Сәрсен Қызай: «Фотоаппаратсыз газет шығарып жүргендер көп»

Сәрсен Қызай: «Фотоаппаратсыз газет шығарып жүргендер көп»

Фотографтардан сұхбат алу үрдісін жалғастырамыз. Бұл жолы «Алматы ақшамы» газетінің фототілшісі Сәрсен Қызай фотография саласы жайлы әңгімелеп берсін.

- Сәрсенбек, қай жақтың тумасысыз, фотографияға деген қызығушылығыңыз қай кезден бастап ашылған еді?

- Мен Қытайда туғанмын. Хантәңірінің арғы жағында Текес деген өзен бар. Бұл салаға мектеп кезінен қызығып, сурет салып жүрдім. Сонда Қытайдың газеттеріне Айболат Аяғанов деген жігіт фотоэтюдтар шығарып жүрді. Бір жолы сол кісінің суреттерін бір бетке толық басыпты. Сол суреттерге қарасам «Даланың иісі бұрқырап», «Қарттарым аман жүрсе екен», «Таңғы тірлік» деген тақырыптармен беріліпті. Содан ой пайда болды: фотография арқылы да өмірді тамаша етіп көрсетуге болады екен-ау дедім. Содан басталды да кетті. Үйде ата-анама айтып жүріп, бір жылдан кейін фотоаппарат алғыздым әйтеуір. Қазіргідей сандық фотоаппарат емес, кәдуілгі пленка арқылы түсіретін аппарат.

15-16 жасымдағы шақта балаларға арналған «Өрен» деген газетке хабар, мақалалар жіберіп отыратынмын. Одан қаламақы алып қалып, сыныптастар арасында беделіңді де арттырып жүресің. Кейін 2001 жылы атамекенге келдік. Келгеннен кейін бастапқы мамандыққа бару үшін дайындық факультетін бітіру керек болады. Сонда жүрген соң журналистика факультетіне тапсыру қиын болады деген әңгіме болып, филологияға түскенім бар. Онда да мамандық сандары ауысып кетіп, орыс филологиясына түсіп кетіппін. Мен де таң, ел де таң. Орыс тілін бір ауыз білмей тұрып, орыс тілін тереңдете оқытатын мамандыққа түсіппін. Мен ғана емес, Қытайдан келген үш бала түсіппіз. Қаншама шыдап бағуға бел бусақ та, оқи алмадық. Содан осы ескі қызығушылыққа деген ынта қайта қозып, ел-жұрттан сұрастырып, Каблуков көшесіндегі Жүргенов колледжіне тапсырдық. Онда Кино және Телевидения факультетінің деканы Әнуар Дауылбай деген кісі ондағы мамандық тікелей фотография емес, негізі операторлық мамандық деп түсіндірді. Студенттік өмір де сол кезден басталып, мамандық бойынша жұмыс та істеп жатқан жайымыз бар.

- Елімізде бұл мамандыққа қызығушылықтың бар екенін білеміз. Бірақ арнайы оқыту орны болмағандықтан, бұл сала дамымай тұрған сияқты...

- Қазақстанда фотография саласы дамып кетті деп айта алмаймын. Мұнда келген соң, фотосуретшілер деген одақ бар екен деп ойлап, біраз адамнан сұрастырған соң, жоқ екенін білдім. «Жас Алаш» газетіндегі Жасұлан Әбдірайым ағаға барып, мұндағы жағдайды білгенімде орыс тілді фототілшілердің ашқан клубтары мен ұйымдары барын біліп алдым. Осыдан-ақ білуге болады біздегі жағдайды. Өзге мемлекеттерде міндетті түрде Суретшілер Одағы немесе заңды ұйымдар мен клубтар жұмыс жасайды. Оны мемлекет қаржыландырып отырады, онымен қоймай, түрлі шаралар, байқаулар ұйымдастырып, ат басындай сыйлық тағайындайды. Ал бізде мұндайдың бірі де жоқ.

- Отандық фотографтар құралып «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігін ұйымдастырып жатыр екен. Бұған сіздің де үлесіңіз, қатысыңыз бар шығар?

- Иә, бұл туралы қазақ фотожурналистері басымызды қосып, осындай бір шешімге келген едік. Негізінде оның төрағасы – Асылхан Әбдірайым. Мақсаты осы саланы барынша дамытып, өсіп келе жатқан кейінгі ұрпаққа насихатын жасау. Біраз іс-шаралар да өтті, өтіп те жатыр.

- Фотожурналистер қатарында сіздерге ұстаз болып жүрген кімдер бар?

- Асылхан ағамыз, Шүкір Шахай, «Айқын» газетіндегі Айтжан ағамыз бар, ардагер фотографтарды да айтуға болады. Бұл кісілер тәуелсіз Қазақстанның шежіресін жасап келе жатыр.

- Аға, қазақ интернет кеңістігінде қазақ суреттері өте аз. Бұл дегеніміз түрлі порталдар мен сайттарға өте күрделі мәселе. Ал бұған дейін фотографтардың авторлық құқығы туралы заң шығып қойды. Онсыз да қиналып жүрген басылымдар бұдан қиналып қалмай ма? Мәселен, қазақ баласының сапалы суретін ғаламтордан таппайсыз.

- Бұл қабылданып қойса да, атқарылып жатқан жоқ. Ешкім де қазір авторлық құқығын сақтап, қорғап ала алмайды. Себебі бұл жағдай менің де басымнан өтті. Біз оны еңбекпен барып түсіреміз, одан кейін оны интернеттен жалпақ жұрт алып, пайдалана береді. Бірде үлкен бір мейрамханадан ені 2 метр, ұзындығы 3 метр көлемді өз суретімді кезіктіріп, құқығымды қорғай алмадым. Оны мен танымайтын адамдар пайдаланып жүр екен. Маған айтқандары «Интернетке салынғанның барлығын да сотқа бермексің бе?».

Міне, бұдан кейін ары асып, құқық туралы әңгіме қозғаудың өзі ыңғайсыздау. Ал кейін тағы бір кісілер Шымкент қаласының көшесіне менің түсірген суретімді билбордқа іліп қойыпты. Тақырыбы Наурыз мерекесі болатын. Оларға хабарласып, мән-жайды сұрағанда әкімшілік тендерді ұтып алған компанияны сотқа беруімді ұсынып, соларға бұрды. Оларды мен қайдан табайын? Міне, осындай жағдайлар өте көп. Ашық кеңістікте әркім білгенін жасай береді. Ең болмағанда рұқсат алып, аты-жөнімізді жазбайды. Бұл мәселені шешуді «Фотоөнер» бірлестігінің алдағы жоспарына қойып отырмыз. Заңгерлермен жұмыс жасап, заң жүзінде атқаратын іске айналып отыр. Бір-екі рет осындай акцияларды өткізсек, өзгелер де авторларды, олардың еңбегін сыйлайтын болатын еді деп ойлаймын. Тіпті ешқандай да фотографсыз, фотоаппаратсыз газет шығарып отырғандар да бар. Барлығын инернеттен алып, баса береді.

- Фотоаппараттарыңыз қандай? Жалпы, оның бағасына байланысты сапасы анықталатын шығар?

- Біз негізі орыс басылымдарының фототілшілерінен кейде ұяламыз. Олар соңғы шыққан нұсқалар алып, қайта-қайта ауыстырып отырады. Бес қаруы сай деуге болады. Ал бізде олай емес қой. Кейбір республикалық басылымдарға қызмет жасап жүрген фотоаппараттың көбін әуесқойлардың өзі пайдалана бермейді. Ал негізі қарапайым сайттарға, қағазы аса сапалы емес газеттерге ортаңқол фотоаппараттар да жарай береді. Бұл негізі шеберлікке әкеліп тірелетін секілді. Бізде «Шалкөде 2012» фотосеминары өткен еді, міне, сонда қарапайым ғана кішкене фотоаппараттардың шеберліктің арқасында керемет туындылар шығарғанына куә болдық. Ал керемет, 10 мың долларлық фотоаппараттар да ештеңе түсіре алмауы мүмкін, егер шеберлігіңіз болмаса, немесе тәжірибе жинамасаңыз.

Сәрсен Қызайдың виртуалды көрмесіне шақырамыз:

Әңгімелескен: Ардақ Құлтай

Сурет: Сәрсен Қызайдың жеке қорынан

А. Құлтай