Арыстанбек Мұхамедиұлының Димашты құттықтауы

Арыстанбек Мұхамедиұлының Димашты құттықтауы
Фото: vk.com

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Димашты Top Chinese Music Awards шарасында алған "Азияның ең танымал әншісі" жүлдесімен құттықтады. 

"Top Chinese Music Awards шарасында қол жеткізген "Азияның ең танымал әншісі" жүлдесімен құттықтауымды қабыл алыңыз. Бұл жеңіс – сіздің орындау шеберлігіңіз бен талантыңызға берілген зор баға. Сіздің қайталанбас таңғажайып талантыңыз қазақ өнерін, қазақ халқын бүкіл әлемге танытты. Мақсатқұмарлығыңыз бен еңбекқорлығыңыздың, шексіз отансүйгіштігіңіздің арқасында музыка әлеміндегі биік шыңдарды бағындыратыныңызға сенемін. Тағы де жеңісіңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, толағай табыстар мен жаңа жетістіктер тілеймін", – делінген хатта. 

Әншінің өзі мараппаттау кезінде ата-анасына, жан досы Алпамысқа, барша жанкүйерлеріне алғысын білдірді. 

Естеріңізге сала кетейік, Димаш байқаудың 10-кезеңінде өзінің "Ұмытылмас күн" атты әнін қазақ және қытай тілдерінде шырқап, 3-орын алған еді. Жалпы есеп бойынша жоғары ұпай жинаған әнші бірден финалға өтті. Ал екі кезеңнен тұратын финал 8 және 15 сәуір күндері тікелей эфирден көрсетіледі.

Ж. Жұмағұлов