Джордж Майклды ұмыттырмайтын 5 себеп

Джордж Майклды ұмыттырмайтын 5 себеп

Ұлыбритания саз әлемінің аңыз адамы Джордж Майкл желтоқсанның 25 жұлдызында бар болғаны 53 жасында бақилық болды. Композитор әрі продюсер Naughty Boy екеуі жаңа альбом дайындап, наурызда "Freedom" аталатын деректі фильмді жұртшылық назарына ұсынғалы жүрген. Сазгерлік мансабында альбомдарының 100 миллионнан астам көшірмесі сатылған. Мезгілсіз кеткен дарынды  өнерсүйер қауым ешқашан ұмытпасы анық, алайда, жас оқырмандар біле жүрсін деген мақсатта Джордж Майклдың ең танымал альбомдарының тізімін назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Freedom! '90, 1990

Джорд Майкл "Wham!" тобында өнер көрсеткен кезінен бастап ең беделді чарттардың алдыңғы орындарынан бой көрсетті. Жеке музыкант ретінде мансабын бастаған шақтың өзінде сол бетінен қайтпады. Алғашқы жеке альбомы да, екінші Listen Without Prejudice Vol. 1 аталатын пластинкасы да жұртшылық көңілінен шықты. 1990 жылы жарық көрген аталмыш альбомдағы Freedom! '90 әні негізгі композицияға айналды. Көпшіліктің сүйікті әніне Дэвид Финчер клип түсіру мақсатында Линда Евангелиста, Наоми Кэмпбелл, Кристи Терлингтон, Синди Кроуфорд және Татьяна Патиц сынды сол заманның атақты сән бикештерінің басын қосты. Сол себепті ән онжылдықтың үздік әндерінің қатарына кірсе, бейнебаян ең сәнділер қатарында болды.

Faith, 1997

1996 жылы Wham дуэті тарағаннан кейін, Джордж Майкл "Faith" альбомының жұмысына кірісті. Бұл альбом «Грэмми» сыйлығының әділ қазылар шешімі бойынша жылдың ең үздік альбомы атанды және соул-альбом ретінде American Music Awards марапатын 3 рет иемденді. Майклды  соул/R'n'B және поп/рок бағыты бойынша үздік деп танылды. Релизден соң, алғашқы аптаның ішінде "Faith" альбомының 3 миллион көшірмесі сатылып кетті.

Too Funky, 1992 

Red Hot + Dance альбомының негізгі синглы атанған осы Too Funky әні болатын. Бұл альбом Мадонна, Сил, Лиза Стэнсфилд сынды поп-жұлдыздармен бірлесе отырып, қауіпті ЖИТС ауруына қарсы қор үшін арнайы жазылған. 1992 жылы бұл бейнебаян туралы естімеген адам қалмады. Себебі, Too Hunky клипі түсірілімі жұмысына тағы да атақты  Тайра Бэнкс, Нади Ауэрманн мен Эстель Лефебюр сынды модельдер жұмылдырылған болатын. Клипте көрсетілетін сәнді костюмдерді арнайы Тьерри Мюглерге тіккізген екен.

Careless Whisper, 1984

Careless Whisper әні Wham! дуэтіне тиесілі болса да, оны айтпай кету мүмкін емес, себебі, ол Billboard шешімі бойынша 1985 жылдың ең үздік синглі атанды. 25 елдің музыкалық чарттарында біріншілікті сақтады. Баянсыз махаббат туралы баллада көпшілік қауым жүрегінен орын алды.  

Last Christmas, 1984

Батыс халықтары үшін балалық шақтың белгісіне айналған Рождество мерекесіне арналған аталмыш өлең бірден ән сүйер қауымның сүйікті шығармасына айналды. Белгілі әншілер оған өздерінің кавер-нұсқаларын да жаздыртқан. Бұл тіпті осы мерекенің әнұраны іспетті десек те қате болмайды. Бірнеше буынның басын қосатын, ыстық естеліктерге толы ән. Аудармасы “Соңғы Рождество” деген мағына беретін өлеңді жазарда Джордж Майкл бұл дүниедегі соңғы күні Рождествоға сәйкес келерін білді ме екен?!

А. Оралқызы