«Алдаспанның» ерекше домбырасы The Spirit of Tengri-де!

«Алдаспанның» ерекше домбырасы The Spirit of Tengri-де!

«The Spirit of Tengri фестивалі түркі халықтары мәдениетінің жаһандануға тәуелсіздігінің белгісі». Еліміздегі тұңғыш, әрі жалғыз электрдомбырашылар тобы «Алдаспанның» жетекшісі Нұржан Тойшы осылай дейді. Топ фестивальға заманауи домбыра үнімен бірге, трэш-металмен астасқан ұлттық әуендерді әкеледі.
«Бұл фестиваль түркі-моңғолдардың музыкалық дәстүрін дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Біздің репертуарымызда көмей әуені, шаңқобыз бен ерекше домбырамыздың үні, күй шертудің жаңа тәсілдері бар. Біз фестивальға осындай өзіндік өрнегімізбен сән келтіреміз деп ойлаймыз. Жоба біздің одан әрі таныла түсуімізге септігін тигізіп жатыр. Мұндай мәдени шаралар өте керек. Ұлттық тәуелсіздік шекараға, қаражатқа байланысты емес, ол мәдениеттен басталады. Демек, The Spirit of Tengri түркі елдерінің өзіндік болмысын сақтайтын шара болмақ», дейді топ жетекшісі Н.Тойшы. «Алдаспандықтар» фестивальға өз композицияларымен бірге сахалық әнші Юлианамен және қобызшы Ерлан Сәбитовпен орындайтын бір шығармасын ұсынады. Қазір электрдомбырашылардың жаңа альбомы алдыңғысына қарағанда көп қызығушылыққа ие. Мультижанрлық топтың соңғы күйтабақтары бір-біріне ұқсамайды. Олар дәстүрлі шертпе күй, төкпе күй және халықтық стильдегі поп-рок әуендерден тұрады. Төкпе күйлер жинағы америкалық сарапшылар тарапынан өте жоғары бағаға ие болған. Айта кетейік, «Алдаспан» қарашаның 10-ы күні Алматыдағы «Кошкин Дом» рок-клубында концерт береді.

Жолдаған: Болатбек Мұхтаров

Сурет: мұрағаттан

A. Mustafina