Димаш жартылай финалда 2-орын алды

Димаш жартылай финалда 2-орын алды
Фото: vk.com

Димаш "I am singer" жобасының жартылай финалында итальяндық әнші Адриано Челентаноның "Confessa" әнін орындап, 2-орын алды, - деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Әдетте түсірілім аяқтала салысымен-ақ, қытай әлеуметтік желілерінде сайыс нәтижесі жария болатын. Бұл жолы бәрі басқаша болды. 

Байқауды ұйымдастырушылар да, қытайлық жанкүйерлер де біраз уақыт үнсіз қалды.
Десе де бірнеше күннен кейін Димаштың екінші орын алғаны белгілі болып отыр. Бұл туралы желіде журналист Мәдина Сейтмағамбет жазды.

"Димаштайымыз үздік үштіктің қатарында – 2-орын. 3-орын Димаштың жоба арқылы тапқан "әкесі" – Терри Линге бұйырыпты. Ал бәріміздің көкейімізді тесіп отырған 1-орын – гонконгтық әнші Сэнди Лэмде. Сонымен финалға жартылай финалға қатысқан 10 әншінің 8-і өтті, 9-10-орындардан көрінген екі әнші финалдан шеттетілді. Олар – Тереза Карпио (Ду Ли Ша) және 9-турда жаңадан қосылған әнші Джулия Пэн. 
Осындағы кестеде Сэнди Лэм 1-орында тұрғанымен Димаш екеуінің ұпай саны тең – 2,73", – дейді ол.

Финалдың алғашқы кезеңі 30-наурыз күні түсірілген. Ол 8 сәуір күні эфирге шығады. Ал жеңімпаз 15 сәуірде өтетін ақтық кезеңде анықталады. 

Ж. Жұмағұлов