Ақтөбелік биші Киевте өнер көрсетеді

Ақтөбелік биші Киевте өнер көрсетеді

Ақтөбелік биші Батыр Абдуллин Киевте украиналық «Бәрі де билейді!» атты телошоуға қатыспақ.

Батыр Абдуллин бимен балабақшадан бері айналысады. Уақыт өте келе, ол өз дарынын Майкл Джексонның би қимылдарына қарап дамыта түскен. Осы уақытқа дейін бидің он түрін жақсы меңгерген Батыр әсіресе хип-хоп пен джаз фанк стилінде билегенді ұнатады.

25 жастағы жас биші осы уақытқа дейін талай би байқауларының жеңімпазы атанып, бірнеше рет жүлделі орындардан бой көрсеткен болатын. Өзі тіпті ақтөбелік жастарға би өнерінен сабақ береді.

Бұл жылы Батыр салмақты шешім қабылдады: Ол «Бәрі де билейді» атты украиналық телешоуға қатыспақ ниетті.

- Қазақстан бұл телешоуға алғаш рет қатысайын деп жатыр, - дейді  Батыр Абдуллин, – Іріктеуге Алматы қаласында жүргенімде қатыстым. Әр түрлі би жанрларының шеберлері де іріктеуге өте көп жиналды. Кастинг сағат 9.00-де басталады деді, ал мен 8.00-де барып алғанмын. Соның өзінде кезекте тұрдым.

Бірақ әділқазылардың алдына бірден бес адамнан кірген. Батырдың сөзінше, оның көптеген қарсыластары айтарлықтай мықты болған. Олар ешқандай да дайын нөмірмен сахнаға шықпапты. Бәрі де дәл ол кезде импровизацияға жүгінген.

- Қазылар кез келген музыканы қоя салды. Бақытыма орай, дәл маған келгенде өзіме ұнайтын музыканың үзіндісі қойылып қалды. Мен телешоуға алғаш рет қатысқалы тұрмын. Бұл өзі қызық!

Байқауға қатысушыларға олардың іріктеуден өткендігі туралы телефон соғып хабарлайтын болған. Ақпаннан бері ақтөбелік биші Батыр өзін қоярға жер таппай ұйымдастырушылар жақтан хабар күткен. Телефон соғылды. Ол «Бәрі де билейді!» атты украиналық телешоуға қатысатын болды. Отандасымыз телешоудың келесі айналымында өнер көрсететін жүз бишінің ішінде бар екен. Батыр мамыр айында осы мақсатпен Киевке жол жүрмек. 

- Ұйымдастырушының айтуынша, Қазақстаннан екі адам өтіппіз. Мен Қазақстан мен Ақтөбенің атынан өнер көрсететін боламын. Тіпті таң қалып тұрмын өзім де, - дейді Батыр.

Енді Батыр Абдуллин ең үздік жиырма бишінің қатарынан табылу үшін күресетін болады. Ал дәл қазір ол телешоуға қатысатын 2 түрлі биін дайындау үстінде.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: tengrinews.kz

А. Әбілхан