Мария Мудряк, Илья Машкевич пен Медет Чотабаев Астанада концерт берді

Мария Мудряк, Илья Машкевич пен Медет Чотабаев Астанада концерт берді
Фото: vk.com

Музыка әлемінің танымал әрі сұранысқа ие өкілдері Илья Машкевич, Мария Мудряк және Медет Чотабаев 2 наурыз күні «Астана Опера» Үлкен залы сахнасында «Музыкалық өнер жауһарлары» атты ғаламат концертте өнер көрсетті. 1250 орынға шақталған залда ине шаншар жер қалмайтыны айдан анық еді. Тыңдарман алдына алғы сөзімен ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шықты.

- Қазақстанның мәдени өмірі қарқынды даму үстінде. «Астана Опера» солисі Мария Мудряк 2 жыл бұрын Астанада өткен Пласидо Домингоның беделді «Опералия» вокалистер байқауының лауреаты атанған соң, қысқа мерзім ішінде елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде Мария әлемнің ең үздік сахналарында өнер көрсетеді. Жақында Мария Маскаттағы Корольдік театр сахнасында (Оман) Дж.Вердидің «Травиата» операсындағы Виолетта партиясын сәтті орындады, ал қойылымға маэстро Пласидо Домингоның өзі дирижерлік етті. Павлодарлық кішкентай қыздың авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болып табылатын «Болашақ» бағдарламасының грантына ие болғаны бәріміздің есімізде. Ал бүгінгі таңда Мария Мудряктың тамаша ән салуын есту мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ осынау кеште керемет тенор, «Астана Опера» жетекші солисі, Глинка атындағы Халықаралық байқаудың (Мәскеу) мәртебелі бірінші сыйлығының иегері атанған Медет Чотабаев өнерін ортаға салмақ. Әлемнің үздік театрлары оны да өнер көрсетуге қуана-қуана шақыруда. Оркестрге әйгілі музыкант Илья Машкевич дирижерлік етеді, - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сонымен қатар мәдениет және спорт министрі еліміздің мәдениеті мен спорт саласына қаржылай көмек көрсеткені үшін Қазақстанның ірі өнеркәсіптік компанияларына алғысын білдірді.

- Еуразиялық өнеркәсіптік топ «Дети мира» және миллиондаған қазақстандықтың жүрегінде ризашылық сезімін тудыратын басқа да көптеген әлеуметтік жобалардың бастамашысы болып табылады. Аталмыш топ еліміздің бірқатар театрларын, сонымен қатар спорттық жарыстарды белсенді түрде қолдап келеді. Еуразиялық өнеркәсіптік тобы Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевичке алғысымызды білдіреміз, - деп қорытындылады Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Фрунзеде дүниеге келіп, қазіргі уақытта Бельгияда өмір сүріп әрі жұмыс жасап жатқан  атақты маэстро Илья Машкевичке кештің шымылдығын ашу мәртебесі берілді. Дирижер бірінші бөлімде орындауға Антонин Дворжактың №9 симфониясын таңдап алды. Чех композиторы замандастарының бірі: «Ол көк шалғын мен таулар, теңіздер мен ормандардың иісі аңқып тұратын музыка жазады. Гетенің гректердің бойынан тауып, мақтан еткен сәулесін, өмірлік күш-қуатын, самғау мен жалынын – осының бәрін Дворжактың туындысынан таба аламыз» деген екен. Бұл шынымен де солай.

Музыка сыншылары, сондай-ақ асқақ өнержанкүйерлерінен құралған астаналық бомонд аталған шығарманың әуендік дархандығы мен эмоционалдық өзгешелігін тиісінше бағалай білді. Маэстро И.Машкевичтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестр қызықты интерпретацияға ере отырып, бірізді жұмыс жасады. Дирижер өте шебер нюанс жасау қабілетімен таңғалдырды.

Маэстро Машкевич қазақстандық музыканттармен алғаш рет жұмыс жасап отырған жоқ. Концерттік бағдарламалар аясында Алматыдағы филармониялық және симфониялық оркестрлермен өнер көрсеткені белгілі. Біраз жылдар өткен соң Ұлы дала еліне оралғанда, оны Қазақстандағы жаһандық өзгерістер таңғалдырған жоқ. И.Машкевичтің сөзінше, мемлекетті ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәрізді мықты тұлға басқарып отырғанда, бұлай даму заңды.

Музыканттар Антонин Дворжактың №9 симфониясының соңғы аккордтарын орындап жатқанда, сахна сыртында Мария Мудряк пен Медет Чотабаев дайындалып жатты. Концерттің екінші бөлімі «Астана Опера» солисі Мария Мудряктың орындауында Джузеппе Вердидің «Трубадур» операсынан Леонораның ариясы және кабалеттасымен ашылды. Вокалистің өнерін тамашалауға Павлодардан жанкүйерлері келген, олар басқа тыңдармандармен бірге әншінің әрбір сахнаға шығуына қошемет көрсетті.

Мария Мудряктың обертондарға бай жас дауысы музыкалық кеш бойында тамаша шарықтады. Бір туынды сопранодан икемділікті, енді бірі – жылы да күрделі бояуларды талап етті, әншінің музыкасында бұның бәріне оңай қол жеткізілді. Ол Шарль Гуноның «Фауст» операсынан Маргаританың (інжу-маржанмен бірге) ариясы, Франц Легардың  «Джудитта» опереттасынан Джудиттаның ариясы, «Дон Паскуале» операсынан Норинаның ариясы мен көптеген туындыларды орындай отырып, классикалық бельканто үлгісін паш етті.

Оның сахнадағы әріптесі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия Жұлдызы Орденінің кавалері Медет Чотабаев классикалық музыканы сүйіп тыңдаушыларды да, қарапайым тыңдармандарды да бей-жай қалдырмады. Көрермен қауым әншінің орындау шеберлігі мен табиғилығына ыстық ықыластарын білдірді. Ол алғаш рет елордалық сахнада У.Джорданоның «Федора» операсынан Лористің ариясын, сондай-ақ А.Лараның «Гранада» әнін ұсынды. Бұдан бөлек, әртістер дуэт болып бірігіп, тамаша өнер көрсетті, соның бірі көпшіліктің сүйікті туындысы Джакомо Пуччинидің «Богема» операсынан Мими мен Рудольфтің дуэті болды.

Асқақ өнерді бағалаушылар вокалистерді, оркестр музыканттарымен дирижерді сахнадан көпке дейін жібермеді. «Бәрекелді! Жарайсыңдар!» деген дауыстар залдан ұзақ бойы басылмады, бір демде өткен салтанатты концерттің шығармашылық құрамына алғыс ретінде үздіксіз қол соғылып, қошемет көрсетілді.

А. Оралқызы