімін. Әкемнің дүниеден өткеніне биыл сегіз жыл болды. Анам – зейнеткер, Өскемен қаласында әпкемнің қолында тұрады. Әкем ән айтатын. Туған ағам Өскемендегі Қазақ Ұлттық аспаптар оркестрінің дирижері, консерваторияда оқыған. Мені музыкаға баураған осы ағам.

Мейір: Талдықорған қаласында 1985 жылы өнерлі отбасында дүниеге келдім. Менің ата-анам консерватория түлектері. Әкем опера әншісі, анам қобызшы. Інім дыбыс режиссері болып қызмет атқарады. Қарындасым консерваторияда білім алып жатыр. Болашақ пианист.

Фархат: Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданында Аңқаты ауылында 1987 жылы дүниеге келдім. 6-сыныпқа дейін ауылда білім алдым. 1999 жылы қалаға жақын Подстепная ауылына көшіп келдік. Сол ауылдағы мектепті 2004 жылы ойдағыдай аяқтаған соң, Орал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 2008 жылы музыка пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша үздік аяқтадым. Қазіргі таңда Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының 4-курсында вокалдық өнер мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Жанұямда бес жан бар: әке-шешем, ағам, әпкем және мен. Әкем Орал қаласындағы Өнер колледжінің түлегі. Қазір Подстепная ауылында музыкалық мектепте сабақ береді.

Дулат: Мен Ақмола облысы Степняк қаласында дүниеге келдім. Алматы қаласында өсіп, №138 Қазақ Өнері лицейінде оқыдым. Мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, қазіргі Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясының театр факультетіне оқуға түстім. Профессор Есім Жүкеұлы Сегізбаев шеберханасында оқыдым. Кәукен Кенжетаев, Тілектес Мейрамов сияқты қазақ өнерінің хас шеберлерінен білім алдым. Маған дара тенор, доцент Амангелді Нақыпұлы Сембин вокалдан сабақ берді. Академиядан соң, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, КСРО Халық әртісі, профессор Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаевтың сыныбында дәріс алдым. 2008 жылдан бері Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет театрында қызмет атқарамын. Отбасыма келер болсам, қаржыгерлер жанұясынан тәрбиелендім. Әкем Болат қаржы министрлігінде, ал анам Алмазияда облыстық статистика басқармасында қызмет атқарған. Екі ағайындымыз, Алмас есімді бауырым бар.

Репертуарларыңыз жайлы айтып кетсеңіздер

Фархат: Андриано Челентано репертуарындағы «Confessa» әнін жаздырып, алғашқы бейнебаянымызды түсірдік. Қазақтың халық әндерін жаздырып жатырмыз.  Жақында «Отырар сазы» ұлттық аспаптар оркестрімен бірлесе отырып, үлкен концерт бердік.

Фархат Кубиев

Қайырымдылық концерттер, шығармашылық кештер, мерекелік шаралар бар. Сіздер қандай кештерге қатысқанды ұнатасыздар? Қандай публика жандарыңызға жақын?

Мейір: Біз операны сүйіп тыңдайтын орталарда өнер көрсетеміз. Оркестрдің сүйемелдеуімен өтетін жанды дауыста өтетін концерттерге қатысқанды ұнатамыз.

Өнер жолында жүрген жандардың жеке өмірі сәтсіз болып жатады. Көбінесе, олар жалғыздықты серік етеді деген пікір бар. Сіздер бұл туралы не ойлайсыздар?

Дулат: Өнер мен жалғыздық үнемі бірге жүреді. Оның көптеген мысалдары да бар. Сондай-ақ, көптеген кері дәлелдері де бар. 

Болат: Өнерде жүргендіктен көбінесе түзде боламыз. Гастрольдік сапарлармен басқа қалаларға кетеміз. Концерттер, бағдарламалар, мәдени іс-шараларға қатысамыз. Менің ойымша, мұның барлығына төзіммен қарау қажет.

Фархат: Сүйген жанның өнерге еш қатысы болмаса да, ол сүйіктісінің өнерін жоғары бағалап, түсіністікпен қарағаны жөн деп ойлаймын.

Мейір:  Әлі отбасын құрған жоқпын. Бірақ, менің ойымша, барлығына сеніммен қарау керек. 

Концерттік кештерге қатысқан кезде қандай қызықты оқиғаларға тап болдыңыздар?

Фархат: Орал қаласында оқып жүргенде үш жігіт жиналып, «Шабыт» триосын құрған болатынбыз. Сол кезде Ақтөбе қаласы, Әлия Молдағұлованың жерінде өтетін патриоттық әндер байқауына қатысуға шақырту алдық. Байқауға дайындалып, жолға шықтық. Ақтөбеге келсек, барлығы тып-тыныш. Қарсы алатын жақ та көрінбейді. Сөйтсек, ұйымдастырушылар маусым мен мамыр айын шатастырып алыпты. Біз байқауға 1 ай ерте барып алған екенбіз. Содан үйімізге қайтып кеттік. 1 айдан соң байқау өткізілді. Алайда біз қатысқан жоқпыз.

Мейір: 11-12 жастағы кезім. Талдықорған қаласында Ермек Серкебаевтың ұйымдастыруымен балалар музыкалық байқауы өтті. Мен байқауға қатысып, 1-орынды иелендім. Ермек Серкебаев маған өз қолымен «Sega» ойын приставкасын табыс етті. Кеудемді қуаныш кернеп, үйге жеткенше асықтым. Ішімнен «бүкіл Талдықорғанда менде ғана Sega бар» деп мақтанып қоямын. Үйге келіп, приставканы қоссам, істемейді. Жөндеп, қарап беретін де жандар жоқ. Сол кезде «маған сынған приставканы беріпті» деп қатты ашуландым.

Болат:  Кезекті концерттердің бірінде сахнаға ақ туфли киіп шықтым. Үстіме қара смокинг кигенмін,  ал қара туфлиімді ұмытып кетіппін. Амалсыздан ақ туфлиімді киіп шықтым. Абырой болғанда, хордың артқы қатарында болып, аяқ киімімнің ақ түсі байқалмай қалды.

Дулат: Бір қойылымға қатысқан кезде ойда-жоқта ыңғайсыз жағдайға түскенім бар. Әдеттегідей, сахнаға шығып, партиямды орындап жатқан кезім. Сценарий бойынша, тізерлеп отырып, басты кейіпкерге гүл шоқтарын ұсынуым керек болатын. Гүлді ұстап, тізерлеп отыра бергенімде, шалбарым жыртылып қалды. Мұны байқаған көрермендер мәз-мейрам болды. Ал маған сахнада тағы 10 минуттай өнер көрсету керек болды. Амалсыздан жыртылған шалбарыммен сахнада партиямды айтып жүре бердім. Кейін сахна сыртында шалбарымды ауыстырып, келесі картинаға шыға бергенімде басқа шалбар кигенімді байқаған көрермендер өзара сыбырласып, күліп жатты.

Дулат Тоқанов

Кәсіби опера әншісі ретінде айтыңыздаршы, музыкаға бала кезден дағдылану керек пе, әлде кез келген жаста үйреніп кетуге бола ма?

Дулат: Басқа музыканттарға қарағанда әншілер өнерге бала күнінен келмейді. Себебі, ер балалардың 13-16 жастағы кезінде дауыстары өзгеріске ұшырап жатады. Бұл кезеңде вокалмен айналыспаған абзал. Алайда, жетістікке жетемін, биіктерден көрінемін деген жан бала кезінен өнерге бет бұруы керек.

Болат: Өнерге деген сүйіспеншілік өскен ортаға, жанұясына байланысты. Өнерде жүрген жандардың жүрегі таза, рухани бай болады. Бұл ата-баба қанымен келеді деп ойлаймын.

Мейір: Менің ойымша, өнерге жақын болып өскен бала ешқашанда жамандыққа бой ұрмайды.

Бос уақыттарыңызды қалай өткізесіздер?

Болат: Театрда жұмыс істейтін жанның бос уақыты кемде-кем. Болып қалған жағдайда, достарымызбен, отбасымызбен бірге тауға шығып, таза ауада қыдырып қайтамыз.

Дулат: Бос уақытымыз, өкінішке орай, көп бола бермейді. Бос уақыт болған жағдайда оны үй-ішімен, достармен бірге өткізуге не жетсін?!

Ырым-тыйымға көзқарастарыңыз қандай?

Мейір: Қазақ халқы ырымшыл халық қой. Кейбір ырымдарға аса мән беремін. Мысалы, алақанның қышуын жақсылыққа жоримын.

Фархат: Көп сене бермеймін. Қазақтың кей тыйымдары шариғатпен ұқсас болып жатады. Сол тыйымдарға ғана сенемін.

Дулат: Менің ойымша, әр музыкант, актер өнер көрсетпес бұрын ырым-жораларды орындайды. Өз басым, сахнаға шығар алдында ішімнен тілек-дұғаларымды оқимын.

Өмірде неден қорқасыздар?

Фархат: Қартайған шағымда «Әттеген-ай» дейтін жағдайлардың көп болуынан, өкіндіретін жағдайлардан қорқамын. 

Болат: Құдайдан қорқамын.

Мейір: Жақындарымнан айырылып қалудан қорқамын. Заманымыз тыныш болса екен деймін.

Дулат: Кей жандардың бірі кәріліктен қорқып жатса, бірі өлімнен қорқады. Меніңше, кәрілік өмірдің заңы, ал өлім оның ақырғы шегі.

Мейір Байнеш

Дінге деген көзқарастарыңыз?

Мейір: Барлығымыз мұсылман балаларымыз. Фархат бауырымыз намаз оқуды бастады. Біз де уақытымыз келгенде намаз оқуды бастаймыз деп ойлаймын.  Менің ойымша, оған үлкен дайындықпен келу керек.

Фархат: Құдайға шүкір, бес уақыт намаз оқимын. Жігіттер келешекте жаныма қосылады деп ойлаймын.

Болат: Дінге көзқарасым түзу. Намаз оқу ойда бар дүние. Бұйырған күні бастайтын шығармыз.

Интернет бұл күнге қажетті құралымызға айналды. Сіздер интернетті қандай мақсатта қолданасыздар?

Мейір: Әлеуметтік желілерде тіркелгенмін. Қызықты мақалаларды, жаңа кітаптарды интернет арқылы тауып, оқимын. Сондай-ақ, жаңа бейнебаяндарды тамашалаймын, әндер тыңдаймын.

Болат: Интернеттің қазіргі заманда пайдасы мол. Соңғы жаңалықтарды білуге, керекті дүниелерді іздестіріп, табуға болады. Кері әсері де бар. Орнымен, жөнімен пайдалану керек деп ойлаймын. Мысалы, біз блог жүргіземіз. Ол арқылы біз тыңдармандарымызбен байланысқа шыға аламыз.

Дулат: Заман талабына сай интернетті қолданамын. Бірақ та интернетке қызығушылық, оған деген тәуелділік менде жоқ. Интернетті қолданбайтын да күндерім болады.

Топ ішінде ән таңдау я орындау барысында өзара ақылдасып, бір-бірлеріңізге сын-пікірлеріңізді айтасыздар ма?

Болат: Біз бір ұяда жүрген балапандар сияқтымыз. Ән таңдау я орындау кезінде бір-бірімізбен ақылдасып жатамыз.

Мейір: Бір-бірімізді түзетіп, толықтырып, бір-бірімізге сын айтамыз. Ортақ шешімді бірге таңдаймыз.

Фархат: «Дос жылатып айтады» дегендей, әрине, бір-бірімізге кемшіліктерімізді айтамыз.

Топ ішінде кім көп еркелейді?

Болат: Барлығымыз да еркеміз 

Мейір: Арамызда ең кіші Фархат бауырымыз. Барлық жұмысты Фархатқа тапсырамыз.

Араларыңыздағы №1 атаман кім?

Дулат: Мен

Болат, Мейір, Фархат: Барлығымыз Дулатты тыңдаймыз. Арқа сүйеріміз де, көшбасшымыз да Дулат

Араларыңызда үнемі кешігіп жүретін жан бар ма?

Дулат: Иә, бар. Ол мен

Болат Қанағатов

Қандай дүниелер жыныңызға қатты тиеді?

Болат: Қаңылтырды шегемен тырнаған кезде шығатын дыбысқа жүйкем шыдамайды. Мақтаншақ, темекіге әуес қыздарға жыным келеді.

Мейір: Жынысына, жұмысына қарамастан ырбыңдап-жырбыңдап қалған, орынсыз қылық шығаратын адамдар ұнамайды.

Фархат: Аса жек көретін дүниелер жоқ. Әр нәрсеге сабырлықпен қараймын.

Дулат: Алматының жолдарындағы кептелісті көріп қаным қараяды

Есімдеріңіздің қойылған тарихы қандай?

Болат: Болаттай мықты болсын деген ниетпен есімімді Болат деп атам қойған. Жанымдағы жігіттердің қойған «Бөке» деген лақап атым бар

Фархат: Әжем атымды ағам Ерболатқа ұқсатып Айболат деп қойғысы келген екен. Алайда нағашы жеңгем Фархат деп қояйық деген соң, бәрі келісіп, осы есімді маған берген. Есімім өзіме ұнайды. Парсы тілінен аударғанда «ақылды, зерек» деген мағына береді.

Мейір: Анамның аяғы ауыр кезде әкем екеуі ауылға қыдырып барған екен. Әкемнің немере інісі сол кезде 10-12 жастағы бала. Оның есімі Мейіржан. Осы есімді ұнатқан менің анам атымды Мейір деп қойған екен.

Дулат: Мен қыстың соңғы айы ақпанда дүниеге келгенде ауа-райы бұзылып, қатты боран соққан екен. Көліктер жүрмегендіктен анам екеуміз перзентханадан шыға алмай біраз уақыт жатқан екенбіз. Сол кезде менің ағам К-700 тракторымен келіп, бізді үйге алып кетіпті. «Дулатып боран соққанда туылған балаға Дулат деп қоямын» деп есімімді ағам қойған.

Бүгінгі таңда өнер атты кеменің басын ұстаған жандарсыздар. Ал бала күндеріңізде кім болуды армандап едіңіздер?

Мейір: Біраз уақыт күреске қатысып, спортпен шұғылдандым. Алайда, ес білген сәттен музыкамен айналысқан соң, бар арманым осы саламен байланысты болды.

Фархат: Әншіліктен басқа еш арманым болған емес. Бала күнімнен бастап өнер адамы болсам дейтінмін.

Болат:  Жүрегім тек ән айтуды қалады. Әнші болсам деген арманым бұл күнде орындалды

Дулат: 10 сыныпта оқып жүргенімде достарымызбен тауға шықтық. Сол жақта бір қарт апаны кездестірдік. Ол кісі бал ашып, болашақты болжайды екен. Кезекпен болашағымызды айтып жатты. Кезек маған келген кезде «Сен ән айтасың! Тіпті теңізде жүрсең де, сен ән айтасың» деп айтқан еді. Осы сөздер жадымда әлі күнге сақтаулы.

Әңгімелеріңізге үлкен рахмет! Сіздерге шығармашылық табыстар тілейміз!

Ғ. Ұзақ