Эйнштейнді өзгерткен әңгіме

Эйнштейнді өзгерткен әңгіме

Эйнштейн бала күнінде қатты ойынпаз, үй бетін көрмейтін сотқар бала болыпты. Анасы оның осы қалпын көріп, іштей қатты қынжылып, баласының болашағына алаңдайды екен. Оған бұл күндерінің мағынасыз екенін қалай айтып түсіндірудің жолын таппай қиналып жүреді. Құр сөзбен қанша айтса да, ұлының оң құлағынан кіріп, сол құлағынан ағып түсіп қалады екен. Бәрі айтылған жерінде қалып, бірде-бірі орындалмайтын көрінеді. Ол он алты жасқа келген жылы күз күндерінің бірінде, өзенге балық аулауға кетіп бара жатқан әкесі Эйнштейнге бір әңгіме айтып береді. Дәл осы әңгіме Эйнштейннің бүкіл өмірін өзгерткен еді.

«Кеше, - деп бастайды әкесі әңгімесін, - Көрші Жек екеуміз оңтүстік жақтағы зауыттың пешін, ысын тазаладық. Зауыт мұржасына тек мұржаның ішіндегі сатымен ғана шығуға болады екен. Жек мырза алдында, мен соңында келе жатырмын. Біз бір-бірімізді демеп жүріп, мұржа басына зорға шықтық. Түскен кезде де, Жек ағамыз алдымен түсті де, мен соңынан түстім. Ысты тазалап, әбден шаруаны тындырған кезде мен мынадай жағдайды байқадым: Жек ағайыңның үсті-басы ыстан, күйеден көрінбейді екен де, мен оған қарағанда қатты кірлемеген екенмін. Оның беті, киімдерді ыс пен күйеден көрінбейді. – Эйнштейннің әкесі жалғасы күле сөйлеп, әңгімесін жалғастырып отыр, - Мен Жек ағайыңның кейпін көріп, іштей менің кейпім де дәл сондай шығар деп ойладым. Бетім кісі көргісіз боп тұрған шығар дедім. Сонымен мен жақын маңдағы кішкентай өзенге барып, жуына бастадым. Ал Жек ағайың болса, менің тап-таза үсті-басымды көріп, өзін де сондай деп ойлапты да, өзенге барып қолын ғана жуып шыға берген. Нәтижесінде, көшедегі халықтың бәрі Жек ағайыңды көріп, күлкіден қырылыпты. Олар Жек ағайыңды есі ауысқан кісі деп ойлапты әуелі»,–деп сөзін аяқтады.

Эйнштейн әңгімені естіп болғасын, әкесімен бірге қарқылдап күле берді. Сосын, әкесі ауыр күрсініп алып: «Шындығында, басқа адам сенің айнаң бола алмайды, тек өзің ғана өзіңе айна болуың керек. Басқа адамдарды өзіңе айна ретінде қарай бастаған сәтіңде-ақ, сен ақымақ боласың немесе өзіңді керемет талант иесі деген ой орнай бастайды» деді.

Эйнштейн бұл сөздерді естіген сәтінде-ақ, өңі өзгеріп сала берді. Ол осыдан былай әлгі ойынқұмар бір топ баладан іргесін аулаққа салды. Ол әр сәт сайын өзіне өзін айна етіп, ішкі жан әлеміне үңіле барды, өзін өз сәулесімен нұрландырды. Ақыры оның осы нұры бүкіл әлемге тарады.

 

P.S:

Көрсоқырлықпен басқалармен өзін салыстырып, өзін басқалардан ақылдымын деп есептеп, өзіне қанағаттану немесе басқаларға жетпегеніне бола қасірет шегу – үлкен топастық! Әр адамның өзіне ғана тиеселі өмірлік арман-мұраты мен өмір сүру дағдысы бар, тек өзің ғана өзіңе бұл өмірдегі ең сенімді жетекшің, әрі табаны таймас серігің болмақсың.

 

 

Авторы: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: newexpo.com 

M. Auelkhan