Тимати қазақстандық Buhar Jerreau тобына деген таңданысын білдірді

Тимати қазақстандық Buhar Jerreau тобына деген таңданысын білдірді

Ресейлік рэп-орындаушы және продюсер Тиматидің Black Star Inc. музыкалық лейблы қазақстандық Buhar Jerreau тобымен келісім-шартқа отырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Тиматидің айтуынша, қазақстандық орындаушылар "өте сапалы әрі әдемі музыка жасайды". Тимати, сонымен қатар, топтың бейнебаяндарының да креативке толы, ерекше екендігін айтып өтті.

Buhar Jerreau. "Мост" (Көпір).

"Менің пайымдауымша, Buhar Jerreau-дың потенциалы өте үлкен.  Біздің басты мақсатымыз таланттардың әуенін көпшілікке таныту, музыкасын тыңдармандарға кеңінен насихаттау. Халық өз беттерімен жұмыс істей алатын осындай жас әрі креативті жігіттердің бар екендігін білуі керек", - деді Тимати.

Buhar Jerreau-лықтардың айтуынша, олар жұмыстарын барлық орындаушылар секілді туындыларын интернетке жариялау арқылы бастаған. "Келіссөздерден кейін екі тарап серіктес болу туралы келісім-шартқа отырды. Яғни, әрбір тарап бір-бірінен бөлек жеке бірлік ретінде қалады", - деді қазақстандық топтың өкілдері.

Buhar Jerreau. "498".

Алматылық Buhar Jerreau ұжымының мүшелері Кеничиро, Ташоки және Шпион өз беттерімен музыка жасап, сөз жазады және өз-өздеріне продюсерлік етеді. Топ мүшелерінің айтуынша, олардың туындылары музыкалық эстетика тұрғысынан Blackalicious және Gorillaz топтарының әуендерімен үндес.

"Бұл іскерлік келісім-шартқа көп үміт артамыз. Black Star - әртістер үшін ең жақсы алаңдардың бірі. Бұл біз үшін өз музыкамызды ел назарына ұсынудың жақсы мүмкіндігі" - деді топ мүшесі Шпион.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: yvi.kz