«Астана – арман қаласы» атты көрме ашылады

«Астана – арман қаласы» атты көрме ашылады

Тұңғыш президент мұражайы Астана қаласының 15 жылдығына орай түрлі іс-шаралар өткізетін болды.

26 маусым күні алғашқы шара астаналық белгілі фотограф Владимир Куриловтың «Астана – арман қаласы» атты көрмесі ұйымдастырылады. Көрме мұражайда президентіміздің Ақмоладан Астана қаласы болып өзгергені туралы мәлімдеме жасаған күмбез залында қойылуы тегіннен емес. Бұл туралы Мұражай баспасөз хатшысы хабарлап отыр.

Көрмеде Куриловтың зеңгір көктен түсірілген 30 фотосуреті қойылады. Ол қаланың панорамасын көбінде аспанмен иық тірескен үйлердің жоғары қабаттарында әртүрлі жарық пен ракурстарда түсіріпті. Қала тұрғындары мен қонақтарына таныс зәулім үйлер мен қаланың мәдени орталықтары, оның ішінде «Ақорда» Президент резиденциясы, «Хан шатыр» ойын-сауық, сауда орталығы мүлдем басқа ракурстарда, тәулік мезгілдерінің әрқилы уақыттарында түсірілген суреттері қаланың түнгі әрі күндізгі уақыттағы өмірін баяндайды.

«Владимир Курилов Астана қаласының жылнамашысы ретінде танылған. Астана қаласына арналған көптеген фотосюжеттерден оның айырмашылығы қайталанбас сұлулығы мен жаңа бағытта жасалуымен ерекше. Оның түсірген суреттері астанамыздың даму кезеңдерін сол қаланың тұрғыны ретінде көре білген көріністері болып отыр» - делінген ақпараттық хатта.

Владимир Иванович Курилов – 1956 жылы 25 маусымда Ақмола (қазіргі Астана) қаласында туылған. Оның еңбегі мен шығармашылық биографиясы туған қаласымен байланысты. Автордың фотосуреттері арман қаланың тұрғызылу кезеңдерін бейнелейді. Соңғы жылдарда В.Куриловтың жеке жұмыстары елорданың мұражайлары мен сарайларында өткен. Биыл қойылатын көрменің бір ерекшелігі үлкен масштабта түсірілген жаңа фотосуреттердің ілінетіндігінде. Мұражайдың күмбез залының сәулеті де көрмеге таптырмас жер.

«Астана – арман қаласы» көрмесі 36 маусымда сағат 17.00-де ашылып, 31 тамызға дейін қонақтарын күтпек.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: tengrinews.kz

А. Құлтай