Нұрғиса Елеубеков: "Болашақта фототілшілерге деген сұраныс артады"

Нұрғиса Елеубеков: "Болашақта фототілшілерге деген сұраныс артады"

«Алаш айнасы» республикалық коғамдық-саяси ақпараттық газетінің  фототiлшiсi Нұрғиса Елеубековтен сұхбат алуды жөн көрдік. Фототілшілік өнердің қыр-сырын білетін маман өз саласының қызықты деректерімен бөліссе, еліміздегі фотоөнер саласының жағдайы жайында баяндаса дедік.

- Нұрғиса аға, негізгі мамандығыңыз фототілші ме? Тарқатып айтып берсеңіз.

- Мен өзімнің мамандығым бойынша жол жүрісін ұйымдастыру инженерімін, бұл дегеніміз қазіргі МАИ қызметкері, 1992 жылы оқуға түсуге келгенде қазіргі «М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясы» бұрын «Алматы автомобиль және жол институты» болатын соған оқуға тапсырып емтиханнан құлап қалып, ауылға қайтып ол жақта үлкен бір автобазада автослесарь болып бір жылдай қызмет етіп келесі 1993 жылы тағы да осы оқу орнына тапсырып оқуға қабылдандым.

"Тәттім сол"

- Ал фотоөнерге қызығушылығыз бала кезден ашылып па еді?

- Негізі фотоға деген қызығушылық бала кезден, яғни 4-5 сыныпта оқып жүргенде басталды. Ауылдағы балалардан көріп және бір туыс ағамызда бұрындары суретке түсірумен айналысқан, әйтеуір солардың ықпалы тиген болуы керек, аздап қызығушылық басталып кетті. Кейін арнайы фотоүйірмеге қатысып үйреніп алдым. Ең алғаш фотоүйірмеде қызыл жарық жағып қойып, фотоқағазды әртүрлі дәрі-дәрмекке салып сол сәтте қағаз бетіне кескіндердің алғаш пайда болып шыққан сәті, яғни мына бүкіл әлем бір қағаз бетіне қалай сыйып кететіні қатты таңғалдыратын. Шынын айтсам, қатты қуанатынмын. Содан әке-шешеме күнде айтып жүріп, тұңғыш фотоаппаратымды («Смена 8М») алғыздым, содан ептеп мектепте суретке түсіріп үйде өзім шығаратын болдым. Кейін студент кезде де көмегі көп тиді, кейде ақшадан қысылған сәттерде жатақханаларды аралап суретке түсіріп тапқан ақшамыз өзіміздің тамағымызға киімдерімізге еш қысылмай жетіп жүрді. Айтпақшы, студент кезімде 2-курста көшеден әр жерден тамақтанатынбыз, ол кезде асханалар аздау болатын, содан бір күні тамақтан қатты уланып деканаттан жедел жәрдем алып кетті, ауруханада сол жатқаннан мол жатып 3 ай төсектен тұрмай ауырдым.

"Бақтағы ару"

Содан амалсыздан сырттай бөлімге ауысып, оқуды 1999 жылы бірақ аяқтадым. Дипломды алар сәтте бәрімізді военкоматқа жіберді, содан әскерге жарамай қалғанымды сол сәтте бірақ білдім. Менің 2-курста ауырып түскен диагнозым жаман болып шықты. Әскери билетсіз диплом өз мамандығымызбен жұмыс істеуге жарамай қалды. Сырттай оқып, әр түрлі жұмыстар істеп жүргенде арасында «Алматы ақшамы» газетіне де фотоэтюдтар беріп тұратынмын, содан сол газеттің фототілшісі орыс жігіт әскерге кететін болып, мен оның орнына уақытша штаттан тыс фототілші болып жұмысқа алындым. Кейін «Ана тілі газетіне», «Сақшы», «Отан сақшысы», «Көзқарас», «Қазақ әдебиеті» және балалар газет журналдарында «Ұлан», «Ақ желкен», «Балдырған» тағы да басқа газет-журналдарда қатарынан штаттан тыс қызмет атқарып жүрдім. Ал кейін толық қызметке алынып жұмыс бастап кеттім.

"Қайран теңгелер"

- Фототілшілік өнердің ең бір қызық сәттерін, бұл жұмыс саласында не нәрсеге көңіл бөлу ұнайтынын айта кетсеңіз.

- Әсіресе жұмыс бабымен іссапарларға барған қатты ұнайтын, ол кезде ешқайда шығып көрмеген маған әр түрлі ұшақтар мен тікұшақтарда ұшқан сәттер ерекше болатын. Штаттан тыс қызмет еткеннің бір пайдасы осы болатын, көбіне штаттағы адамды емес, штаттан тыс адамдарды көп іссапарға жіберетін, өйткені бір іс-шаралар болып қалғанда іздеп қалмас үшін. Осылайша, фотоөнерге деген қызығушылығым күннен күнге арта түсті. Әсіресе жұмыс бабымен әр түрлі салаларға бас сұғатынымыз қызық болатын. Мысалға бұрын соңды жақыннан көрмеген Елбасын тағы да басқа атақты тұлғаларды көру және әркімге кіруге рұқсат бере-бермейтін операция жасап жатқандарды көру, неше түрлі зауыттардың қалай жұмыс істеп жатқандарын көру, әсіресе ішкі істер қызметкерлерімен әр түрлі репортаждарға, реидке шыққанда олардың қылмыскерлерді қалай ұстайтыны, неше түрлі абақтылар яғни түрмелердегі адамдарды көру және жедел жәрдеммен жүргенде қандай оқиғаларға куә болғанымыз – бәрі-бәрі өте қызық болатын. Яғни мен фотожурналистикаға өз қызығушылығыммен келгенмін, демек арнайы фотомамандығын оқыған, бітірген маман емеспін.

"Әскери жаттығу"

- Еліміздегі фотожурналистика туралы айтып өтсеңіз, бұл сала қаншалықты дамыған? Әлде әлі де еңбек етер тұстарымыз бар ма?

- Ұлттық фотожурналистиканың тарихын өте керемет білемін деп айта алмаймын, әрине Қазақстанда негізін қалаған басқа ұлттың өкілдері екенін білемін. Неге десеңіз, ең алғашқы мамандар Ресейден шақыртылған. Кейін бері келе Қазақстанда ұлты қазақ фотография тарихының негізін қалаған ағаларымыз Рысқали Дүйсенғалиев, Съезд Бәсібеков, Сайлау Пернебаев, Дендірбай Егізов, Алашыбай Есмағамбетов, Рахымбай Ханалы болды. Мен фотожурналистикаға алғаш араласып жүргенде Рысқали Дүйсенғалиевті, Сайлау Пернебаевті және қазір көзі тірі Нұрғожа Жұбановты, Нұрманбет Қизатұлын, Советбек Мағзұмов ағаларымызды жиі көретінмін. Қазір ол кісілердің елімізде орын алған әр түрлі кездегі болған оқиғаларды түсірген суреттері біздің тарихымыз деп білемін. Олар мұражай қорларында қайталанбас алтын қазыналарымыз және бейнелері мәңгі сақталады. Негізі фотожурналистердің басқалардан айырмашылығы – олар еліміздің тарихын қағаз бетінде сол қалпында суреттермен көрсетушілер. Жалпы айтқанда, тарихты суретке жазушы фотошежірешілер.

"Ай мен жұлдыздың кездесуі"

- Ал бүгінгі фотожурналистердің шеберліктері, кәсібилік деңгейлері жайлы айтсаңыз.

- Бүгінгі таңдағы баспасөздегі фотожурналистиканың орны ерекше деп білемін. Себебі әрбір кезеңнің өзіндік бір ерекше оқиғалары орын алып жатады, сондықтан да оларды дер кезінде суретке немесе бейне таспаға түсіру өте жылдам белең алып келеді. Бұрынғы кеңестік дәуірдегі фотограф ағаларымыздың еңбегін, әрине, жоғары бағалаймыз, себебі ол кезеңдерде техника өте тапшы және енбегі өте көп болатын. Ағаларымыз әр кадрды ойланып есептеп барлық тетіктерін дәлдеп қоюға тырысатын, ал қазір бір суретті бірнеше рет аямай яғни кадрды үнемдемей баса беруге мүмкіндік бар.

Ал, баспасөз беттерінде басылған әрбір суретке мұқият және ұқыптылық басты талап болатын. Себебі әрбір жазылған мақалаларға ол кезде арнайы іссапарларға әр түрлі репортаждарға жіберіліп тұратын. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ заман, сол үшін барлық түсірілген суреттері жіті қадағаланып, мақалаға сәйкесінше жарияланып тұратын. Мен де сол кісілер ұстаған фотоаппараттармен жұмыс бастадым, суретке түсірерде ол кісінің көзінің жұмылып қалмауын және артқы жағында бір заттардың ыңғайсыз тұрып қалмауына қатты мән беретінбіз. Өйткені әрбір кадр санаулы және қағаз бетіне шығару процесі күрделі еді. Әрбір түсірген суретімізді қазіргідей бірден көру мүмкіндігі жоқ сондықтан да, қашан қағаз бетіне шыққанша уайымдап толқып жүретінбіз.

"Табиғат"

- Аға, қазірде БАҚ беттерінде жарияланып жүрген суреттер көңіліңізден шыға ма? Кәсіби фото мен арзанқол фотоаппарат түсірген суреттің қандай айырмасы бар?

- Қазіргі таңдағы газет-журнал болсын әр-түрлі сайттар болсын, әрине фотосуреттерсіз жарық көрмейді. Бірақ осы заманға сәйкес барлығы дерлік кәсіби фотоаппараттармен қамтылған деп толық айтуға болмайды. Дегенмен, арасында кей басылымдар өзінің беделін түсірмес үшін әрине сапалы фотоаппаратпен қамтылған фотография мамандарын ұстайды. Қазіргі баспасөздегі фотожурналисттердің маңызды орын алатындарын бәрі мойындағанымен оларды сәйкесінше жұмыспен және фотоаппаратпен толық қамти алмайды. Оның орнына фототілшілерді ұстау артық шығын дейтіндер де жоқ емес, одан да барлығына бірдей жазған мақалаларына суреттеріңді қоса ала келіңдер деп айту оңай болып қалған. Оған аса қарсы болып көбісі шыға да алмайды, неге десеңіз екінің бірінде қол телефон немесе фотоаппарат бар. Бізді таңқалдыратын жайттар бар, олар орыс тілді немесе шетелдік басылымдарда фототілшілердің жалақысы өте жоғары және жиі іс-сапарларға жіберіп отырады, олар фотографияға қатты мән береді де ал қазақ тілді басылымдардың  жалақысы да төмен және фотоаппараттың да жағдайы мәз емес. Негізі өз басылымына шын жаны ашитын басшы бірінші кезекте фотоаппаратпен және оқиға орнына тез жету үшін көлікпен де қамтамассыз етіп отыруы керек. Кейбір орыстілді басылымның фототілшілеріне қызыға қараймыз, өйткені олардың фотоаппараттары уақыты келгенде үнемі жаңаланып, сонғы үлгідегі аппараттармен қамтамассыз етіліп отырады. Ал біздің қазақ баспасөз басшылары фотоаппаратқа ақша шығындағанша автокөлік немесе жиһаздарын жаңартып тұруға бейім келеді. Кей кезде әріптес бауырларымыз басшыларға ренжіп, басқа жұмысқа ауысып немесе мүлде басқа мамандық бойынша жұмыс іздеп кетіп қалып жатады.

"Қыс ғажайыптары"

- Фотографтардың жұмысын интернет келіп жеңілдетті ме, әлде тіпті қызметке ортақтасып, қызметті азайтты ма?

- Фотожурналистика саласы басқа фотографияға қарағанда, күнделікті өмірдегі біз біле бермейтін жаңалықтарды тізіп отыратын сала. Жалпы, таза фотожурналистті қалап іздеп жататын басылым кем де кем. Бірақ қазір барлығы ғаламторға (интернетке) қатты сеніп алған, былайша айтқанда дайын асқа жүгіреді. Менің ойымша, күндердің бір күні барлығы дерлік фототілшілер ұстауға немесе жалдамалы фотографтарға суреттерді түсіртуге, болмаса қомақты қаржыға сатып алуға тәуелді болады. Себебі шетелдік тәжірибелерді қарасаңыз солай, өйткені ешкімге де ешуақытта тегін фотография берілмеген олардың да сұрауы бар және ол туралы заң қатал. Ал, біздің елде авторлық құқық туралы заң бар,бірақ ол толық орындалып жатқан жоқ. Егер,барлығы дерлік заңға сәйкес бір бірінен авторлық құқығын талап етіп сотқа шағымданып жатса, онда біршама басылымдардың құрдымға кетуі, жабылып қалуы ғажап емес.

"Жайлауда"

- Еліміздегі фотоөнер саласының болашағы қалай болмақ? Болжам жасай аласыз ба?

- Қазіргі, фотожурналистикада қызмет етіп жатқандар еліне шын жаны ашитындар және болашақты ойлаған азаматтар деп білемін. Өйткені олардың әрбір түсіріп жүрген суреттері жаңалық, оқиға болса, ертең олардың суреттері еліміздің өшпес тарих қойнауына енері сөзсіз. Дегенмен де, фотография тоқтамай дами береді, ертең мүмкін әрбір азаматтың қолында бейнеге, суретке түсіретін құрал болған күннің өзінде фототілшіге деген сұраныс өшпейді. Былайша айтқанда, бұрынғы кезбен салыстырғанда фототехника дамыған сайын соған сәйкесінше шебер фототілшілерге деген сұраныс да арта түседі. Өйткені әр басылым өз заманына сәйкес сапасына да көп мән беретін болады. Қазіргі таңдағы басылымдар заманауи техникамен ептеп  қамтамасыз етіліп жатыр.

"Садақ атудан жарыс" Моңғолия

Елімізге бұл фотография саласы әрине өте қажет, дегенмен бұл елімізде жайлап болса өркендеу үстінде. Басқа елдермен салыстыруға келмейді, өйткені елімізде нақты осы фотомамандарын жоғары денгейде даярлайтын арнайы оқу орындары жоқ. Бізде ол енді-енді қолға алынып келеді. Осыдан 3 жыл бұрын яғни 2010 жылы 25 тамызда қазақ газет-журналдарының фототілшілері бірігіп «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі Асылхан Әбдірайым ағамыздың бастамасымен құрылды. Қазіргі уақытқа дейін көрмелер қою, кітаптар шығару деген секілді бірқатар жұмыстар атқарылды.

"Таңсәріде"

Сүйінші сұрайық, жақсы бір жаңалығымыз – келесі айдың басында «Фотоөнер» - қоғамдық бірлестігімізді өз сайты ашылады www.photooner.kz. Осылайша, енді сайт арқылы барлық халыққа қызмет етеміз деген ойдамыз. Суретке түсіру барысында әр түрлі оқиғаларға, көріністерге байланысты әр түрлі шабыттар келеді адамға. Әрине, адам баласы әдемі, сұлу көріністерге құмар келеді ғой, сол секілді бізде әдемі сәттерді қайта-қайта түсіргің келіп тұрады және өзің түсірген суреттерің сәтті шығып жатса қатты қуанып көңілденіп қаласың.

"Қызғалдақтар"

- Аға, соңғы сұрағым болсын, фототілші болу үшін арнайы мамандық болуы шарт па? Әлде дарын болуы керек пе?

- Кейбір адамдар суретке түсіру үшін оқудың не қажеті бар осы деп жатады. Негізінде олай емес, фотография туралы аздап болса да білім алған жөн, себебі суретке түсіру барысында ол адамның әрқилы сәттерге тап болуы мүмкін. Мысалы: қатты қараңғы немесе қатты жарық болуы мүмкін және түрлі оқиғалар болғанда тез ойластырып оңтайлы түсіре білу керек. Сондықтан да, әуесқой фотограф пен кәсіпқой фотографтың арасында айырмашылықтар болады. Суретке түсіру кез келген адамда алғашында қызығып түсіретін өзінің бір хоббиі болса, ол бара-бара кәсіби өнерге ұласып кетуі мүмкін. Негізі фотография саласы – ол әрине өнер, оны кім таза кәсіпке айналдырады, кім тек қосымша ермегі етіп жүреді – ол әр адамның өз еркінде.

Мәлімет:

Елеубеков Нұрғиса Мейрамбекұлы

1975 жылы 27 қыркүйекте Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. 1999 жылы Алматыдағы Қазақ көлiк және коммуникациялар академиясын тәмамдаған. Фотоөнермен 5 сыныптан бастап айналысып келедi. Тұңғыш кәсiби фотосы 1996 жылы «Алматы ақшамы» газетiнде жарық көрдi. Нұрғиса «Ана тiлi» апталығында, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығында және сол жерден шығатын «Алтын бесiк» журналында, Ғ.Мүсiрепов атындағы қазақ мемлекеттiк академиялық балалар мен жасөспiрiмдер театрында жұмыс iстедi. Әлемнiң бiрқатар елдерiн (Түркия, Моңғолия, Швеция, Германия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстанның барлық қалаларын) аралады. Суреттерi «Жас Алаш», «Қазақ әдебиетi» «Алматы ақшамы», «Ана тілі», «Достық», «Айкын», «Ақ желкен», «Ұлан», «Түркiстан» басылымдарында  жарияланып тұрады. Қазiр «Алаш айнасы» республикалық коғамдық-саяси ақпараттық газетінің  фототiлшiсi.

Әңгімелескен: Ардақ Құлтай

Суреттер: Нұрғиса Елеубековтың жеке қорынан

А. Құлтай